РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖАҢҒЫРУЫ:
ПРОФЕССОР МƏТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ ЖƏНЕ ХАЛЫҚ ТАҒЫЛЫМЫ
ƏОЖ 930.26(470)
ПРОФЕССОР МƏТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ ЖƏНЕ ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА
А.Ə. Ниязғалиева
Ұстазымыз сау-саламатта, ортамызда болса, 90 жасқа толған мерейтойын тойлап, шəкірттік көңілден шыққан алғысқа бөленіп, өзі білім алып, тұлға болып қалыптасқан қара шаңырағының төрінде отырмас па еді?! «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Ұлық Ұстазға деген құрметімізді республикалық ғылыми-тəжірибелік конференция ұйымдастырумен, тəлімі мол танымдық кештермен есте қалдыруға мəжбүр болып отырмыз. Соңында БҚО-ның ауыз əдебиетінің 5 томдығын, бірнеше əдебиетке қатысты еңбектері мен 300-ге жуық ғылыми мақалаларын, 500-ге жуық қазақ халқының əшекей бұйымдарын жинақтап қалдырған ғалымның тəрбие туралы айтқан пікірлері мен ойлары халықтық педагогикамен ұштасып жатыр. Жалпы педагогиканың бір тармағы болып саналатын халықтық педагогика 2000-жылдары қолданысқа еніп, сөз болса, бұл термин профессор Мəтжан Мақсымұлының еңбектерінде сонау 1994 жылдары сөз болған.
Көреген ғалым орта мектептердің жоғары сынып оқушыларына жəне кəсіптіктехникалық жəне педагогикалық училищелердің студенттеріне арналған оқу құралын «Қазақ тағылымы» деп атайды да «педагогика» деген сөзді арабша «илими тəрбия» деп аударған. Түсіндірме сөздікте « Тағылым-тəлім, үлгі-өнеге» делінеді де Абайдың:
Ел ішінде сау келсең,
Тағылым айтпас ер ме едің? Жол көрсетіп сонда өлсең, Арманым бар дер ме едің?
М. Əуезовтің бала «Ата-ананың тағылымымен өседі», Қ. Бекхожиннің «Ақылын ағалардың тағылым тұттық, ар-ұят ұялаған кеудемізге» – деген сөздерін келтіреді.
Х.К. Барановтың «Арабша-орысша»сөздігінде Педагогика сөзін «фаниум талимун(тахлимат)» деп аударған. Тағылым деген қазақ сөзінің мағынасы кеңірек, ауқымырақ, тереңірек. Ол үлгі-өнеге, ақыл-нақыл, кеңес-ұлағат, тəлім-тəрбие, өсиет-
уағыз, жөн-жосық деген ұғымдардың қосынды, жиынтық мағынасы деп тұжырымдайды. Қазақ тағылымдарының негізгі бағыттарын көрсетеді. Олар:
1. Көргенді атану, яғни ата-ананың берген жақсы тəрбиесін алу, өйткені əр ата-ана баласына тек жақсылық тілейді. Халық бұл турасында: «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал», «Ағаны көріп іні өсер, апаны көріп сіңлі өсер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Көргені көп көш басында» деген небір дана сөздер қалдырған.
2. Ар, ождан тазалығын сақтау. Дана халқымыз ұлдың да, қыздың да абыройын ерте бастан ойлаған. Ер баланың екі сөйлемеуіне, берген сертінде тұруына көңіл бөлсе, ал қызға қырық үйден тыйым салып, ар тазалығын ойлаған. Бүгінде ше? Ұлдан ұлық, қыздан қылық кеткен кез келді. Нəпсінің құлы болған жігіттер мен «көкек аналар» атанған қыздар көбеюде.
3. Иманды, инабатты, қайырымды болу. Иманға жүгінеміз деп өзге діни ағымдардың жетегінде кету белең алған кез. Фəни дүниенің есігін ашқызып, жарық дүние сыйлаған ата-ананы қарттар үйіне тапсырып, өздері қартаймайтындай күй кешіп жүрген қайырымсыздарға не айтарсың?!
4. Əдет-ғұрыпта жоқ нəрселерден аулақ болу. Құмар ойындар ойнау, жеңіл жүріске салыну, наркотикке тəуелді болу, ащы су мен темекіге үйір болу – ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне зиянын тигізетін, салауатты өмір салтын ұстануға нұқсан келтіретін бірден-бір кедергілер.
5. Сегіз қырлы, бір сырлы болу, яғни білімді, өнерлі болып, достық пен татулықты сақтап, еліңнің, туған жеріңнің гүлденуі мен баюы үшін тер төгіп, еңбек ету. Бұл турасында халқымыз: «Өнерлі өрге жүзер», «Жігітке жеті өнер де аз», «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Туған жердің түтіні де ыстық» т.б. даналық сөздерді туғызған. Өмірімен де, өнерімен де əлемге Қазақ Елін танытып жүрген мақтаныштарымыз бен майталмандарымыз қаншама!
Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, егемен ел болып, еңсемізді тіктеп жатқанда ұлттық болмысымыз бен ұлттық салт-дəстүрімізді, əдет-ғұрпымызды ұлықтайтын кез жеткен тəрізді. Ол үшін ғалым əңгіме еткен қазақ психологиясы мен қазақ философиясына үңілсек: «Сенің кім екеніңді түр-түсіңе, сөйлеген сөзіңе, бөрік киісіңе, аяқ басуыңа, инабаттық қимылыңа қарап айыратын да, танитын да қазағым нағыз психолог екен ғой» – дей келе, құмарлық пен құштарлық өзгерсе, бəрі де өзгеруі мүмкін. Құмарлық пен құштарлық қазақ жастарының зейінділігі мен зеректігін жоғалтуда деп бүгінгі күн жастарының өміріне алаңдаушылық білдірген. Ал зейін мен зеректік сананың жемісі, ол сөйлеу арқылы көрініс табады. Сөйлеу үстінде ғана адамның ұстамдылығы, қызбалылығы, қабілеттілігі, бейімділігі, естілігі, қиялдау, қызығушылығы, бірбеткейлігі, адалдығы, сезгіштігі, байқағыштығы, қыңырлығы, шыншылдығы, мейірімділігі, қарапайымдылығы байқалатындығын атап көрсеткен.
Философия – ғылымдар шыңы, таза ойлау, адал сөйлеу жүйесі. Бірақ ол ғылым ауыз əдебиетінен биік емес. Қазақ философиясы – ауыз əдебиетімізде. Халқымыз: «Бидайдың басын көтергені – дақылы жоқтығы, жігіттің басын көтергені – ақылы жоқтығы», «Жақсының өзі өлсе де, ісі өлмейді», «Барында ғұмырыңның ойна да күл, сұм дүние өте шығар көз жұмғандай», «Көп қорқытады, терең батырады», «Дүние жеткізбейді қуғанменен, өтеді күндер шіркін думанменен. Жатасың жалғыз өзің жапан түзде, атадан алтау болып туғанменен» немесе ел арасындағы «Орақ-Мамай»жырынан Мамайдың бес баласының жатқан жатысына қарап балаларының батыр, асқан ақыл иесі, мырза, намысшыл болатынын көсіліп жатқанынан, екі қолын шалқасынан тастап ұйықтауынан, екі жұмырығын түйіп жатқанынан,күлімсіреп ұйықтауынан, қабағы ашықтығынан байқап білгендігін əңгіме отырып, халқымыздың байқампаздығын аңғартқан. Қазақ философиясы бала тəрбиесіне зор мəн беріп: «балаңды 5-ке дейін патшаңдай күт, 7-ден 15-ке дейін қосшыңдай сана, 15-тен кейін құрдасыңдай сыйла» – дейді. Патшаңдай күт дегені – қамқоршы бол, өсір-мəпеле, баулы дегені, қосшыңдай сана дегені – жəрдемшің ет, жұмысқа сал, еріншектіктен аулақ ұста дегені, ал құрбыңдай сыйла дегені – балаң енді есейді, ақыл иесі болды, енді өзіңмен теңдес болды деген астарлы ойды білдірген деген ой айтады. Жас өскінді бұлайша тəрбиелеу жалпы педагогика қағидаларымен үндесіп жатқандығы белгілі.
Сондай-ақ əжелер мен қыз-келіншектер тағылымы, шешен-билер тағылымы, қазақтың кəсіп-тіршілігі де, ақсақалдық мектебі де, Сырым сабақтары да тұнып тұрған халықтық педагогика екендігі даусыз.
Ел болып талдап, талқылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында профессор Мəтжан Мақсымұлы сөз еткен салмақты да салиқалы ойларды санамызда жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа сіңірсек, Ұлық Ұстаздың рухы риза болар еді!
ƏОЖ 17.01