ИЛЛЮЗИЯ ЖƏНЕ РЕАЛИЗМ ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ ЖАНРЫНДАҒЫ ОЙЫН ӨЛШЕМІ РЕТІНДЕ
Г.Е. Қуанышқалиева
Қазіргі замандағы əр түрлі арнайы ғылымның жедел қарқынмен дамуы тек өндірістік салада ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық, əлеуметтік салаға ықпал етіп, соның ішінде сөз өнерінің түрлі жанрлық құрылымдарының трансформациялану құбылысына да алып келді.
Əрине, көркем əдебиет осынау тарихи-əлеуметтік құбылыстарға дереу үн қосып жатпаса да, сол жаңалықтардың жаңғырығын сезіну, əсерлену үдерісін бастан кешпеуі мүмкін емес еді. Бірақ қазіргі əдебиет ұраншыл əдебиет болып табылмайтыны мəлім. Бұл да тəуелсіздіктің демократиялық ұстанымдары əперген бағалы жетістік саналса керек. Əдеби үдерісте бұрыннан бері үстемдік етіп келе жатқан реалистік, романтикалық əдістер модернистік жəне постмодернистік, неореалистік бағыттармен толыса бастады [1, 54 б.]
Постмодернистік кеңістіктегі трансформациялану құбылысына əсіресе проза саласы, оның ішінде күрделі роман жанрының жиі ұшырауда. Соңғы жылдардағы біздің қоғамымыз діни-мистикалық қайта өрлеуді басынан кешіргендей күй кешуде. Бұның себебі де жоқ емес, өйткені кешегі құдайсыз қоғам адам сеніміне шектеу қойғаны мəлім. Осы жайттар қазіргі сөз өнерінің нысанына жиі алынып отырғанын байқаймыз. Қаламгерлер аталған мəселені жеткізуде əдеби көркем шарттылықтың түрлі тəсілдеріне бой алдырып, адамның ішкі психологиялық иірімдеріне үңіліп, түрлі образдар арқылы қазіргі қоғамға лайық моральды-этикалық құндылықтарды суреттеуге күш салып келеді. Осы бағытта қазіргі қазақ прозасында жиі байқалатын тенденциялардың бірі образдардың психологиялық табиғатын ашуда қаламгерлердің иллюзияланған елес, адамның екіге жарылуы, өзімен өзі тілдескен, не болмаса адамның санасынан тыс тылсым күш иесінің əрекеттерін, мистикалық суреттеуге бейімдігі жиі ұшырайды. Бұл əдебиеттану ғылымында иллюзияның тəсіл ретінде модернистік жəне постмодернистік кеңістіктегі қаламгерлерде жиі қолданысын көрсетеді. Оның ішінде қазіргі қазақ əдебиетінің өкілдері де бар. Бұл турасында ғалым Б.Қанарбаева: «Модернистердің басты ерекшелігіне тоқталар болсақ, өздерінің эстетикалық əлемдеріне берілген томаға тұйық болып келеді. Өздерінің ішкі сезімдерінің ықпалы мен топшылауға бейім тұрады. Психологиялық талғамдарына ден қойсақ, өмірдің шындығымен сананың тазалығын басшылыққа алады. Адамдар мен олардың ісəрекеттерінде əділдік пен тазалық болуы керек, олай істемесе барлық жамандықтың соңында жазалаушы болады деген мистикалық сезімдерге бой алдыратындықтан, діншіл ме, деген пікірде тастайды. Сол себепті модернист суретшілер өмір шындығын ойдан шығарылған елеспен де бейнелеп береді. Олар үшін автордың ойын қалай жеткізгендігі емес, айтылар ойдың еркіндігі алғашқы орынға қойылуы керек» [2, 13 б.], – деп тұжырымдайды. Иа, ғалымның пікірінен, қазіргі көркем əдебиетте спритизм мен гипнозды, галлюцинациялық елестерді, иллюзияны пайдалану арқылы шығармалар жазуды қолдайтын қаламгерлер қарасының жиілегенін байқаймыз. Аталған мəселе əдебиеттану ғылымында сюрреализмнің етек алуымен байланысты əдебиет пен өнерде «қосалқы, ұқсас» образдар туралы тұжырымдарды қалыптастырып, адамның психикалық жағдайын өзінің ойымен оңашалану, қоғамдық орта мен адамнан томаға тұйықтыққа ұмтылысы, жалғыздық сарын мен жатсынуға əкелді, сондай-ақ əртүрлі ағым-бағыттардың əсерінен қоршаған орта туралы шындығын түрлі қосалқы образдар, елестер, иллюзиялық құбылыс ретінде суреттеуге жеткізген. Яғни екінші атауы өмір шындығын жеткізудегі тəсіл ретінде көрінеді.
Иллюзия – ақиқат шындыққа сəйкес келмейтін образ, қабылдау формасы [3].
Қазіргі қазақ прозасындағы көрем əдебиеттегі иллюзиялық құбылыстарды талдау табиғат пен адам жаратылысындағы сан түрлі əлеуметтік құбылыстардың жұмбақтарын қабылдау туралы ойға жетелейді. Иллюзия құбылыс ретінде ежелден бері халық арасында ерекше қолданысқа ие, сондықтан да əдебиеттануда иллюзиямен мистика қатар қолданылады. Себебі адамзат баласының еркінен тыс басқа бір əлемнің екінші əлем, о дүние туралы білуге деген саналы түрде қажеттілігі мен ойлауы əртүрлі иллюзиялық құбылыстарға сенуге əкелді. Бұл тəсілді сиқыршылар, əртүрлі бақсыбалгерлердің жиі қолдануы бір бөлек болса, көркем əдебиеттегі илюзияланған елес, өң түс арасындағы адамның психикалық күй-қуатының арасындағы адамның жағдайын суреттеуде белсенді қолданылады. Сондай-ақ алғашқы əдеби шарттылықтан ауытқып, мифологияны өзіндік трансфорациялау арқылы мүлдем басқа арнада қолдану да иллюзиялық образ жасаудың бір бағытына айналып отыр. Бұл бағытта А. Смайыл, А. Алтай, Д. Амантай, Р. Мұқанова, С. Досжан т.б. қаламгерлердің романдарында көрініс тауып отыр.
Адамзат тарихына көз жіберсек, иллюзиялық құбылыстар барлық жер шарында «магикалық рухты» тарату үшін қызмет етті [4].
Иллюзиның екі түрін ажыратуға болады: табиғи жəне жасанды. Біріншісі өмірдің өзінде кездеседі жəне əртүрлі объективті жəне субъективті характерде сипатталады, ал екіншісі ғалымдар мен көркем өнер туғызушы суретшілер мен қаламгерлердің өзіндік шығармашылығы арқылы ойдан шығарылады, яғни көркем шарттылық мəселесіне келіп тіреледі. Алғашқысы иллюзианистер арқылы цирк ареналарында, түрлі сахналық шоуларда көрсетілсе, екіншісі қағаз бетіне түсірілген əртүрлі суреттер мен сөзбен сомдалған алдамшы елес, қосалқыобраздар арқылы көрініс табады. Бірақ екеуі де генетикалық тұрғыдан алғанда адамзат баласының өзіндік қажеттілігінен туындайды деген жауапқа келуге болады. Сондықтан біз бұл мақаламызда иллюзиялық құбылыстың көркем əдебиеттегі қызметі, сол арқылы қаламгерлердің ақиқат өмірді суреттеуге деген ұмтылысы жəне авторлық дүниетанымдық көзқарастарын жеткізуге талпынған, адамзат баласының тылсым жұмбақтарын қоғамдық ортамен байланыстыра отырып бейнелеп жеткізудегі ізденістерін, жаңа замандағы көркем прозадағы соны ізденістерді қарастырамыз.
Қазіргі қазақ прозасындағы қарымды қаламгерлердің бірі Алдан Смайылдың қаламынан туған «Тамұқтан келген адам» романы тарихи кезеңдік нақты мекен-шақты суреттей отырғанымен, кей тұстарда реалистік арнадан шығып, өзіндік соны ізденістік соқпағы бар туынды ретінде көрінеді. Бірнеше тарауға бөлінетін роман қазақ халқын қырғынға ұшыратқан өткен ғасырдың қаралы кезеңдерін 1917-1930 жылдар аралығын қамтыса да, романның өзекті шешімі тəуесіздік сынды тұғырға қонудың қаншалықты азапты ауыр жолы болғанын жəне сол тұғырдан таймай, тəуелсіздік сынды асылымызды ардақтау, тəубеге келуді парыз санағандай күйге қалдырады.
«Тамұқтан келген адам» – ХХ ғасыр басындағы ұлт тарихындағы аса қайғылы кезеңді суреттей отырып, автордың ұлттық рух, ұлт тəуелсіздігі жайлы терең ой тұңғиықтарына бойлайтын роман. Шығармаға желі болып тартылған ұлт тағдырындағы қайғылы оқиғаларды қаламгер жаны түршіге отырып, зор күрсініспен баяндап шығады. Роман белгілі бір кезеңді ғана суреттеп, осы трагедияның бүгінде егеменді ел болған бүтін бір ұлт тарихында алар орны туралы салмақты ой түйеді. Автор тəуелсіздікке қол жеткізу қаншалықты қиын болса, оны сақтап қалу, қорғау соншалықты ауыр міндет екенін еске салғысы келгендей [1, 458 б.]. Міне, романның тəуелсіздік жолындағы қазақ тарихының қилы-қилы қатпарлы əжімдерін аршыған тақырыптық тұрғыдан көтерген жүгінің қаншалықты өзекті екенін көрсетсе, екінші мəселе көркемдік тұрғыдан романның сюжеттік-композициялық құрылымындағы ішкі психологиялық ахуал тым күрделі, соны философиялық иірімдерге толы екенін байқауға болады. Бұл əсіресе, адам түгілі аң атаулыға пана болудан қалған Бетпақдала суреттерімен, қаныпезерлігі мен қатыгездігі арқылы көрінген жендет Никитаның Бетпақдаланың арасында адасып алжыған, галлюцинацияға ұшыраған, үрейлі елес боп артынан қалмаған Гришаны суреттеулерінен, сондай-ақ алмағайып заманның аңысын аңғарған қосалқы кейіпкер, баяғының бағзыларының елесіндей болған Əлмағанбет образдары арқылы ашыла түседі.
Иə, роман ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы бүтін бір ұлттың, яғни қазақ халқының геноцидке ұшырауын, репрессия үдерісін баяндаса, екіншіден жанрлықтүрлік даму тенденциясы тұрғысынан реалистік негізді сақтады. Дегенмен жаңа заманауи парадигмалар əсерімен жазылған романның түрлік ізденісі, құрылымы қалыпты ережелердің шеңберінен шығып, көркем шарттылықты саналы түрде игерген туындыға айналған. Дəстүрлі авторлық баяндаулар, кейіпкер-автордың ішкі монологтары, кейіпкерлердің ағыны, рухтармен тілдесу, елес, галлюцинациялық халкүй, психотрагизм, психологизм, философиялық иірімдер кең қолданыс тапқан роман жаңа кезеңдегі роман жанрының түрлік даму тенденциясынан хабар береді [5, 100 б.].
Романдағы ішкі психологиялық ахуалдың ауырлығы сондай, автордың кейіпкерлердің іс-əрекетіне сендіре суреттеу шеберлігінен анық көрінеді. Қазақ даласын қан қақсатқан қанішер женттердің Бетпақдалада адасып, сая таппай сенделуі, ақыры өмірден безінген күйі өлім ғана құтқарардай алас ұрған халге келеді. Өз қателігі мен қатігездігінің кесірінен сорақылықтың аяқ алып жүре алмас батпағына түскен жендет Никита да қыр соңынан қалмаған Гриша аруағының үрейлі елесінен, Бетпақдала шөлінде галлюцинациялық халге түсіп, иллюзиялық алдамшы елес кейіпкердің үрейінен құтылудың жолы өлім екеніне мойынсұнады. «Көкжал мен үшеу» тарауындағы жендет Никитаның əбден əлсірегенде көз алдынан өткен бүкіл өмірін Гришаның елесі, галлюцинациялық жағдайынан мысал келтіріп өтсек.
«Бесін ауып бара жатса да сағымы сарқылмаған бұлыңғыр дүзден əлдекім қараңқұраң көрінді.
— Ұзынтұрамысың? – деп қуанды. Жыртқыштанып бүлінген есуас
бүйідей тисе де кетпесе екен. Ол жүрісі өнбей, көзінің алдында көлбеңдеп тұрды да қойды, енді дауыс жетер жерде сағым сапырып отыр.
— Мен мұндамын! – деп қол бұлғады бұл?
— Көріп тұрмын! – деді ол.
— Мынау ұзынтұра емес қой… – деп таңырқады.
— Иə, ол емеспін, — деді сағым сапырған бейтаныс. – Танымадың ба?
О, тоба! Бұл қайдан келе қалып еді, бұлыңғыр дүзде қараңдаған Гриша шалға
ұқсайды.
— Сен… Сен қайдан жүрсің? – деп күмілжіді.
— Мен егесіп ерген елесің емеспін бе, — деп таялды шал. – Есіңді кетіруге келдім.
Ол өзгермепті, бəз-баяғы қалпы, аппақ қудай сақалын қашанғы əдетімен салалап сауып отыр, сəл қызарған жанарында мейірім шуақтанады.
— Ит өліммен өлетін болдың ақыры, — деп жымиды. – Саған басқа өлім
жараспайды ғой.
«Өлім жайлы айтып отырып жымиғаны несі?!» деп таңырқады бұл.
— Ит өліммен өлгендер о дүниеде итше қыңсылап жүреді, — деді ол сол
күлімдеген күйі.
— Кешіре алмағаның ғой, — деп күйгелектеді бұл. – Кешіре алмайсың,
əрине.
— Кешірім жайлы ойланбай-ақ қой, — деп салқындады ол.
Кешірілмейтіндерді кешіргенді кешірімнің киесі атады.
Өңі суынғанмен жанарында мейірім үйіріліп тұр.
— Жарайды, — деді бұл. – жайыма қалдыр мені.
Шал керілген қорқауға қарап қайтадан күлімдеді.
— Талайлардың жаны жай табатын болды.
Бұл енді қарамауға тырысты, алжасқан адамға бəрі-бір ғой, елес пе, сайтан ба, сандалсын да сарнай берсін. Бұған о дүниеде жұмақ жайқалып тұрмағанын сүйегі баяғыда қурап қалған Гриша шалсыз да біледі [6, 163-164 б.].Жоғарыда айтылып өткендей, романда барлық жамандықтың соңында жазалаушы болады деген мистикалық ұғымдардың тікелей Никита образымен айшықталып көрсетіледі. Қаншама жазықсыз жұрттың қанын мойнына жүктеген Никитаның Бетпақдалада ит өліммен қаңғып ақылынан алжасып өлуі көз алдында елестердің көрінуі галлюцинациялық жағдайға жеткізсе, Никитаның өзі де өмірде алдамшы идеологияның қолшоқпары трагедиялы, өмірдің мəнін ұқпаған сол кездегі солақай саясаттың иллюзияланған құбылысының жемісі деуге болары анық.
Бұл романдағы орталық кейіпкерлермен қатар заманның азғаны мен тозғанын алдын-ала сезген Əлмағанбетте иллюзиялы құбылыс. Романның сюжеттіккомпозициялық құрылымында нақты ол образдың бар-жоғына мəн берілмеген, авторлық тұрғыдан сол кезеңдегі тарихи уақыттың аңысын сезген абыз кеуде бұрынғы жыраулар əлде бақсы сарыны ма дерсің? Автордың көркем əдеби шарттылыққа барған көркемдік ізденісі, ойдан шығарылған жинақталған образ.
«Адам азды екен деп, Тəңір неге адасқан?» деп əділет іздеген періште көңіл иесі Əлмағанбет те өлім туралы үрейлі ойға бой алдырады. Бейбақ ендігəрі адамзаттың бұл жалғанда жаратқан иесімен табысатынына сенбейді. Маңдайын тасқа ұрып жаңыла беруден, дүниежарықтың сан қилы сауалына жауап таппай сансыраудан жабыққан Əлмағанбет тезірек Тəңірге аттанып кетуді қалайды. Мысалы:
«Бозбалаға: «Саңғырудың Бүркіт қонған биігіне, Əліге барасың, Əлмағанбетті ала кет», — дегенде жалт қарады, жылан шаққандай ыршып түсіп, қарсы беттегі тік шоқыға қарай жүгіре жөнелді, аяғы-аяғына жұқпайды, соңынан ұмытлған бұған жеткізбейді, жолында кесе-көлденеңдеген қалың қарақатқа қойып кетті» [6, 97 б.].
«Көз алдындағы қияпат дала да бұл талай көрген баяғы шөл дала емес, жаһанда қаңғырған бұлыңғыр бірдеме. Аспанның астында қылиланған ай албасты басқан ғаламның алжыған шағында аясынан адасқан жиһангез жанары ғана. Жұлдыз атаулы да солай. Тегінде жұлдыз дегенің бұ дүниеден үркіп көшкен, бұл жалғаннан үрейі ұшқан шошымал рухтардың шырқыраған шыбын жанынан басқа не дейсің.
Солай ғой. Айсыз түнде Əлмағанбет жұлдыз санаушы еді ғой. Жұлдыз біткенді өлгенде жаққан шырақ дейтін. Өзі жағатын шыраққа оңтайлы орын іздейтін. Алжыған əлемнің алжымаған абызы Əлмағанбет емес пе екен?!» [6, 115 б.].
Романдағы кейіпкер Əлмағанбет – шартты авторлық шығармашылық ойынан туған архетип, жанама кейіпкер болғанымен көтеріп тұрған əлеуметтік жүгі ауыр қаһарман. Ауылда есалаң, есі кіресілі-шығасылы, сандырақтап жүрген диуана жан ретінде суреттелсе де, автор оның бойына əдеби шартты образ ретінде алмағайып заманның келбетін алдын-ала сезген бақсылық сарын, абыздық көрегендік дарытады. Автор ирония, абсурдтық тəсілдерге бара отырып, антиқаһарман жасау арқылы шығарманың образ жүйесінің қуатын арттырып отыр. Автордың бақсы сарынын, көреген абыздықты нақ сол күйінде емес, антиқаһарман ретінде суреттеу тəсілін постмодернистік тенденциямен байланыстырамыз. Бұл аталған қаһарманың екінші қосарлы образы, иллюзияланған құбылысы заманның азуы мен адамзат баласының қатігездік пен зұлымдықты сарапқа салған, саяси-əлеуметтік фактордың кезіндегі тобырлық деңгейге түскен адамзат қоғамының шегіне жету деңгейін авторлық тұрғыдан жеткізуі дер едік [5, 103 б.].
Қорытындылай келсек, қазіргі қазақ прозасында астарлы мəтіндік құбылыстарды түсіну, талдауда əдебиеттану ғылымының жаңа заманадағы ұғым-түсініктеріне терең бойлау қажеттігі туындап отыр. Дəстүрлі қалыпты ұғымдар деңгейінде талдаумен қатар, қазіргі ғылымдар тоғысында енген терминдік ұғымдардың да əдебиеттану ғылымына енуі қазақ əдеби үрдісіндегі жаңа ағым-бағыттардың ықпалы екені даусыз. Иллюзияланған құбылыс, алдамшы, қосарлы образдардың астарында да реалды шындық, қоғамдық өмірдің адамзат баласына ортақ шындығы, проблемалары бары анық. Қазіргі көркем мəтіндер оқырмандардың белсенді əрекетіне негізделуі күрделенген тұтастықты айғақтай түседі. Жаңаша бағытта жазылған А. Смайылдың біз талдауға алған «Тамұқтан келген адам» романынан уақыт трагедиясы, қаһармандар психикасының трагедиясы, өмір мен өлім категориясының аралығындағы адамзат тағдырының сарапқа түсуі, дүние жалғандығы, көркем мəтіннің ішкі психологиялық ахуалы, эмоцианальды-экспрессивтік қуатының зор екені анық сезіледі.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. ХХІ ғасырдағы қазақ əдебиеті (2001-2011 жж). – Алматы. «Арда», 2011. – 640 бет.
2. Қанарбаева Б. Қазақ əдебиетіндегі модернизм: Арнаулы курсқа бағытталған көмекші оқу құралы / Алматы. Экономика, 2010. – 330
3. Психология восприятия: Материалы советско-норвежского симпозиума. – М.: Наука, 1989. — 194 с.
4. Вадимов A.A. От магов древности до иллюзионистов наших дней / A.A. Вадимов М.А. Тривас. – Москва. Искусство, 1966. — 306 с.
5. Ахметұлы А., Əбдіғазиұлы Б. Қазіргі қазақ романдарындағы автор тұлғасы жəне көркем шығармашылық үдеріс мəселесі (А.Смайылдың «Тамұқтан келген адам» романы бойынша) \\ Абай атындағы ҚазҰПУ «Хабаршы» журналы, «Филология ғылымдары» сериясы. №4 (54). – Алматы, 2015. 99-104 бб.
6. Смайыл А. Шығармалары Т.1. Роман, повестер мен əңгімелер. – Астана. «Фолиант», 2013. – 568 бет.