Әдебиетші ғалым Сәбит Нұрмұхамбетұлы Жәмбек — 60 жаста

Әдебиет теориясының парнасында

(әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбектің «Әдебиет теориясы» оқу құралына рецензия)

Қоғам дамуының соңғы жылдарындағы оң өзгерістер халықтың рухани әлемін танудың тың талаптарын туғызды. Өмірдің барлық саласындағы барды бағамдап, жоқты түгендеу үрдісі мен үдерісі әдебиеттану ғылымында да жаңаша серпін алды. Заман өзгерісіне сай көзқарастар нәтижесіндегі ғылыми еңбектер жазылу үстінде. Алайда, қандай да бір жетістік ұзақ дамудың нәтижесі екендігі белгілі.
Ұлттың рухани деңгейін танытатын әдебиет теориясы да бүгінгі деңгейіне дейін түрлі даму жолдарынан өтті. Ол көнеден – көркемдікке, жалпыдан нақтылыққа дейінгі өсу жолдарында түрлі қоғамдық көзқарастарды бастан кешірді. Сондықтан төл әдебиеттану ғылымының пайда болуы, қалыптасуы, кемелдене жетілуі (генезис, эволюция, поэтика мәселелері) ұлт тарихы секілді талай кезеңдерді бастан өткерді. Отандық мәдениетін тану кезінде сырттан таңылған қасаң талаптарға тәуелді болды. Ол әдебиет зерттеушілерінің адымын аштырмады, айтарын анық айтқызбады. Солай бола тұрса да өресі биік тұлғалар тарапынан ұлттық әдеби-қисындық, ғылыми-теориялық ой-пікірлер мен пайымдаулар айтылып отырды. Ол жеке зерттеу мақаладан монографияға дейінгі көптеген еңбектерді тудырды.
Тұңғыш әдеби теориялық еңбектер орыс әдебиеттануының ғылыми зерттеулерінің аудармасы сипатында болды. Бірақ бұл тарихи кезеңнің өзіндік себептері де болды. Оның бірі – сол уақыттың ғылымға таңылған талабы болса, екіншісі – ұлттық әдебиеттану ғылымының балаңдығы. Бірақ уақыт өте келе ұлттық әдебиет теориясы саласы тар шеңберде қалып қоймай, өсіп-жетілді, өзіндік өрнегін қалыптастырды. Әдебиеттің өскен өресін, рухани аясын танытатын, әлемдік өркениеттің озық тенденцияларын темірқазық еткен ұлттық әдебиеттану ғылымы 90 жылдарға дейін-ақ биік белеске көтерілді. Олай болса осы кезеңге дейінгі әдебиет теориясы саласының тарихи жолын ғылыми саралаудың өзектілігі дау тудырмайды.
Ұлттық әдебиеттану ғылымындағы әдебиет теориясының тарихы бұрын-соңды арнайы зерттеу объектісіне алынған жоқ. Бірақ әдебиет теориясының ішкі жанрлық түрлері (лирика, эпос, драма және олардың түрлері) арнайы зерттеліп, жемісті ғылыми ізденістер үрдісі қалыптасты.
Орыс әдебиеттануындағы әдебиет теориясының тарихын зерттеуге назар аударсақ, Х ғасырда библиографиялық жазбалардан басталған көрінеді. Орыс әдебиеттану ғылымының бастаулары болып табылатын Л. Зизанийдың «Грамматика словенска», М. Скотрицкийдің «Грамматика», Макарийдың «Риторика», Ф. Прокоповичтің «Поэтика» және «Риторика» деген еңбектерінен басталған әдеби-теориялық көзқарас Ресейде ұлттық ғылыми ойдың өріс алуына себепкер болып, М.В. Ломоносов, В.К. Тредиаковский, А.Д. Байбаковтар поэзияны тек пен түрге бөлудің алғашқы поэтикалық жүйесін жасады. Бұдан кейін бұл істі қолға алғандардың ірісі – В.Г. Белинский, А.И. Герцен, Н.Г. Чернышевский, Н.А. Добролюбов, Д.И. Писарев болғаны мәлім. Олардың эстетикалық ой-пікірлері орыс қоғамында теңдесі жоқ таным-білік болып табылады. Сонымен қатар, Г.Л. Абрамович, Л.И. Тимофеев, Л.В. Щепилова, В.И. Сорокин, Ф.М. Головонченко, И.В. Гуторовтың еңбектерінде, «Әдебиет теориясы. Өзекті мәселелерді тарихи тұрғыдан талдау (3 томдық)» ұжымдық жинақтарда орыс әдебиеттануындағы әдебиет теориясының туып, өркендеу жолдары мен қалыптасу тарихы жан-жақты зерттелгенін аңғарамыз.
Бұл тұрғыда ХХ ғасырдың 20–30 жылдарда басталған ұлттық әдебиеттанудың әдебиет теориясының мәселелерін зерттеуде соны қадамдар жасала бастады. Бұл ретте қазақ әдебиеттануының әдебиет теориясының көш басында болған А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Ғ. Тоғжанов, М. Әуезов, Қ. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, С. Мұқанов, З. Шашкин еңбектерінен бастау алып, З. Қабдолов, З. Ахметов, М. Базарбаев, М. Қаратаев, Т. Нұртазин, Р. Бердібаев, А. Нұрқатов, Ш. Елеукенов, М. Хасенов, М. Атымов, Р. Нұрғали, С. Мақпыров, Н. Жуанышбеков, А. Жақсылықов, Б. Ыбырайымов, Қ. Алпысбаев т.б. ғалымдардың оқулық, ғылыми монографияларында жалғасын тапты.
Жоғарыда тілге тиек еткен «еңбек торысы» атанған ірі әдебиетші ғалымдардың негізгі еңбектері, атап айтқанда, Е. Ысмайыловтың «Ақындар» (1956) монографиясы, Б. Кенжебаевтің «Қазақ өлеңінің құрылысы» (1955) атты еңбегі қазақ әдебиеті теориясының дамуына алғашқылардың бірі болып, қозғау салды. Қазақ әдебиеттануының кешеуілдеп қалған осы саласын зерттеу жұмысы қызу қолға алына бастады. Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясын» (1960, 1965), Ә. Тәжібаевтің «Өмір және поэзия» (1960), М. Дүйсеновтің «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі» (1962), М. Хасеновтің «Ұнамды образ және типтендіру» (1966), А. Нұрқатовтың «Идея және образ» (1962), «Абайдың ақындық дәстүрі» (1966), М. Базарбаевтың «Қазақ поэзиясындағы еңбек адамының образы» (1961), Қ. Жұмалиевтің «Стиль – өнер ерекшелігі» (1966), М. Атымовтың «Идея және композиция» (1970) секілді зерттеулері әдебиетті теориялық тұрғыда тануда жақсы тың ізденістердің қолға алынғанын байқатты. Бұл жеке жанр түрлерінің қалыптасу жолын ғылыми саралаған Р. Бердібаевтің «Роман және заман» (1966), З. Қабдоловтың «Жанр сыры» (1964), С. Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі» (1964), Т. Қожакеевтің «Қазіргі қазақ сатирасы мен юморы» (1966), Ә. Нарымбетов «Дәуір және поэзия» (1970), Н. Ғабдуллин «Замандас келбеті» (1972), Р. Нұрғалиев «Трагедия табиғаты» (1968) сияқты еңбектерге, басқа да мақалаларға ұласты. Қазақ өлеңі туралы айтылған талдауларды жүйелей және жаңаша пайымдай келе З. Ахметов «Қазақ өлең құрылысы» (1964), «Өлең сөздің теориясы» (1973) атты монографияларын жазса, З. Қабдолов 20-жылдардан бергі әдеби-теориялық ізденістерді жинақтай, қорытындылай келе «Әдебиет теориясының негіздері» (1970) атты еңбегін жарыққа шығарды. Егер бұлардың қатарына жеке шығармаларға, кейбір жанр түрлеріне арналған ғылыми мақалаларды қоссақ, әдеби-теориялық бағыттағы ой-пікірдің шын мәнінде шешуші қадамдар жасағанын көреміз.
Сонымен қатар қазақ әдебиеттану ғылымын зерттеудің проблемалық мәселелерін көтерген коллективтік жинақтар мен қазақ әдебиеттану ғылымының арғы тарихын көне дәуірдегі мұралармен байланыстыра арнайы қарастырып жүрген Н. Келімбетов, А. Егеубаев, Ж. Смағұлов еңбектерін және З. Ахметов құрастырған «Әдебиеттану терминдер сөздігін», С. Мақпыров құрастырған «Әдебиеттануға кіріспе», Р. Нұрғалидің құрастырған «Әдебиет теориясы» нұсқалықтарын атап өтуге болады. Мұның бәрін ұлттық әдебиеттануымыздағы әдебиет теориясының есейгендігін білдіретін еңбектер деп түсіну керек. Ал, Б. Майтанов, Ж. Дәдебаев, А. Ісімақова сынды ғалымдар зерттеулері әдебиет теориясы ғылымына жаңаша сипат беріп, өзіндік бағыт қалыптастырды. Бұл еңбектер ұлттық әдебиеттану ғылымының өзіне дейін озық жетістігін бойына сіңіріп, оны тың сипатта зерттеу әдісімен тұжырымдармен тереңдеткен ғылыми еңбектер.
Сондай сапалы, салиқалы еңбектердің қатарында профессор С.Н. Жәмбектің «Әдебиет теориясы» атты зерттеуін айтпай кетуге болмайды. Әдебиетші ғалым Сәбит Нұрмұхамбетұлы Жәмбектің баспахана бояуы әлі кеуіп үлгермеген «Әдебиет теориясы» бойынша жарық көріп отырған бұл оқу құралы қазақ тілінде шығарылып отырған алғашқы тәжірибе. Жоғары оқу орындарындағы арнаулы пәндердің бірі болып табылатын «Әдебиет теориясы мен эстетика негіздері» бойынша оқу материалдарының, ғылыми еңбектер мәтіндерінің жетіспеушілігі және бірқатар тиісті әдебиеттердің қазақ тілінде болмауы – филология мамандықтары бойынша сапалы, білікті мамандар дайындауға кедергі болатыны сөзсіз. Автордың осынау оқу құралын жазудағы мақсаты – осы олқылықтың орнын толтыру.
Еңбекте ғалымның теориялық пайымдары және ғылыми тұжырымдары негізінен ХХ ғасыр басындағы ресей және дүниежүзілік әдебиеттану ғылымының контексінде (Б.В. Томашевский, В.М. Жирмунский, А.И. Белецкий, Г.О. Винокур, Ю.Н. Тынянов, Р. Якобсон, В. Кайзер, Г.Г. Гадамер, В.Б. Шкловский, М.М. Бахтин, Цв. Тодоров, Р. Уэллек және О. Уоррен, Ю.М. Лотман, М. Гаспаров) талданады. «Әдебиет теориясындағы» әрбір категорияның табиғатын ашу барысында бүгінгі әдебиет теоретиктерінің (В. Шмид, Е. Фарино, В.Е. Хализев, С.Н. Бройтман, Н.Д. Тамарченко, И.В. Силантьев, О.А. Клинг, Д. Каллер, В.И. Тюпа, С.Н. Зенкин т.б.) зерттеу тәсілдері де назардан тыс қалмады. Зерттеу барысында ғалымның сөз өнерін зерттеуге арналған әдістемелік ұстанымы басшылыққа алынды. Негізінен мұндай тәсілдің яғни, «Әдебиет теориясындағы» жүйенің сақталу себебі – пән талабынан шығып отыр. Кітап басындағы әлемдік ғылымның ірі өкілдерінің эстетикалық ой-пікірлері мен қазақ әдебиеттанушыларының еңбектерінен алынған теориялық түйіндер автордың бұрын-соңды айтылмаған соны бағыттағы реминисценцияларға, ремаркаларға, интерпретацияларға, логикалық семантикаға негізделген сөз өнерінің жүйесінен бастап, әдебиеттану ғылымының тарихындағы белгілі мектептер, үлкен ағым-бағыттар қасиеттеріне дейінгі аралықта – С.Н. Жәмбек сөз өнерінің ішкі спецификасын жан-жақты аналитикалық талдаудың озық үлгісін көрсетеді. «Әдебиет теориясындағы» бұл зерттеу жүйесі бүгінгі күн талап тұрғысынан да шығып отыр.
С. Жәмбек «Әдебиет теориясы» еңбегінде жалпы әдебиет теориясының әлемдік тарихтағы қалыптасу кезеңдерін, яғни көркемдік талғамның алғашқы белгілерін сонау көне үнді жырлары мен ежелгі көне Шығыстың деректеріндегі шежірелерден, грек ғұламалары Демокрит, Платон, Аристотель еңбектерінен, Батыс Европадағы Ояну дәуірі, орыс қоғамындағы дамумен бірге қазақ ағартушыларының эстетикалық пікірлеріне тоқталады.
С. Жәмбек қазақ әдебиеті теориясын жүйелеу барысында тынымсыз еңбектеніп, қисындық зерттеулерінде тереңдей түскенін көреміз. Еңбектің екінші үлкен бөлімі әлемдік әдебиеттанудағы мектеп, ағымдарға арналған. Мектеп, ағымдардың бастыларына терең барлау жасап, олардың өмірдегі орны мен табиғатын талдай білген ғалым әдеби мектеп, ағымдардың сыр-сипаттары, тарихы хақында тұшымды ойлар айтады (филологиялық мектеп (филологиялық мектептің историография, библиография, текстология үшін маңызды кейбір табыстары болғанын айту ләзім – С.Н. Жәмбек), эстетикалық догматизм (көркем әдебиеттің даму процесі бұл мектептің жалғандығын айтылмаш шарттардың бекер нәрсе екендігін дәлелдеп берді – С.Н. Жәмбек), биографизм мектебі (әдебиеттің тарихын жасау, теориялық байламдар айтудан гөрі жазушының жүрген-тұрғанын, киген киімін, ішкен тамағын, туған-өскен ортасын тәпіштеу арқылы ғұмырнама тудыру құнтталған. Задында шығармашылықты тек суреткердің өмірбаянымен, оның қасаң, тар биографиясымен түсіндіруге болмайтыны хақ – С.Н. Жәмбек), мәдени-тарихи мектеп (бұл мектепте бірқатар фактілер жинақталғанымен, метафизикалық, идеалистік әдіс әдеби дамуды, әдебиет пен қоғам арасындағы байланысты түсіндіруден шалғай жатты – С.Н. Жәмбек), тарихи салыстыру мектебі, немесе компаративизм ағымының (компаративистер әр түрлі халықтар әдебиетіндегі жанрларды салыстыра қарап, форма мәселесіне, сюжеттің шығуына байланысты көптеген пікірлер айтқан. Әдебиеттің әлеуметтік маңызына, эстетикалық сипатына бұл әдіс те терең бойлай алған жоқ – С.Н. Жәмбек), психологиялық мектеп (украин ғалымы Потебня, оның шәкірттері кейбір еңбектерінде жалпы бейне табиғаты, лексикалық құбылыстар орайында қызықты ойлар айтса да, тұтастай қарағанда, әдебиет процестеріне объективті баға беруден шет жатады – С.Н. Жәмбек), психоаналитикалық мектеп, немесе фрейдизм (Фрейд адам бойындағы ең басты қасиет, адам тіршілігін бағыттайтын қуат көзі – либидо (нәпсі) және қанға ұмтылу дейді. Осы екі тезистен шығарып тұтас система жасайды. Адамның бүкіл тіршілігін, оның өміріндегі әр кезеңдерін, шалыс басқан шақтарын, қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынасын – бәрін реттеп отыратын нәпсі деп біледі. Осыған шығармадан дәлел іздейді – С.Н. Жәмбек), формализм мектебі (формалистердің ден қойған мәселелері: өлең құрылысы, әуезділік заңдары, ұйқас, ырғақ мәселелері, сюжеттің құрамдас бөліктері. Бұл салада Жирмунский, Якобсон, Эйхенбаум, Тынянов, Лотман еңбектері ерекше – С.Н. Жәмбек), социологиялық мектеп (дөрекі социологизмнің өкілдері қоғам заңдарын әдебиетке механикалық түрде қолданып, метафизикалық жолға түсті. Бұлар ең алдымен жазушы шығармасын оның таптық тегімен байланыстыра қараған. 20-жылдары Мирский – Пушкинді, Кравченко – Гогольді, Нусинов – Успенскийді орыс әдебиетінің тарихынан сызып тастады. Қазақта Абай, Мағжан қараланды – С.Н. Жәмбек). Қорытындыда, әдебиеттану ғылымында аталмыш мектептер, бағыттар бірін-бірі ауыстырып, кейде қатар, қабат өмір сүрген. Оларда шашырандылық, әр нәрсенің басын шалу, эклекцизм, түрлі идеялар бар. Әдебиеттану ғылымының басты құралы, негізгі арқауы – эстетиканың айқын тұжырымдары мен принциптері болмақ», – деп түйіндейді автор.
С. Жәмбек оқу құралындағы «Қазақ әдебиетіндегі модерн, модернизм және постмодернизм» бөлімі әдеби шығармалардың жанрлық сипатын әлем әдебиетіндегі ортақ қисындарды басшылыққа ала отырып талдайды. Қазақ көркем әдебиетінде, мәдениетінде жалпы руханиятында орын алған әдеби-сыни мектептер, теориялар, концепциялар, парадигмалар («Жаңа сын», Структурализм, Рецептивті эстетика, Нарратология, Деконструктивизм, Герменевтика, Феноменологиялық мектептер, Мифологиялық сын, Модерн, Постмодерн); постмодернистік дискурс; негізгі тұжырымдамалар (француз философтары мен постструктуралистерінің Мишель Фуко, Жиль Делёз, Феликс Гваттари, Жак Деррида, Ролана Барт, Юлия Кристева, Жак Лакан, Жан Бодрийяр концепциялары) «Әдебиет теориясында» келтірілген теориялық пікірлер мен тұжырымдар, әдістемелік тұрғыдан алғанда туған ақын-жазушыларымыздың, ғалымдарымыздың ұстанымдарына жақын орыс әдебиеттануындағы белгілі әдебиет теоретиктері Б.В. Томашевский, В.М. Жирмунский, Ю.Н. Тынянов, Г.О. Винокур секілді т.б. ғалымдардың негізгі еңбектерімен салыстырылды. Осының нәтижесінде қазақ әдебиет теориясы мен аталмыш ғалымдардың теориялық поэтика, лингвистикалық поэтика, структуралистік, модернистік концепциялар ара-жігіне қатысты ұстанымдары айқындалып ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отыр.
«Әдебиет теориясының» құрылымдық ерекшелігі – тараулардың, жекелеген тұжырымдардың реті бір-бірінен туындап отыратын қисындылығында. Мәтіндегі теориялық әдіске негізделген баяндау тәсілінің (нарратив) бірден-бір ерекшелігі – нәрсенің анықтамасын айтудан бұрын оның қасиетін айтатынында. Яғни, кез-келген категорияны, әдеби құбылысты және т.с.с. түсіндіру барысында біз үйреншікті дедуктивті әдіспен емес, көбіне сол дедукцияның өзіне негіз болып келетін жолды ұстанып, нәрсенің анықтамасынан қасиетіне қарай емес, керісінше, нәрсенің қасиетінен анықтамасына қарай баяндалады. Және оны пәлсәпалық һәм филологиялық ұғым-түсініктердің ішінде – қарапайым түсінікті тілмен дәл әрі ғылыми тұжырымдалып (обобщение) беріледі. Сонымен қатар «Әдебиет теориясында» әдебиеттану ғылымының қай кезеңінде болса да қажеттілігінен айнымайтын сөз өнерінің теориялық негіздері көптеп кездеседі.
С. Жәмбектің «Әдебиет теориясы» – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңаша сипаттағы көрсеткіші болуымен қатар, теориялық ой-жүйесіне мықтап түрен салған, қазақтың толымды толғамын, зияткерлігін эстетикалық таным-білігінің молдығын танытқан бүгінгі күн тұрғысындағы аса зәру еңбек екендігін баса назар аударып айтқымыз келеді.
Әдебиет теориясындағы сөз еткен мәселелерге терең барлау жасаған, оқу құралының авторы еңбегін негізге алып, тақырыптарға топтастыра отырып бағамдау, т.т. келелі міндеттерді арқау еткен С.Н. Жәмбектің бұл жұмысы сөз жоқ осынау аса күрделі де күрмеуі тас түйін тақырып ауқымын еңсере алар дайындығы мол, зерттеуде зерделігі басым қалпымен қуанта алғандығын қадай айтамыз.
Оқу құралының тұжырымдары мен қорытындылары нақтылығымен, ғылыми көзқарастарының тиянақтылығымен маңызды. Жұмыстың құрылымы, тақырыптық-мазмұндық желісі жүйелі және ғылыми-теориялық тұрғыдан дәлелді, орындалу сапасы жоғары деңгейде көрінген және практикалық тұрғыдан да өзекті мәселелерге арналған.
Тақырып мазмұны ашылған, ғылыми дәйектермен дәлелденген. «Әдебиет теориясы» оқу құралының бөлімдері бірін-бірі толықтырып, бір-бірімен сабақтасып жатады және сатылы байланыстағы жүйелілікпен ұсынылған. Жұмыстың мазмұны салмақты, тілі жатық, ғылыми аппараттық талапқа сай, алдына қойған міндеттері дұрыс шешіліп, мақсаты толық орындалған.
Аян Қажыбай,
Ф.ғ.к., ҚР ПҒА-ның корреспондет мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *