ПРОФЕССОР МӘТЖАН ТІЛЕУЖАНОВТЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСЫ

ПРОФЕССОР  МƏТЖАН ТІЛЕУЖАНОВТЫҢ  ҚАРА ӨЛЕҢ  ТУРАЛЫ  КӨЗҚАРАСЫ

 

З.Ж. Мүтиев,  Г.Ө. Қазкенова

 

Қазақ əдебиеттану ғылымының сан саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, артына мол рухани мұра қалдырған ғалымдарымыздың бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мəтжан Мақсымұлы Тілеужанов.

 Жидашы-фольклоршы ғалым М. Тілеужанов еңбектерінің бірқыдыруы халықтық тəлім-тəрбие [1] мəселелеріне арналса, енді бірі қазақтың қара өлеңін [2] зерттеп, зерделеуге арналған. Ауыз əдебиетінің білгір маманы, оның кəсіби зерттеушісі ретінде ғалым қазақтың  қара  өлеңін зерттеуге терең пайым, өзіндік көзқарас тұрғысынан келеді. Профессор М. Тілеужанов өзіне дейінгі зерттеушілер Б. Уақатов [3],

А.Сейдімбеков [4], сонымен бірге М. Əлімбаев, О. Асқаров, С. Ақатаев, Қ.Мырзалиев

т.б. айтқан ой-түйіндерді одан  əрі  дамытып,  жетілдіріп  отырды.

Əрине, əрідегі ғылым тарихына көз жүгіртсек Ш. Уəлиханов, Ы.Алтынсарин, В.В. Радлов, В.А. Гордлевский, Ə. Диваев, кеңестік дəуір тұсында М. Əуезов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, М. Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, З. Ахметов, Ы. Дүйсенбаев т.б. зерттеу еңбектеріне үңілсек, қара өлең табиғатының тек-тамыры тереңде жатқанын аңғара аламыз.

Ғалымдар түсінігіне ден қойсақ, қара өлең жанр ретінде қазақ поэзиясының қалың қаймағын ұйыстырып келеді. Қара өлеңнің қазақ əдебиетіндегі алар орны, атқарар қызметі ерекше саналады. Қара өлең тек қана қазақ халқының ғана емес, сондай-ақ: «Туысқан өзбек, қырғыз, қарақалпақ, татар, түркімен, башқұрт поэзиясында кездеседі»

[5, 405 б.].

Өз зерттеулерінде М. Тілеужанов қара өлеңнің қасиетін толық ашып, танытуға ден қояды. «Қара өлең барлық мəдениетіміздің атасы сияқты. Сонау заманғы жазба ескерткіштерімізден де қара өлең құрылымы елес береді. Сол сияқты ол одан бергі өнеріміздің қуатты серпініндей жыршы-жыраулардың шығармаларына да, бергі заманымыздың рухани жүйесіне де  негіз болды. Махамбет те салмақты жырларында қара өлеңмен қоректенді, Абай мен Ыбырай да қара  өлеңмен  ауызданды. Қара өлең– дара  өнер  ретінде  барлық өнеріміздің бастамасы» [2, 87 б.] – деп ой түйеді ғалым.

Қара өлеңнің дамуы, өсу жолынан бір ұлттың тұрмыс-тіршілігін, ғұрып-салтын, əлімсақтан бергі жаратылыс-болымысын  танып-білуге, оқып-түюге болатындығына назар аударады. М. Тілеужанов қара өлең табиғатын  түсінудің түпкі сыры, оның санқырлы тарихымен, шығу тегімен байланысты екендігін өз еңбектерінде атап көрсетіп отырды.

Қара өлең дегенде əдетте біз туындының алғашқы екі тармағы мағынадан алыс болып, тек ұйқас сақтау үшін қолданылған деген түсінікке ұйыдық. Ал негізгі айтылмақ идея, ой өлеңнің үшінші жəне төртінші жолдарында жатқандығы анық. Профессор М. Тілеужанов өзінің сан жылдық жинаған мол хрестоматиялық материалдарының көмегіне сүйене отыра қара өлең табиғатының көпшілікке аз мəлім төмендегідей қырларын ашуға ден қойды: 

1)                   Қара өлең қазақтың төл кəсібімен, дəстүрлі шаруашылығымен байланыста өрбіген (мысалы: ат мініп, баптау, құдық қазу, шеген салу).

2)                   Қолтума өнермен  тығыз байланысы бар қара өлеңдер дүниеге келген (мысалы: зергерлік, ісмерлік, көрікшілік пен ұсталық).

3)                   Өлең авторларының (халық) туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі, құрметі аңғарылады (мысалы: жер-су, өзен-көл, тау-төбе т.б.).

4)                   Қара өлеңдердегі жағырапиялық атаулардың, топономикалық есімдердің төркініне үңілді (мысалы: Қараой, Қаратөбе, Қарақұдық, т.б.).

5)                   Қара өлеңнің мазмұнына үңілу арқылы оның шыққан мезгілін, уақытын кезеңін айыруға болатындығына зер салды (мысалы: Орынбор, Тұзтөбе, Ойыл, Жем, Сағыз т.б.).

6)                   Жалпы қара деген қазақ сөзінің қолданылуына қарай ауыспалы мағыналарын  ашуға  ұмтылды (мысалы: қара дүрсін, қара бет, қара таяқ, қара басы, қара тер, қара жаяу емес т.б.).

7)                   Ақын-жазушылар  шығармаларында  кездесетін  қара өлендердің көркемдік  əр,  реңк-бедеріне назар салды (мысалы: Ғ. Сланов «Дөң асқан» романы, Біржан сал «Жамбас сипар», Жаяу Мұса «Сұрша қыз», Құлтума əндерінің мəтіні,  т.б.).

8)                   Қазақ тілінің бар сөз байлығын, эстетикалық танымын, не бір қайталанбас  өрнекті тіркестердің  қара өлеңдер нəтижесінде жазба əдебиетке ізашар, ұйтқы болғандығына сан алуан мысалдар келтіреді (портрет, айшықтаулар мен құбылтулар, эпитет, символ, метонимия, əсірелеу, литота, сарказм, юмор, ирония т.б.).

9)                   Той-торым мен өлім-жітімге байланысты туындаған қара өлең тақырыбының өзгеше сипатқа ие екендігіне көңіл аударып өтті (мысалы: қаралы өлеңдер, ондағы бата сөздер мен жоқтаулар).

10)                Қара өлеңнің даму дəстүрінде қайым өлең мен қайым айтыстың да алар орнын жетілдіре зерттеді (мысалы: қыз бен жігіт айтысы, шілдехана, алты бақан өлеңдері).

Осы айтылғандармен қатар қара өлеңдердегі экологиялық мəселелер, этнографиялық жағдай, діни ұғымдар мен түсініктер де тексеріс көзіне ілікті. Қара өлең – дейді ғалым  М. Тілеужанов, – басқа өлеңдердің атасы мен анасы, қалғандары оның ұрпақтары, мұрагерлері  сияқты [2, 90 б.]. 

Махамбет, Абай, Сұлтанмахмұт, Сəкен нəр алған қара өлең дəстүрі бертін келе «бос сөзден» тазарып, жаңаша өмір салтына еңгені мəлім. Абайдан бастап классикалық сипатқа ие болған қара өлең дəстүрі тек сыртқы қалыбын сақтап қалды. Идеялық мазмұны жаңарып, көркемдік сапасы кемеліне жеткен қара өлең түрі бұл күнде өзін толыққанды ақын санайтындардың шығармашылық сарайының құрметті төрінен орын алған жанр саналады. 

  «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарған» (Мұқағали) ақындар  шоғыры  бүгінде  аса  бай. Өткен  ғасырдың реформатор ақындары Сəкен мен Мағжанның, Ілияс пен Бейімбеттің, Сəбит пен  Қасым жырларының өзегінде де қара өлең өрімінің ізі жатыр. Қара өлең формасын тұтас иеленген туындылар шеруін Сəкеннің «Ақсақ киік», Мағжанның «Сен сұлу», Ілиястың «Бұлбұлға», Бейімбеттің «Мұсылмандық  белгісі», Сəбиттің «Майға сəлем», Қасымның «Жас дəурен» өлеңдері бастаса, қазіргі поэзияда Мұқағалидың «Сарыжайлауы», Қадырдың «Қазақтарды  шетелдік қонақтарға таныстыруы», Фаризада «Үш қара», Мұхтар Шахановта «Танакөз», Ақұштап  Бақтыгереевада «Жан сыры», Жұматай Жақыпбаевта «Туған жерге», Жомарт Игіманда «Ақынды аңсау», Ғайса-Ғали Сейтақта «Құралай» т.б. дүниелер толықтыра түседі.

Майдангер ақындар Ə. Сəрсенбаев, С. Мəуленов, С. Сейітов, ұлт поэзиясының мақтаныштары Ə. Тəжібаев, Т. Əбдірахманова, Т. Бердияров, Ж. Нəжімеденов, Т. Медетбеков, Е. Раушанов, Ұ. Есдəулетов жырларында да қара өлең формасының дəстүрлі ізі, жоталы соқпағы жатыр.

Бағзы заман, өткен дəуір қара өлеңдеріндегі ерекшеліктерді ғалым М.Тілеужанов көзқарасының, талдамасының зерттеу ізімен қарастырсақ, қазіргі поэзияда қара өлең формасының үлгісінде жазылғандықтан қара өлең ұйқасы атын иеленген жыр шумақтарын қай қырынан алсаңыз да поэзия əлемінің сұранысына толық жауап береді. Тақырыбы да сан-алуан, көркемдік қуаты да жоғары, бейнелеу құралдарының шоғыры да  бай. Жалпы өлең – сөздің, əн-жырдың қасиетін ерте сезінген халқымыз құдай берген ғұмырының барлық кезеңін де, қуанышын да, мұңын да өлеңмен өрнектей білген ғой. Əйтпесе «Туғанда дүние есігін ашады өлең (шілдехана, бесікжыры — З.М.,), Өлеңмен жер қойнына кірер денең (жоқтау, жұбату — З.М., Г.Қ.)» (Абай)  айтпас  еді. 

Профессор М. Тілеужанов өз зерттеуінде Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», Қ. Бехожиннің «Өлең – ақындардың удай сөзі», Б.Аманшиннің «Өлең – қам көңілге қасиетті дарусың» деген өлең  оралымдарын мысалға келтіреді. Ғалым пайымын одан əрі тарата, түйінін тарқата түссек, өлеңге деген құрмет, өлең-сөзге деген терең махаббат арғы-бергі ақындардың баршасына ортақ тақырып (мінəжат — З.М., Г.Қ.) па деп қалдық. Мəселен, «Өлеңім он  төрт жастан жолдас едің» (Қашаған), «Өлеңнің аққан көзі едім» (Базар жырау), «Өлең  айтып əн салу – бұ да көңіл көтермек » (Мұрат), «Өлеңім – темір мылтық сегіз қырлы» (Мəделі), «Ғаскерім – өлеңім мен сөздерім » (Шəкəрім), «Көк теңізге шарықтайды өлеңім» (Əбділда), «Өлеңім – полюс жұлдызы» (Тайыр), «Өлең сенің өз еншің, өлең сенің үлесің» (Қадыр),  «Өлеңіммен талайды үйлендірдім» (Тұманбай), «Өлең  деген бар менің бір құдайым» (Жанғали).

Өлең туралы айтылар  сөз қашанда таусылмасы анық. Өлеңнің түрлері де мол: қайым өлең, əн өлең, той өлең, сыңсу, жар-жар, беташар, жоқтау т.б. Алайда «Жоғарыда аталған өлең түрлерінің төркіні – осы қара өлең болса керек» (М. Тілеужанов).

Өлеңді өнердің төресі санаған халқымыз өлең туралы ой өрбітуді де санадан қалыс қалдырмаған. Жидашы М. Тілеужанов жинастырған «Батыс Қазақстанның ауыз əдебиеті» көп томдық қолжазбасында 90 жастағы кейуана  Шақаева Жаңылдың аузынан жазылып алынған қара өлең үзінділері келтірілген. Онда өлең туралы өлеңдердің бірнеше нұсқасы берілген. Мағыналық, тақырыптық ауқымы  əрқалай болғанымен, өлең-сөзге құмарлық пен құрметтің шынайы белгісін осы тіркестерден байқауға болады. Мысалы,  

                       Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер,

                       Қызыл тіл өлең айтса өршеленер

(Батыс Қазақстанның ауыз əдебиеті, V т., 218 б., қолжазба.)

 – деп келетін тармақтардың  қатарын «Сұрауы адамдардың дұрыс-ақ қой, Өтті ғой талай қызық өлеңменен» (V т., 221 б.) немесе «Қара өлең мен айтайын оңдап алып» (V т., 221 б.), сондай-ақ «Тарқайды өлең айтсам іштің  шері» (V т., 222 б.).

Осы тəрізді  өлең  өнерінің қадыр-қасиеті адам болымысының ішкі жан дүниесімен, эстетикалық талап, талғамымен байланыстыру, шендестіру мəселелері ғалым-жидашы А. Сейдімбековтің жинастырған үлгілерінде [4] де көптеп кездеседі: «Өлеңнің  таңдайымда  ұясы бар», «Өлең десе таңдайым тақ  етеді», «Өлең деген немене ой емес пе», «Өлеңменен ер жігіт ер жетеді», «Өлеңге атыңды атап қосып келдім», «Құралық өлең айтып əңгімені», «Өлеңді тіл бастайды, жақ қостайды». Мысал көп.

Бұл дəуірге қалыбы бұзылмай жеткен қара өлеңнің қазіргі ұлт поэзиясының бастау бұлағы бола  алары да кəміл анық. Өлең құдіретін тану-қара өлең табиғатын танудан басталатынын фольклоршы-жидашы ғалым  М. Тілеужанов  өз  еңбектерінде жан жақты зерттеп, зерделеп көрсетті. 

Сонымен бірге профессор М. Тілеужанов өзінің көп жылдық ізденісінде қара өлеңнен өзге қайым өлең, əн өлең, əу-жар өлең, той өлең, құдалық өлең, қоштасу, сыңсу, беташар, айт келін, жұбату, қаралы өлең, жоқтау, бата сөздер т.б. сан қырлы фольклорлық əдебиеттің жанрлық түрлері мен тақырыптық-идеялық, көркемдік ерекшеліктеріне көңіл аударып, назар салды, ол үлгілердің жас ұрпақ тəрбиесіндегі бағытын айқындап, тəрбиелік тəлімін дəріптеді.  

Профессор М. Тілеужановтың алғашқы аспиранты, филология ғылымдарының докторы, профессор А. Мұсаев ғалымның қазақ сатирасын зерттеушілердің алғы сапында болғандығын ерекше атап өтеді: «Əдебиқауым профессор М.М.Тілеужановты қазақ сатирасы мен юморының білгірі санайды. Мəкең кезінде ұлттық күлкінің табиғатын түбегейлі зерттеп, қалыпты қағида қалыптастырған адам. Кезінде бұл жанрға байланысты жиырмадан аса зерттеу еңбектерін жариялап, түрлі басылымдарды жарыққа шығарды. Осы орайда əсіресе «Астарлы əзіл» монографиясының ерекше орны бар» [6, 17 б.].

Түйіп айтқанда қазақ əдебиеттану ғылымына, оны сан-салалы жүйесінің дамуына зерттеу еңбегін арнаған шынайы ғалым М.М. Тілеужановтың ұлттық-эстетикалық байлығымызды танытудағы сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа  үлгі болары жəне жас толқын зерттеушілер қауымына  ой  салары  анық.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.                Тілеужанов М. Халық тағылымы. – Алматы.  Рауан, 1999. – 302 б. 

2.                Тілеужанов М. Ел əдебиеті. –  Алматы.  Ана тілі, 1992. – 176 б.

3.                Уахатов Б. Алтын бастау. – Алматы. Рауан, 1993. – 160 б.

4.                Сейдімбеков А. Мың бір маржан. – Алматы.  Өнер, 1989. – 256 б.

5.                Қазақ əдебиеті. Энциклопедия.  – Алматы.  ҚР БжҒМ.  Қазақстан даму институты, 1999. – 750 б.

6.                Мұсаев А. Профессор М.Тілеужановтың ғылыми мұрасы жəне қазақ сатирасының мəселелері // «Қазақ əдебиеттану ғылым мен тіл білімі: жаңа бағыттары жəне оқытудың инновациялық технологиялары». – Орал.  Аймақтық ғылыми-тəжірибелік конференция материалдары. 27 наурыз 2013 жыл

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *