Б. НҰРЖЕКЕЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ƏЙЕЛ ПСИХОЛОГИЯСЫН АШУДАҒЫ БЕЙВЕРБАЛДЫ ИШАРАТТАР
Ə.Т. Жеткізгенова
Көркем прозадағы əдеби психологизм мəселелерін зерттеуші Г. Пірəлиева туындылардағы өзіне ғана тəн жанрлық, көркемдік стильдік ерекшеліктерін жіктеумен қатар, рухани əлемді бейнелеудің жанама тəсілдері бейбервалды ишараттардың рөлін ерекше көрсетеді.
«Психологизм əдебиеттегі адамды аналитикалық жəне динамикалық принцип тұрғысынан зерттеу болып табылады.
Аналитикалық принципке ішкі монолог, ішкі диалог, сана тасқыны, ой мен сезім, іс пен əрекет қақтығысы, түс көру, сандырақтау, ессіздік т.б. секілді ішкі рухани əлемді тереңдеп талдайтын көркемдік тəсілдер жатса, динамикалық принципке көбіне сыртқы психологиялық құбылыстар – ым, ымдау, емеурін, бейвербалды ишараттар, дене қалпы /поза/, т.б. секілді қимыл-қозғалыс көріністері жатады» [1, 177 б.], – деп адам баласының күнделікті тіршілігінде кездесіп жататын іс-əрекет арқылы сезімін жеткізу үдерісінің ерекшелігін атап көрсетеді.
Ғалым осы пікірі арқылы адам баласының сыртқы ортаға, əсерге өз сезімін көрсететін физиологиялық болмысындағы үздіксіз жүріп жататын құбылыстардың жазушы қиялымен портрет жасауға, характерін ашуға бірден-бір мықты көркемдік құрал екендігін баса айтады.
«Бейвербалды ишараттың екі үлкен көркемдік элементі бар. Оның бірі – мимика (ым, беттің ымы, ымдау), ол тек кескін-келбеттегі қимыл-қозғалысты, сезімдік құбылыстарды қамтиды. Екіншісі – жест (ишара, емеурін) болса, ол бүкіл денедегі қимыл-қозғалысты, ол бүкіл денедегі қозғалысты, іс-əрекеттерді зерттейді.
Бейвербалды ишараттар сондайлық ұсақ-түйек секілді көрінгенмен де адам психологиясын ашуда, кейіпкердің жан дүниесіне «қол сұғуда» сұмдық көп көркемдік, психологиялық қызмет атқаратынын мойындамасқа лаж жоқ» [1, 177 б.], – деп Г. Пірəлиева нұсқаған бейвербалды ишараттардың шығармадағы көркемдік рөлінің айрықша қызметі Б. Нұржекеев туындыларындағы əйел-аналар бейнесін сомдаудағы шеберлігіне тиянақты талдау жүргізіп, тұжырым жасауға бағыт береді.
Б. Нұржекеевтің кейіпкерінің характерлік ерекшелігін ашуға қызмет ететін психологиялық портреттің басты нысандарының бірі – көз жанары. Адам жандүниесіндегі психологиялық ахуалды сыртқа жария етуде көздің орны ерекше. «Бір өкініш, бір үміт» романындағы Бүбіштің əке-шеше айтқанынан шыға алмай, құда түсіп қойған адамына кетуге бел буған шарасыз сəтін автор: «Осы жолғы сөзім ойлаған жерден шықты, қыздың жүзі қолма-қол қуарып кетті. Бетіме қарағысы келіп көзін көтере бере, батылы жетпей қайта түсірді. Қолын созып, бұтаның бір шыбығын ұстамақ болып еді, қолына ештеме ілінбеді. Сонан соң қолына қолын сүйкеп. Кенет əлденеге бекінгендей басын көтеріп, бетіме тіке қарады. Жанары мөлтілдеп жасқа толып тұр екен. Ет жүрегім елжіреп қоя берсе де, сазарып сыр бермедім. Көзін төңкеріп төмен қарағанда, көз жасы мөлт-мөлт үзіліп кетті. Кірпігі шыланып шыға келді». Үзіндіде көзбен қоса саусақ та Бүбіштің жан дүниесінде болып жатқан аласапыранды көрсетуге мол мүмкіндік беріп тұрғаны қапысыз танылады.
«Көзі жыпылықтап, ата-енесіне жалынышпен жалтақтап, «көшпейміз деңдерші!» деген тілегін бүкіл түр-тұрпатымен танытып, Жəмихан да үнсіз жанталасты: сырын сонымен бүркемелеуге тырысып, біресе, шай ішіп отырған кесесін қозғалақтатты, біресе, шай құйып отырған ақшəйнекті дəп бір құлап бара жатқанында ұстап қалғандайақ қозға түбін нығарлап-нығарлап қойды. Менде емес, билік мынада дегені ме, Бəтжан Мəметке қиықтап қайта-қайта қарады» [2, 285 б.]. Жəмиханның ішкі ойынан сыр ашып тұрған оның қозғалысы. Автор бұл жерде бір ғана көздің көмегіне сүйенуді жеткіліксіз санап, шай құю үстінде қимыл-қозғалыста болып жатқан əрбір детальді көмекке алып, жүзеге асырған. Осы орайда «Əдетте, əдебиеттегі бейвербалды ишараттар – адамның психикасына, оның ой-санасына əлдебір оқиға, сөз, сезім, көрініс т.б. əсер еткенде еріксіз /безсознательность/ түрде жүзеге асырылатын денедегі қимыл-қозғалыс» [1, 177 б.] деген пікірдің Жəмихан үнсіз жанталас үстінде қарманған халін беруге сай келіп тұрғанын айтуға болады.
Кейіпкерлерінің құпия ойын жариялап алмауға тырысып, бірін-бірі аңдысқан сəттерін, бетперде ұстанып, ойын бүркемелей алысқан Қайныкеш пен Жамалханның өңіндегі өзгерістер арқылы: «Жамалханның жанарынан кенет бір ойнақы сəулені шалып қалып, Қайныкеш содан қалт күдік алды. Қызды енді сақтық биледі. Жоқ, бұл жалпақтауы тегін емес деп түйді. Қарсы əрекетке іштей бекіп, қулығын асырып кетуді көкседі. Аяқ асты қанын ішіне тарта қойғанын байқап, Қайныкештен Жамалхан да сақтанды. Бірақ іштей арбасып отырғандықтарын екеуі де бір-біріне байқатпауға тырысты» [2, 144 б.] деп күрделі психологиялық күрмеуге, арбасуға түскендігін шеберлікпен суреттеген. Бір ғана жанар емес, жүздің де құбылып, суық тартуы алдағы болар үлкен жамандықтың хабарын меңзегендей. Қайныкеш қанша сақтанса да, аңдыған жаудың алдырмай қоймас жемтігіне айналарын сездіреді.
«Психолог ақын-жазушылар үшін кейіпкерінің əрбір əжім-сызығынан сыздықтатып сыр ашу, əрбір қимыл-қозғалысынан астары қалың қатпар-қатпар ой тарқату, əрбір ым-мимика-жест, ишарадан ой оқу – шын шеберліктің шыңы» [1, 206 б.], – деп ғалым Г. Пірəлиева атап көрсеткен пікірдің Б. Нұржекеев шығармашылығына қатыстылығын да аңғарамыз. Қаламгер қаламынан туындаған дүниелердің қайқайсысы да жалпы адам баласын біліп, тану үшін, мінездеме беріп, жақсы-жаман қасиеттерін айыру үшін əрбір қимыл көрінісі, емеурін-ишараты зол рөл атқарады деуге болады.
«…біз мимиканы ым, беттің ымы, ымдау деп əдеби тілде, өмірде қалыптасқан қалпында қолдануға тиіспіз. Өйткені ғылым нақтылықты, дəлдікті қалайды. Ал, мимикаға мынадай кескін-келбеттегі қимыл козғалыстар жатады:көздің қозғалысы (көзін алақтату, көзін қысу т.б) еріннің қозғалысына ( ернін сылп еткізу, ернін шүйіру» секілді мəнді қимылдар жатады. Қас-қабақтың қимылында да мəн бар (қабағын шыту, қас-қабағын нұсқау, қабағының қар жауып т.б), тілге қатысты «тілін шығару т.б» өзіндік мағынаға ие қимыл-қозғалыстар бар. Бұлардың бəрі де тек мимика маңындағы мəнді (выразительные) бейвербалды ишараттар» [1, 180 б.].
Б. Нұржекеев шығармаларында кездесетін мимика түрлері бірнеше топқа бөлінеді:
1. Қабақ соматизміне байланысты кинемалар:
Жазушы шығармаларында қабақ соматизміне байланысты мынандай кинемаларды кездестіруге болады: қабақ шыту, қабағымен аңғарту, қабағын қағу, қоңыр қабақпен қарсы алу, қабақтың астымен қарасу, қасын керу, қасын серпу.
«”Мақұл” дегенді ернімен де, көзімен де, қабағымен де аңғартып, қолын алақанымның астынан ақырын шығарып алды да, бокалын ұстап жоғары көтерді» [2,
427 б.].
«- Қалай-қалай? – Қабағын шыта жымиып, ұқпай қалғанына ұялғандай, Нэлли қызарып кетті. Қайталап айтқанымда, таңдана басын шайқады» [2, 417 б.].
«Қабағын қағып жіберіп, Нэлли сəл езу тарта ойланып қалды. Оған оқыс бір ой келгенін күлім ете қалған көзінен байқап үлгердім» [2, 418 б.].
«Араз боларын да, болмасын да, араз болса, не үшін араз боларын, кіммен араз боларын да білмей, Қайныкештің əке-шешесі қыздарын үнсіз, қоңыр қабақпен қарсы алды» [2, 139 б.]. Қызғаныш пен күндестіктің жемтігіне айналып, жазықсыз жапа шегіп, ары тапталып, соры қайнап қалған Қайнікештің алдынан жарқыраған қабақтың қарсы алмасы анық. Ата-ананың сүйегіне таңба түсіп, ойсыраған жаралы жүрегінің күйін жеткізу үшін автор ешқандай диалог та қолданбайды. Тек қана «үнсіз, қоңыр қабақ» Қайныкешке ата-анасының ғана емес бүкіл қазақ қоғамының, қазақи менталитеттің көзқарасы екенін оқырманына шебер жеткізген.
«Қызы қайтып келгелі оның бетіне бір сəт шырай кірген емес, қабағы құрыстанып: «мына атаққа қалғанша, құрысаң етті бір жаққа! – дегендей қиналыс байқатады. Түзде ел көзінен қашып, үйде өз қызынан қашып, басына түскен бұл жағдайдан безіп кететін жер таппай жүрген адамдай. Əке мен қыз қабақтарының астымен ғана қарасып, көбінесе бірін-бірі көрмеуге, біріне бірі қарамауға тырысады» [2, 140 б.]. «Қабақты құрыстырып», «қабақ астымен қарап» күн өткізіп жатқан əкенің перзентіне деген жеккөрініш сезімімен қоса аяныш сезімі бой көрсеткен. Желкелеп үйден қуып шығуға əкелік жүрегі шыдамай, бауырына тартуға ар-ұяты тапталып, беті күйген қызының ел алдына шыға алмастай намысын байлағандығы, əрі-сəрі күй кешкен дəрменсіз əкенің жай-күйін қабақ арқылы көрсеткен.
«Сол мұңды кейіппен қабағын шыта Сырға бір сəт телміріп тұрды да, жағаға қарай үнсіз бұрылып, жүре берді» [2, 418 б.].
«Қыз басын шайқады. Сөйлетпесеңші дегенді аңғартып, Қаншайым маған қабағын шытты» [2, 201 б.].
«- Өй, бұлар біздің айтқанымызды тыңдай ма, оған күйініп қайтесің, өздері білсін, — деп, Жəмихан мəймөңкелей бастады. Есік жақты нұсқап маған қабағын қақты. … Есіктен шығып кеткенімше, Сəлима сыздаған қалпы көзімен үнсіз ұзатып салды» [2,
282 б.].
«Қасын күлімдей керіп, баланың жүзіне жылы мейірмен еркелеп қарады» [2, 135 б.].
«- Қайным, – деп, қасын кербез серпіп тастап, күлкілі бірдеме айтқалы отырған адамша қулана жымиды» [2, 149 б.].
Бұл мысалдардың қай-қайсысы да кейіпкерлердің ішкі əлемінде болып жатқан жай-күйді сыртқы кескін-келбет өзгерісі, соның ішінде қабақ соматизмі арқылы айқындауға мол мүмкіндік береді.
2. Көз соматизміне байланысты кинемалар:
Адамдар, əсіресе, бетпе-бет сөйлескенде, бір-бірінің көзіне қарайды. Өйткені, «Көз – ішкі сезімнің айнасы» дегендей, бейвербалды амалдың ең жиі қолданылуы көзбен байланысты. Сондықтан, жазушы шығармаларынан бейвербалды амалдарды саралағанда көз соматизміне қатысты кинемаларды көптеп кездестірдік: көзбен аймалау, көз жанары суу, жанары сырғу, көзімен жек көру, көз қырын салу, көзін жұму, көз түйістіру, көз тастау, суық қарау, көзін тайдыру, ашыныспен қарау, жəутеңдеп қарау, оқты көзбен жек көре қарау,аларып қарау, ұрлана қарау, жылы көзқарас, көзін аудару, көзі жыпылықтау, жерден көзін алмау, көзі шарасынан шығу, көзбен аймалау; «Көзіммен аймалап отырып, ол жайлы осындай ойларға баттым. Оның бірдеме айтқысы келгенін бетіме жəутең еткенінен байқадым.» [2, 427 б.].
жанары сырғу; «Нэлли аяқ асты мұңданып, жанары Сырдың бетімен сүлесоқ сырғиды » [2, 425 б.].
жанары суу ;«Көз жанары суып, бетіме Нэлли безеріп қарады [2, 425 б.].
көзімен жек көру; «Жанарындағы жек көрінішті осы жолы еш жасыра алмады»
[2, 152 б.].
көз қырын салу, көзін жұму; «Бүбіжан кірген бойда көз қырын жігіт жаққа салды. Көзін құшырлана жұмып, Сейітбаттал сағындым дегенді аңғартты. Бүбіжан аузын бұртитты. Онысы «өтірік айтасың, көп күттім» өкпе білдіргені, сірə» [2, 101 б.].
көз түйістіру, «Əлденені сезді ме, Шəзиə бетіме жəутең ете қалып еді, бір сəт көз
түйістіріп қалдық, қыздың беті жұқа күреңітті» [2, 312 б.].
көз тастау, «Ақыры бекінді білем, жаутаң етіп маған да бір асығыс көз тастады. Маған ыңғайсыз бір нəрсе айтатындай көріп тіксініп қалдым». [2, 236 б.].
суық қарау, оқты көзбен жек көре қарау; «Атылып ұмтылардай, оқты көзін өңменіме қадап, маған жек көрінішпен қарады. Ашу ғана емес, керемет өшпенділік. Түбінде мені тəтем өлтіретін сияқты, қанталаған көзінен сұмдық қорықтым» [2, 201 б.]. «Ішіме мұз түсіп кеткендей тыжырынып, Мағираға суық қарадым» [2, 214 б.]. «Тағы керек пе, онда тағы айтам дегендей сұс танытып, қызы мен күйеуіне оқты көзбен қарады» [2, 67 б.]. көзін тайдыру, «Қыз көзін тайдырып жерге қарады, үндемеді» [2, 234 б.] деген
жолдар арқылы береді.
ашыныспен қарау, «Көзінің жасы жанарында мөлт-мөлт шайқалып, Бүбіш маған
ерекше ашыныспен қарады» [2, 234 б.].
аларып қарау; «Сен отырсың сыңар езулеп, қайным отыр аяғының басын қарап,
қыздарың да аларып қарайды, тап сүзетін бұқаша» [2, 151 б.].
ұрлана қарау; «…əдемі бір ұрлана қарап жымиғаны, жылы көз қарасын Жағдадан да жасырып ұялғаны – бəрі, барлығы да мен үшін. Бүбіш мен үшін болса, бұл тіршілік мен үшін. Қуанышыма мақтаныш қосылып, төбем көкке жеткендей» [2, 185 б.].
жылы көзқарас; «Жымиып жақсы қарағанын түсініп, тұла бойыма тараған
жылулықтан көзім жасаурап қоя берді»[2, 162 б.].
көзі жыпылықтау; «Состиып тұрып қалған балаға қыз жыпылықтай қарады» [2,
101 б.].
көзін аудару; «Ол да маған көзін аударған екен, ұялып, екі беті қып-қызыл болып кетті. «Құдай-ау, мынау кім? Көзі таныс қой!» Дереу миымның архивін ақтара жөнелдім. Таптым, таныдым: сол – Бүбіш!» [2, 151 б.].
көзі шарасынан шығу; «Қайныкештің көзі шарасынан шығып кетті» [2, 147 б.].
«…көзінің қиығымен ғана Қайныкешті асығыс шолып өтті. Оның жанарына əлдеқандай жымысқы қылауды байқап, Қайныкеш те жиырыла қалды» [2, 149 б.].
«Апырмау, сөзінен бұрын көзі сыр айтатын кім еді бұл?» «Шеген оны көзімен ұзатып көп тұрды» [2, 14 б.].
«Бірақ, қатты ұқсайды екен. Əсіресе, көзі. Жаңағыдай жалт етіп қарағанда, ойпырмай өртеп жібере жаздайтын» [2, 14 б.].
«Қоштасар сəт Шеген мен Марат асығыс қана көз түйістірді. Жанарларында:
«Əлі жолығармыз, жолығамыз ғой» — деген бір-бірін де, өзді-өзін де жұбату бар» [2, 51 б.].
«Оның да көзі кісіге күліп, жақсы көріп қарайды» [2, 52 б.].
«Жымиып жылы жүзбен қарады. Əзілқой жанары күлім етіп, қайта бұғына қойды.
Өкпелеген ыңғай танытып қыз бұртия қалды. Бірақ көзінде əзіл əлі бар» [2, 57 б.]. «…мейірлі кішкене көздерінде мен бұрын байқамаған өзгеше жалтыл пайда
болды» [2, 61 б.]
«Сұрарын сұрап алып, өзі Жəмихан мен маған алма-кезек көз жазбай қарады. Ол қараста бір жұмбақ сыр жатқанын ішім сезіп, əншейінде таңдайым тақ ете қалатын жауабымды айтуға да жүрексініп тосылып қалдым» [2, 63 б.].
«Бірдеме десем, бар сөзді өз басыма бағыттап алармын деп, Жəмихан жұмған аузын ашпаған күйі жерден көзін алмады» [2, 67 б.].
«-Бүбіш, көрпе төсесеңші апаңның астына! – Салима жүк жақты қабығымен нұсқап еді, қызы түсіне қойды. Жіңішке қызыл ала құрақ көрпені теп-тез жайып үлгерді. Еңкейгенде мойнынан сырғып түскен қос өрім шашын сілки беріп Бүбіш Шегенге ұрлана жымиды, «кел, сен де көрпеге отыр, сен үшін де төседім» дегені тəрізді. Сөйткені ме, жоқ па, əйтсе де соның өзі, бір түрлі, баланың ішін жылытты. Неге өйткенін өзі де ұқпай, қызға Шеген жымың етті» [2, 68 б.].
« «Ал, мен де амалсыз апаммен бірге кетіп барам» дегенді аңғартып, Бүбішке көзін асығыс бір тастап, Шеген де орнынан тұрды» [2, 70 б.].
«Өңі бұзылып, Бəтжан реніштен жылап жіберуге шақ қалды. Өксікті үнінде «бəрі бүлінді ғой онда» деген шарасыздық пен өкініш шүпілдеп-ақ тұр. Көзінде:
«Əлденелерді айтып сен бүлдіріп қоймадың ба?» – деген күдік те бар-ды» [2, 71 б.].
«Сол екен бетінен сүйген: көзімен аймалап күлім-күлім етеді» [2, 50 б.].
Сонымен қатар, Б. Нұржекеев шығармаларында əйел адам қарым-қатынасында кездесетін бет шымшу, ернін сылп еткізу, бет сызу, ернін шығару кинемалары да көптеп кездеседі.
Қ. Жұбанов күншығыс пен Кавказ халықтарының əдет-ғұрпындағы өзгешеліктер қатарында əйелдердің «ым тілін» атай отырып, аталмыш үлгілердің қазақ ұлтында да кездесетіндігін айтады: «Күншығыстағы əйелдер тұрмысы ерекше жағдайда болғандықтан, əйелдерге қатысты арнаулы түрлі əдет-ғұрып өзгешеліктері мұнда жиі ұшырайды. Сол əдет-ғұрып өзгешеліктерінің бірі – осы күнге шейін Кавказда армян, грузин, түріктер арасында сақталған ым тілі. Жаңа түскен келіншек қай жерде бір айға, қай жерде бір жылға шейін ата-енесімен дыбыстап сөйлеспейді, ымдап сөйлеседі. Бұл тілді армяндар «нашнауар» дейді. Нашнауар сондай бай, сондай дыбыс тілінен еш кемдігі жоқ сияқты. Мұндай, əйелдерге ғана арнаулы жүйе болмаса, əйел тілінің өзгешелігі қазақта да жоқ емес. Сол өзгешеліктердің бірі – əйелдерде ғана болатын «ернін шығару» (кеміткенде), «бетін шымшу» (ұятсынғанда), «аузын шылп еткізу» (таңданғанда), «аузын быртылдату» (кекеткенде). Бұлар əйелдердің специфик тілі болып табылады» [3, 41 б.].
Бұл орайда, Б. Нұржекеевтің «Бір өкініш, бір үмітіндегі» Жамиханның, «Күнəлі махаббаттағы» Зереннің, «Ерлі-зайыптылардағы» Ілескүлдің атасы, қайынағаларымен тіке бетпе-бет сөйлеспей енесі арқылы ұғысуы мысалдарын көптеп ұшыратуға болады.
Сонымен қатар, жазушы қыз бен жігіттің бір-біріне деген іңкəрлігін, сезім бұлқыныстарын, ішкі дүниесінінің кілтін мимикалық қозғалыс арқылы тамаша ашады.
Шығарма кейіпкерлерінің жүзінде ғана емес, денесіндегі əрбір қимыл-қозғалыс, əрекеттерінде де олардың сипаттамасы жатыр. Яғни, əрбір кейіпкердің мінездемесін əйгілеп беретін элементтерді табу, таңу процесі үлкен қаламгерлік қажыр-қайрат пен қырағылықты қажет етеді.
Кейіпкердің мінез-құлқын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден-бір көркемдік тəсілдің түрі – бейвербалды амалдарды қолдану шығарма шырайын аша түседі. Шығармаға экспрессивті-эмоционалды реңк үстейді.
Жазушы Б. Нұржекеев көркем шығармада əйел портретін өзіне тəн кинемалар арқылы үйлесімді, шебер қолдана отырып жасай білген.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Пірəлиева Г. «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мəселелері (Түс көру, бейвервалды ишараттар, заттық əлем)». – Алматы. Алаш, 2003. – 328 б.
2. Нұржекеұлы Б. Шығармалар жинағы.І-том. – Алматы. Жалын, 2006. – 320 б.
3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы. Ғылым, 1999. – 581 б.
ƏОЖ 82/821(100-87)
Б