ПРОФЕССОР М. М. ТІЛЕУЖАНОВ ЖАНЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ТАҒЫЛЫМЫ

ПРОФЕССОР М.М. ТІЛЕУЖАНОВ ЖƏНЕ ҰЛТТЫҚ ТƏРБИЕ ТАҒЫЛЫМЫ

 

Г.Н. Бижанова,  Ж.К. Сапарова

 

Бүгінде Қазақстан үшінші жаңғыру кезеңіне қадам басып, болашақта жаңа белестерді бағындыруды көздеп отыр. Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты басымдығы – рухани даму мен жаһандану кезеңіндегі бəсекеге қабілеттілік. Ал тəуелсіз еліміздің іргесін нығайтудың кепілі – заман сұранысына сай өскелең ұрпақтың бойында рухани, ұлттық жəне адами қасиеттерді қалыптастыру.

Мəтжан Мақсымұлының «Халық тағылымы» [1], «Астарлы əзіл», «Ел əдебиеті» [2] атты монографиялық, ғылыми-публицистикалық еңбектері, сонымен қоса қазақ əдебиетін оқыту мəселелеріне арнаған қилы тақырыптағы: «XX ғасырдағы қазақ əдебиетіндегі сатиралық шығармалардың көркемдік иірімдері», «Ғабит Мүсірепов əңгімелеріндегі юморды оқыту жөніндегі методикалық ұсыныс», «Махамбет Өтемісов творчествосы туралы қосымша материалдар», «Сатира мен юморды мектепте оқытудың кейбір мəселелері», «Сырым Датов жəне оның шешендік сөздері», «Қазақтың халықтық педагогикасының кейбір мəселелері», «Термелер» деп аталатын еңбектері жоғары дəрежеде жазылған ғылыми зерттеу жұмыстары, ғалымның қажырлы еңбегінің жемісі, күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған құнды еңбектер.

Профессор М.М. Тілеужановтың еңбектерін тұтастай алып қарасақ, барлығын қамтыр ортақ желі – халық тағылымына деген сүйіспеншілік жəне оны ұрпаққа жеткізуді мақсат етуі. «Халық тағылымы» еңбегі – ауыз əдебиетінің озық үлгілерін пайдалана отырып, қазақтың ұлттық педагогикасының негізгі шарттарын айқындаған тағылымы мол дүние. 

«Тағылым» деген сөздің мағынасы кең, ауқымды, тереңірек. Оған бүкіл тəрбие мəселері кіреді. Оның сыртында, поэзия тағылымы, ақын-жазушылар тағылымы, билер мен шешен сөздер, қанатты сөздер мен нақыл сөздер тағылымы, мақал-мəтелдер тағылымы, батырлар тағылымы, қоғам қайраткерлерінің тағылымы, ескерткіштер тағылымы, қажет десек, жекелеген Абай, Мұхтар, Ғабит, Бауыржан, Мұқағали, Махамбет, Қадыр т.б. тағылымдарын атауымызға болады»[3].

М.Мақсымұлы қазақ тағылымының негізгі бағыттары деп: «Көреген атану – қазақ тағылымының басты шарты, не нəрсе болса да, көз жеткізу, иландыру, нандыру, шындық пен əділдіктен, ақиқаттан айнымау, берген антыңа берік болу, аманатқа борышты болмау; Ар, ождан тазалығын сақтау, ақыл-ойлы, парасатты болу, барлық ісəрекетіңнен, сөйлеген сөзіңнен, қарым-қатынасыңнан, көзқарасыңнан ғибрат иісі шығып тұру; Ерте тұр, кеш жат, аз сөйле, көп тыңда, сөзің жерде қалмасын, иманды, инабатты, қайырымды болу, жас ұрпаққа тəрбие беруден жалықпа – ол парызың; Халық дəстүрлеріне берік бол, оны жаңартудан, əдет-ғұрыпта жоқ нəрселерден аулақ болу; Сегіз қырлы, бір сырлы болу, рухыңа кір салмау, үлкендерді тыңдау, құрметтеу, өз қатарыңнан кем қалмау, асып-таспау, достық пен татулықты қадірлеу, ел берекесін сақтап, оның баюына үлес қосу. Бұлар қазақ тағылымының негізгі қағидалары болып та есептелінеді». «Халық тағылымы» еңбегінде, қазақ тағылымының ең бір зор үлгісі: айқындылық, ашықтық, жариялылық, əркім көзі көргесін, иланарлық, оның дұрыстығына көз жеткізерлік, əбден сенім молайғандықтан, тағылым алмасқа, үйренбеске, оны ғадетке айналдырмасқа амалы жоқ болғасын, əдетке айналдыру – қазақ тағылымының бірінші қағидасы екенін атап көрсетеді. М.М.Тілеужановтың «Халық тағылымы» еңбегіне назар аударсақ, қазақ баласының адам болып қалыптасуы үшін ұлттық тəрбие мəдениетіміздің қағидаларын басшылыққа ала отырып, көрегенділік пен естілікті дамыту екенін көреміз. 

Ғалым ағамыз ешқашан бір тақырыптың немесе бір мəселенің қазығын айналған емес, ол қазақ философиясы, тарихы, педагогикасы, психологиясы, жаратылыстану мен экономикасының ерекшеліктерін ашып, ұлтымыздың осы салалар бойынша саналық өсіп-жетілу кезеңдерін ғылыми тұрғыда дəлелдеп, объективті тарихи уақыт пен кеңістіктегі ұлттық үлесімізді мойындатумен бірге, осы салаларды күйттеп жүрген зерттеуші ғалымдарға тосыннан ой тастап, тіпті пікір таластыра алатын білікті ғалым болатын.

М.М. Тілеужанов ұлттық əдебиеттану саласында тек қазақ сатирасының ғана бағын ашып қойған жоқ, ол қазақ тарихына, фольклористикасы мен этнографиясына да толағай жаңалықтар қосты. Өзінің халық ауыз əдебиеті төңірегіндегі салмақты ойтұжырымдарын 5 томға жинақтап, Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясының М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының қолжазба бөліміне көзінің тірісінде өз қолымен табыстады. Бұл еңбектері елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның қиыр шетіндегі Жайық бойының фольклоры жалпықазақстандық фольклор қорына қосылған алтын қазына болуымен бірге, оның өзіндік локальды ерекшелігі арқылы фольклортану ілімінің географиясын кеңейтті, семантикасын байытты. Аты қолжазба болғанымен, басылымын күтіп жатқан ұстазымыздың ас та төк мұралары талай ғылыми ізденістерге ой жалғау болды. Қазақстанның алыс аймағында жүрсе де, бар аймақтың халықтық мұраларына типологиялық-салыстырмалы немесе ретрологиялық талдауларды сауатты жасайтын ғалымның ғылыми толғамдары өзінің тінінен туындап жататын, бұрын ешкімнің ойына да келмеген Мəтжан Мақсымұлының төл идеялары жалпықазақстандық ізденушілердің талай кандидаттық, докторлық диссертацияларының тақырыбына айналды [4]. 

Мəтжан Мақсымұлы – рухани ұстаз болумен ғана шектелмеген, сұлулықты сүйетін талғампаз эстет. Соның нəтижесі болар, еліміздің аяғы жеткен жерлерінен халқымыздың ұстап-тұтқан ежелгі тұрмыстық, қолөнер бұйымдарын, зергерлік жауһарларын жинап, 300-ден астам экспонаттарды тас түйін көрмеге лайықтаған алғашқы жидашы десек те артық айтқанымыз емес. Себебі оған артында қалған мұралары куə. Осы экспонаттардың бəрі дерлік М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басты мұражайы мен қазақ филологиясы кафедрасының жанында 1954 жылдан бері қызметін жалғап келе жатқан М.М. Тілеужанов атындағы фольклорлық-этнографиялық кабинетте сақтаулы, ал кейбір елеулі нұсқалары облыстық өлкетану мұражайының құрметті орнында жасақталған.

Тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салтдəстүрлерді дəріптейтін, кеудесінде патриоттық сезімі, жүрегінде иманы бар, еліміздің еңсесін биіктетіп, туымызды көкке желбіретін жастар елімізге қашанда қажет. Сондықтан қазіргі білім заманында тек сапалы білім берудің жолдарын жанжақты қарап қоймай, саналы жəне ұлттық тəрбиенің оқушылар санасында қалыптасуына ықпал жасауымыз қажет. 

Елбасымыз Н.Ə. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дəстүрлеріміз, тарихымыз, тіліміз бен музыкамыз, əдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мəңгі қалуы тиіс. Абайдың даналығы, Əуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мəдениетіміздің бір парасы ғана» деп көрсеткен болатын. Осы қатарда профессор Мəтжан Мақсымұлы Тілеужанов секілді ғалымдарымыздың да артында қалған мол мұралары  кейінгі ұрпаққа насихатталуы тиіс. Əдебиет, тарих секілді пəндерді оқыту барысында ғалымның еңбектерімен таныстырып, оның рухани жəне ұлттық тағылымын оқушылардың бойына сіңіру қажет. Себебі, заманның өзі рухы мықты тұлғаларды, халқымыздың тарихи мұраларын қастерлеп оқып-біліп, келешегіміздің нəрлі қайнарына айналдыруды талап етуде. Бұл орайда Мəтжан Мақсымұлы Тілеужановтың ұлттық тағылымының маңыздылығы арта берері анық. 

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.  Тілеужанов М. «Халық тағылымы». – Алматы. Рауан, 1999. 

2.  Тілеужанов М. «Ел əдебиеті». – Алматы. Ана тілі, 1992. 

3.  Сейдімбеков А. «Мың бір маржан». – Алматы. Өнер, 1989. – 256 б.

4.  Уахатов Б. «Алтын бастау». – Алматы. Рауан, 1993. – 160 б. 

 

 

 

ƏОЖ 82.52(574)

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *