«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ МӘТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ МҰРАСЫНА КӨЗҚАРАС

 

«МƏҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ЖƏНЕ МƏТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ МҰРАСЫНА КӨЗҚАРАС

 

Б.С. Қайыржанова

 

Елбасы  Н.Ə. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық құндылықтарымызды дəріптеуге, аса жоғары мəн берген. Осы орайда қазақ əдебиетінің бір саласы – халық ауыз əдебиетінің алар орны бір бөлек.

Ондағы тарихи жырлар, эпостар, лиро-эпостық жырлар, мақал-мəтелдер, тұрмыс-салт жырларының бүгінгі өмірдегі көрінісі қандай?    Қазақ фольклорына арналған еңбек аз емес. Олардың ішінде таза ғылыми да, көпшілікке арналған да жұмыстар бар. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері көптеген зерттеу жұмыстары жарық көрді. Осы салада ұзақ жылдар бойына еңбек еткен ғалымдардың бірі М. Тілеужанов болатын. 

М.М. Тілеужанов – шынында да, жақұттай жарқыл қаққан, жан-жақты білімді, мамандығы əдебиетші болса да, бүкіл қоғамдық ортадағы жекелеген ғылым салаларының бəрінен дерлік хабары бар феномен тұлға еді. Қазақ əдебиетінің жанрлық жүйесіндегі ең жолы ауыры – сатира жанрына тіс батыру немесе ұлттық күлкінің табиғатын ашу оңай іс емес, жүрегіне шер қатып, жетімдіктің жан азабын тартып өскен Мəтжан Мақсымұлының өзі күлкіні білмей өссе де, қазақ күлкісінің көбесін сөгіп, ішегінің қырындысына дейін талдай білуі, сатираның көпнұсқалы, көпфункциялы, көпжанрлы, көпсатылы этникалық ерекшеліктерін туған əдебиетіміздің дəуірлік өсіпжетілу қадамдары бойынша дəстүр жалғастығын сақтай отырып сауатты түрде жіктеп, айнадағыдай бейнелей білген қабілеті мен шеберлігіне тəнті боламыз. Мəтжан Мақсымұлының қай еңбегінен де оның халықтық немесе кітаби тəрбие алған жан екендігін жақсы аңғаруға болады. Жастайынан өмірінің бəрі дерлік тіршіліктің ақ пен қарасының ара жігін ажыратумен, шындық үшін күрестерден тұрғандығынан ұстазымыз көбіне қарапайым тіршіліктегі құбылнамадай құбылып жататын кейбір құйтырқы іс-əрекеттермен аяусыз күресем деп жүріп, көпшілікке жақпай да қалатын. Əрбір ғылыми мақаласының өзінен-ақ Мəтжан ағайдың төл мінезі мен характері, ішкі толғаныстары есіліп тұратын шынайы да шабытты қаламгер болатын. Оның шығармалары да өзінен аумайды, пікірлері де ұстазымыз ғана айта алатын пікірлер мен батыл ойлардың кені болатын. Ол ұстаздықпен ғана шектелген емес, алыстан болжап, күнде көріп жүрген жайлардың жұрт көрмеген тұстарын байқайтын қырағы қоғам қайраткері де еді. Ел жағдайының сан-саласында белсенділік танытып, жанды идеяларымен көпшілікті қанаттандыра да білді, тентектерді тезге салып, жастарды ұлтшылдыққа емес, ұлтжандылыққа тəрбиелеудің тиімді əдістерін өзінің төл əдебиетінің тінінен тауып, ізіне ерген жас буынды демде адам танымастай жақсы қасиеттерге баули білді. Мəтжан Мақсымұлының өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдардағы туған ана тіліміз үшін болған ұрыста да, тұрыста да ұстанған мақсат-мүддесі батысқазақстандықтарға жақсы таныс. Елінің нағыз ұлтжанды азаматы ретінде ана тіліміздің болашағы туралы келелі ойларын ақпарат беттеріне күнделікті жариялап отырды. Облыстық, қалалық «Қазақ тілі» қоғамдарының ең ортасында жүріп, олардың іс-əрекеттерін бағыттауда жəне бақылауда да білгірлік танытты жəне оның салмақты ойлары қай ортаның да қажетінің орнын толтыра білді. Қай қоғамдық идеологияның да жақсылы-жаманды тұстарына саналы көзқарасын білдіріп, сапалы ісəрекетін аямайтын, шындықтың қай түрін де күлбілтелеуді сүймейтін Мəтжан Мақсымұлы тəуелсіздіктің жылы лебі есе бастаған алғашқы сəттерде-ақ «құр айқайлардан» аулақтап, еліміздің жаңа заманғы қадамдарының рухани «глашатайына» айналды. Бұрыннан бүкіл өмірін арнап келген сүйікті істеріне қолдау таппай жүрген жидашы кең тынысты еркін елдің өткен-кеткенін ерекше ыждағаттылықпен қайта қарастырып, ұлттық мұрамыздың рухани-материалдық мүкəммалдарын бір арнаға тоғыстырды. Оның негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары əдебиеттің мүлдем басқа саласынан болғанымен, халықтың ауыз əдебиеті мен этнографиясы жөніндегі білігіне ешкім тең келмейтін еді. Мəтжан Мақсымұлының көзі тірісінде өз қайратымен жарыққа шығарып кеткен: «Астарлы əзіл», «Ел əдебиеті», «Халық тағылымы» атты монографиялық, ғылыми-публицистикалық еңбектеріне қоса, қазақ əдебиетін оқыту мəселелеріне арнаған қилы тақырыптағы: «ХХ ғасырдағы қазақ əдебиетіндегі сатиралық шығармалардың көркемдік иірімдері», «Ғабит Мүсірепов əңгімелеріндегі юморды оқыту жөніндегі методикалық ұсыныс», «Махамбет Өтемісов творчествосы туралы қосымша материалдар», «Сатира мен юморды мектепте оқытудың кейбір мəселелері», «Сырым Датов жəне оның шешендік сөздері», «Қазақтың халықтық педагогикасының кейбір мəселелері», «Термелер» деп аталатын еңбектерінің бəрі дерлік тақырыптық жүйесіне сай сауатты жазылған құнды еңбектер ретінде оқу-тəрбие үдерістерінде əлі күнге кеңінен қолданылып келеді. Сұңғыла ғалымның ғылыми еңбек жазудағы бір ерекшелігі – қайсыбір жандардың белгілі бір дəрежеге жетіп, атақ пен беделге ие болған сəтінде алды-артын ойлап көбіне айтар сөзі мен батыл ойларын айтпай қалатынындай емес, ол өзінің санасындағы идеалы үшін бəрін де тəрік етуге дейін баратын пікірлі жан еді. М.М.Тілеужанов ұлттық əдебиеттану саласында тек қазақ сатирасының ғана бағын ашып қойған жоқ, ол қазақ фольклористикасы мен этнографиясына да толағай жаңалықтар қосты. Өзінің халық ауыз əдебиеті төңірегіндегі салмақты ой-тұжырымдарын 5 томға жинақтап, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының М.О. Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының қолжазба бөліміне көзінің тірісінде өз қолымен табыстады. Бұл еңбектері елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның қиыр шетіндегі Жайық бойының фольклоры жалпықазақстандық фольклор қорына қосылған алтын қазына болуымен бірге, оның өзіндік локальды ерекшелігі арқылы фольклортану ілімінің географиясын кеңейтті, семантикасын байытты. Аты қолжазба болғанымен, басылымын күтіп жатқан ұстазымыздың ас та төк мұралары талай ғылыми ізденістерге ой жалғау болды. Қазақстанның алыс аймағында жүрсе де, бар аймақтың халықтық мұраларына типологиялық-салыстырмалы немесе ретрологиялық талдауларды сауатты жасайтын ғалымның ғылыми толғамдары өзінің тінінен туындап жататын, бұрын ешкімнің ойына да келмеген Мəтжан Мақсымұлының төл идеялары жалпықазақстандық ізденушілердің талай кандидаттық, докторлық диссертацияларының тақырыбына айналды. Фольклор – сөз өнері. Өнер болу үшін ең əуелі көркемдік қасиет жəне орындаушы мен тыңдаушы болуы керек. Қазақ қоғамында фольклор осы үш шартты түгел орындаған, тіпті, одан да кең ауқымды қамтыған. Фольклор – əрі əдебиет, əрі театр рөлін атқарды, оның шығарушылары əрі орындаушылары – жыршы мен ақындар, сондай-ақ тыңдаушылары мен көрермендері болды. Сондықтан фольклор өзіндік көркем əдіс, бейнелеу тəсілдер мен көркемдеуіш құралдар жасап, орнықтырды. Бұл процесте ол ежелден келе жатқан ұғымдар мен нанымдарды, мифтер мен басқа да ескі жанрларды пайдаланып, оларға басқа сипат дарытты, эстетикалық міндет артты. Сөйтіп, алғашқы қауымға тəн мифтік сананың жемісі көркем құралға айналды, бейнелілікке жəне метафораға негіз болды. Көркем фольклорлық жанрлар туып, қалыптасты, ертегілер, жырлар, дастандар ең алдымен эстетикалық, сейілдік, содан соң тəрбиелік, т.б. мақсат тұтты. 

Тəуелсіздікке қол жеткеннен кейінгі тұста қазақ фольклорының бұрын шет қалып жүрген жанрлары, əсіресе, тарихқа, əдет-ғұрыпқа, наным-сенімге қатысты түрлері қайтадан активті процесті бастан кешіруде. Үйлену салты бойынша орындалатын жар-жар, беташар сияқты жанрлар жаңаша түрде, соны мазмұнмен айтылатын болды. Егер ертеде жар-жар қыз ауылында жігіттер мен қыздардың диалог түрінде айтылатын өлеңі болса, бүгінде тойға жиналған қауым түгел бірігіп айтады, ал беташар мазмұн жағынан мүлде өзгеріске түсті. Қазіргі таңда ескі халық əндері мен күйлері де, қолөнер бұйымдары да жаңа сапада көрінуде, сөйтіп олар елдің бүгінгі мəдени қажеттігін өтеп отыр. Əндер мен күйлер жаңаша  Оранжировкаға түсіп, ұлттық музыкалық аспаптар эстрадалық аспаптар мен техникалық құралдардың қосындысы арқылы соны саздық əуенге, ырғаққа, эстетикалық мəнге ие болды. 

Сонымен ойымызды қорыта айтқанда, жаңа дəуірде қазақ фольклоры нағыз көркем өнер болып қалыптасып, бізге классикалық мұра əрі өнер түрінде жетіп, бүгінгі мəдениеттің бір бөлігі ретінде өмір сүруде, қоғамға қызмет етуде.Қалай дегенде де елдің елдігін, ұлттың ұлттығын танытатын басты белгі – өзінің төл мəдениеті. Қай мемлекетте де қадірлі қонақтар, шетелдік туристер сол елмен танысқанда оның зауытына, фабрикасына бармайды, музейлеріне, концерт залдарына барады, бұл елдің қандай байлары болған, қазір қандай бизнесмендері бар демейді, қандай ұлы жазушылары, ақындары, композиторлары, суретшілері болған, қазіргі мəдениетінде əлем таныған қандай тұлғалары бар дейді. Өйткені, халықтың жаны мəдениетінен танылады. Сондықтан да Елбасының елдің ұлы мұраттарын белгілеген Жолдауындағы «Жалпықазақстандық мəдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мəдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын əзірлеу қажет» деген сөздер əр қазақтың жанына жаққаны анық. Бұлай етуге бізде берік негіз де бар. Кезінде, «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қоғамдық кеңес отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов басқаратын «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар да қазақ халқының аса бай ауыз əдебиеті мұрасын жинақтап, ұрпақ қолына табыстауда үлкен рөл атқаратын жоба деп білемін. Ендеше, осы бағытта алған қарқынды жоғалтпай алға баса берген абзал» деген болатын.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1. Қазақ əдебиетінің тарихы. І том, 1-кітап.  – Алматы, 1960. 715 б.

2.Тілеужанов М. Халық тағылымы. – Алматы. Рауан, 1999. – 302 б. 

3.Тілеужанов М. Ел əдебиеті. – Алматы. Ана тілі, 1992.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *