Ғұмырын ғылымға арнаған ғалым
Әлімсақтан жеткен толғауы тоқсан әдебиеттің асыл мұрасы – эпикалық мол мұраларымыз кейіннен тасқынды судай ақын-жыраулар поэзиясына ұласты да, ХІХ ғасырдың екінші ширегінде ұлттық рухани олжалы аңсарларын хакім Абай қалаған тың жаңаша сападағы әдебиетке ауысты. Кемел бітімді қазақтың жазба әдебиеті ХХ ғасырдың басынан өткен ғасырдың аяғына дейін көркемдік дамуды басынан кешірді. Осы толықсып-жетілу, кемелдену, көркею үрдісінде төл әдебиеттің алдынан дәуірдің талай алмағайып бұралаң-бұлтарысы, асу бермес өткелі мен шың-құздары, ылдиы мен өрі, еңісі мен биігі кездесті. Уақыттың сонау өліара, қытымыр мінезі, азаттыққа, рухани дербестікке бет алған талай алаш арыстарын солдырып тастады. Ғасыр басында аққан қанда толас болмай, ел азып, жер тозып, ең сорақысы ай мүйізді, көк серкелерімізден, рухани көшбасшыларымыздан айырылған нәубеттен, тығырықтан шығар жол сұрқия идеологиялық қасапхана дәлізінен бір-ақ шықты. Бірақ алаштың өр рухы, жаны сірі екеніне сан мәрте көзіміз жетеді. Тәңірдің алқауымен, ғайыптап тайып, Алланың көзі түзу болсын дегенді медеу еткен қазақ әдебиеті өзінің көркемдік даму бағдарынан жаңыла қойған жоқ. Әдебиеттанудың өсу, жетілу жолында сойқанды жылдардың, желбуаз зымиян ұрандары да, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» гомосоветикустардың утопиясына бөленген әсіресе тапшылдық гөй-гөйлерді айналып өтпеген. Алайда, тәкәппар уақыттың ұлы тегеуріні бәрін де өз орнына қойды, тезіне салды. Оң мен солдың, ақ пен қараның ара жігін айырып бергендей. «Сөз жүзінде бостандық, іс жүзіндегі бодандық» билеген саясаттың қиянпұрыс улы зәрі бір күнгідей болмай үрген көбіктей жоғалып, құрдымға сіңді.
Киіз туырлықты қазақтың санасындағы еркіндік, тәуелсіз діл, адамгершілік ұстындар туған әдебиетіміздің үміт шырағы боп алға ұмсындырған. Тоталитарлық кезеңнің тар шеңберінде қыстыққан, шерменде күй кешіп ширыққан көркем сөзіміздің талайсыз тағдырына сенім болып, үміт соқпағының сүрлеуіне бағытталған алпысыншы жылдардың жылымығы келді. Бұл жылымық алтын күректің желіндей еркіндікті аңсаған өнер бітіміне үлкен леп әкелді.
Әдебиеттің аламан бәйгесіне алпысыншы жылдардың бас кезінде Ахмет Байтұрсыновқа айтқызсақ «Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, көңілін көгертуге құл халықтың» демекші әдебиеттанудың «адамдық диқаншылары», арғымақтарын алыстырған, жүйрік тұлпарларын жарыстырған, ерекше феноменді бір сеңгер баһадүр толқын қосылды. Қаңси бастаған тамырларға қан жүгірді. Әдебиеттің тақырыптық-идеялық өрісі кеңіді. Тар идеялық өрістен адамзаттық құндылықтарға бет бұрды. Кешегі атылған, асылған, айдалаған аға буын абыздардың орнына өртеңге шыққан өскіндей кейінгі толқындар, кейінгі алыптар басты. Бұл – пәрменді де қуатты буындар еді.
Біз бүгінгі мақаламызда жаһан соғысы кезінде туған буынның ішінде әдебиетте салғаннан өзіндік айшықты қолтаңбасын танытып, оқырманды елең еткізген, әдебиет сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген талантты, дарабоз ғалымдардың бірі – Рымғали Нұрғалидың қызметі мен шығармашылығындағы қадау-қадау желілерге кідіріп, өз шәкірттік пікірімізді, орайы келіп тұрғанда ортаға салуды құп көрдік.
Қазақ әдебиетінің, әсіресе ұлттық көркем сын мен әдебиеттану ғылымының кеңес дәуіріндегі ау-жайы сөз болғанда алдымен әдебиетіміздің көрнекті өкілі, һәм ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтің бір кездері сүйіспеншілікпен атап көрсеткен «алыптар тобының» ауызға алынары – еш талассыз жәйт. Есімдері ел есінен кетпес саналы өмірлерін рухани кеңістігін қорғауға, әдебиетіміз бен тіліміздің, мәдениетіміз бен өнеріміздің өрістеп, өркендеуіне арнаған, халқымыздың сүйіспеншілігіне ерекше бөленген, елдіктің ерен биігіне көтерілген, кескекті дәуір сомдаған кесек мінезді алыптар тобы, әлбетте терең толғаныстарға жетелейді. Толғанбасқа әддің жоқ.
Әдебиетіміздегі алыптар тобы атанған кешегі Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабидендердің өз дәуіріне сай «новаторлық» сипатын толыққан, жаңғырған, кемелденген рухани ізбасарлары еді. Қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің асылы да, бары да, нары да осылар екендігін халайықтың жүрегіне сіңіріп, әсіресе ауыз толтырып айтуымыз қажет сияқты. Осы алыптардың ізін өкшелеп басқан әдебиеттанудың іргетасын қаласып, еңбек торысы атанған Бейсембай Кенжебаев, Қажым Жұмалиев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайылов, Айқын Нұрқатов т.т. болды. Осынау ғаламат ұстаздардан тәлім алып «аузына Мағжан түкірген кешегі Кенжебаевтың төл шәкірті» Рымғали Нұрғали болғандығы әмбеге аян. Қазақтың жазба әдебиеті көне дәуірдегі Орхон-Енисей жазба жәдігерлерінен бастау алатынын, оның жүйелік классификациясын тұңғыш ұсынып, дәйекті дәлелдермен шегелеген, заңғар әдебиетші, сұлтанмахмұттанушы Бейсембай Кенжебаевтың үлкен жүректі ұстаз болғандығын академик Р. Нұрғалидың мынадай бір ғиззат лебізін айтып, алғысын білдіргені бар. «Ойпырмай, Бейсекең жарықтықты мен, Мұхтар, Мырзатай үшеуіміз кезек-кезек емдік қой езуімізден сүт аққанша. Таусылмаушы еді жарықтықтың сақтағаны. Сарқыты Құлбеке дейін жетті ғой». Осы бір көкіректі кере шыққан шәкірттің ұстазына деген бүкіл толғауы мың тірлік пен бұлтарысты болмыстың қадір-қасиеті бір-ақ ауыз сөздің қауызына сыйып тұр. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.
Ғалым хақында сөз басталып, әңгіме арқаны ағытылса әдебиетшілеріміз «ғылымға не жаңалық әкелдіге» ұқсас әбден таптаурын болған, айта-айта мезі қылған сұрақтарды жалаңдатып, сол сауалдың жауабын табамыз деп ығыры шығады.
Р. Нұрғалидың ғылыми қызметі жөнінде ойымызды білдіруге кіріспес бұрын, бір нәрсенің бетін ашып алсақ дейміз. Әдебиет айналымының үлкен иіріміне түскен дүниелерді ғана жаңалық деп тану парыз. Әдеби-сын құбылыстың жаңалық деп мойындалуы үшін аралық қажет. Аралық ұлғайғанда ғана асқар таудың сұлбасы, барша пошымымен көзге шалынбақ.
Әдебиетші — ғалым, сарабдал сыншы, кәнігі аудармашы Р. Нұрғалидың алуан арналы да салиқалы, ажарлы да базарлы туындылары, жілігін шағып, майын тамызған сындарлы талдау еңбектері, қазақ, орыс екі тілді тең, тел емген түпнұсқадан айнымаған кәсіби аудармалары, мол эрудиция мен жоғары талғамды шығармалары оқырман қауымның көзайымына айналып, ыстық ілтипатқа бөленгеніне қырық жылдан астам уақыт та болып қалған екен. Қырық жылға ұласқан ғылыми ізденіс жолында Р. Нұрғали талғамы терең оқушы жүрегіне тура жол тауып, сыршыл да сыншыл әдеби зерттеулерімен, ойшыл да шұрайлы кесек монографияларымен, өткір де өзекті публицистикаларымен кеңінен танылған сыншы, қаламгер, журналист. Еліміздің тұңғыш білім қара шаңырағы – қарт ҚазМУ-дың қасиетті қабырғасында ұстазы, професор Б. Кенжебаевпен бірігіп жазған университет баспасынан сонау 1961 жылы шыққан Сабыр Шәріпов туралы кітапшадан бастап, қазақ әдебиетінің тарихына, теориясына, көкейкесті, өзекті проблемаларына арналған монография, сын, зерттеулерден тұратын, қазақша, орысша басылған жүйелі, іргелі еңбектерді қамтып, күні кеше «Күлтегін» баспасы шығарған, әлі сиясы кеуіп үлгермеген «Қазақ әдебиетінің алтын ғасырына» жалғасқан 500-ден астам әдеби сын мақаласы мен ондаған ғылыми-зерттеу кітаптары соның айғағы.
Кең құлашты энциклопедист ғалым Р. Нұрғалидың тілге тиек болар кітаптары жетіп артылады. Зердеге салар болсақ бұл еңбектерде автордың неше алуан эстетикалық, моральдық-этикалық, патриоттық қуаты ескерілген. Сайып келгенде әдебиеттану саласының төрт тағаны – әуезовтану һәм алаштану, драматургия поэтикасы, «Қазақ революциялық поэзиясы», көркем әдеби-сын жанрлары турасында ғалымның із қалдырмаған ашық алаңқайын таппайсыз. Үлкен талант рухы, шығармашылық шабыт, терең теориялық білім, үздіксіз іздену, өнердің, әдебиеттің даму процесіне әлемдік биік талап тұрғысынан қарау Р. Нұрғали қаламгерлігінің шығармашылық кредосы, өнегелік сипаты болса керек. М. Әуезов трагедияларын жан-жақты саралаған «Трагедия табиғаты» (1968), өнер деген қасиеттің олжалы арнасы – театр саласының дара дәулескері, «Қазақтың Станиславскииі» атанған еліміздің халық артисі, драматургы қазақ ұлттық театрының алғашқы режиссері Жұмат Шаниннің ғибратты өмірі мен шығармашылық жолын суреттеу арқылы театр өнерін дәріптеген «Талант тағдыры» (1969), қазақ драматургиясының поэтикасын зерттейтін «Күретамыр» (1973), әдебиет пен эстетика негіздеріне талдау жасайтын «Өнер алды – қызыл тіл» (1974), «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1979) кітаптары әдебиеттану ғылымын тың парасатты-пайым, дәйекті тұжырым, көкірегі қордалы соны ой-пікірлермен байытты.
М. Әуезов шығармашылығын зерікпей зерттеу барысында автор ұлы қаламгердің публицистикасын, драматургиясын, прозасын алаш ұранды әдебиетпен байланыстыра қарады. «Абай», «Сана», «Сарыарқа», «Ақ жол» секілді тыйым салынған мерзімді басылымдарды пайдаланды. «Көксеректі», «Хан Кенені», «Қилы заманды» трагедиялардың тырнақ алды нұсқаларын жаңаша пайымдады. Жас ғалымның қия жолындағы мұндай ізгілікті ізденіс әрекеті «Өз ауылының иттері үріп қапқан» ескі көзқарастағы әдебиетшілердің, ресми мекеме қызметкерлердің тарапынан аяқтан шалар содыр наразылығын тудырды. Зерттеушінің табысы саяз біреулердің көзіне күйік болып, Мәскеуге арыздар айдалды. Іргелі еңбектің мәйегі бағаланбай, автордың «ұлтшылдығы», «саяси шикілігі» туралы небір қисынсыз, опасыз ғайбат қалыңдап, 5 жылға созылған сергелдең жас жігітке ауыр соққы болып тиді. Ғалым домалақ арыздың бекерлігіне, жөнсіздігіне налыса да, жасыған жоқ. Қайта жігерленіп, қайраттанып, еселі тер төгіп үш жаңа ғылыми монография (екеуі қазақ, біреуі орыс тілдерінде) жазып, досын да, қасын да әбден мойындатып, екінші қайтара диссертация қорғап, 1983 жылы ғылым докторы дәрежесін алады. 1984 жылы профессорлық атағы беріледі, ал 1989 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелігіне сайланады.
Р. Нұрғали 1962–1965 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің тың өлкесі бойынша меншікті тілшісі, 1966–1968 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында сын секциясының меңгерушісі, 1968 жылдан Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор, филология факультетінің деканы, 1986-1997 жылдары Қазақ Энциклопедиясының бас редакторы болды. Энциклопедия редакторы болып, өзінің барлық қалам қуатын, тума талантын сарапқа салған, соңыра республика Мемлекеттік сыйлығына ие болған абайтанушы ғалымдармен бірлесе шығарған ұжымдық кесек туындысы – «Абай» есімнамалық энциклопедиясы еді. Қазақ мәдениетіне алтын дінгектей асыл мұра болып қосылған бұл басылым профессор Р. Нұрғалиұлының жөн-жобасымен, тікелей қатысуымен түркі әлемінде алғаш рет жарық көрді.
Р. Нұрғалидың кәсіби, шебер тәржімасында Лев Толстойдың «Әзәзіл» повесі, Николай Погодиннің «Салтанат жыры» драмасы, Әлім Кешоковтың «Соңғы шақырым» пьесасы, эстон әңгімелері, «Әшкерелеу», «Бағзы күндер істері» фильмдері қазақша сөйледі.
Қоғамдық ойдың антологиясы, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алтын қоры алып бәйтеректері 30-шы жылдар саяси қуғын-сүргіннің құрбандары Ш. Құдайбердиев, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаевтарды ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия мүшесі болған ұлтжанды азамат Р. Нұрғали қажетті құжаттарды дайындауға белсене ат салысып, тұңғыш ғылыми-зерттеу кітаптар жазып, мақалаларын жариялады. Заңсыз қудаланып, ақталған, ортамызға қайта оралған алаш арыстары, Ж. Шанин және М. Әуезов шығармаларын талдағанда («Әуезов және Алаш» монографиясы) Р. Нұрғали ең алдымен әдеби мәтінге, шығармалардың шығу төркініне, түрлі нұсқаларына, жанрлық формаларға, сюжеттік-композициялық ұқсастықтарға, типологиялық қайталауларға, әдеби дамудың ерекшеліктеріне мән беріп, әлеуметтік-қоғамдық идеяларды қарастырып, ғылыми қорытындылар мен байламдар жасайды.
Автордың орыс тілінде жарияланған үш монографиясы – «Поэтика драмы» (1979), «Древо обновления» (1989), «Вершины возвращенной казахской литературы» (1998) кітаптары әлемдегі өзге ұлттарға қазақ әдебиетінің қазына байлығын таныстыруда таптырмас аса зәру еңбектер.
Қай кезеңде болмасын қаламгер санаға дегбір бермеген, жүрегін сыздатқан жайды бейнелеуді қолайлайды. Сыншы сыры да, ерекше қыры да осы сыздауық – нүктеден басталса керек. Бұл сыздауық қазақ драматургиясы еді.
Алғашқы ғылыми дүниесі «Трагедия табиғатында» сыншы негізінен, Әуезов драматургиясының жеке саласын – трагедияларын ғана зерттеу нысанасына айналдырған. «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз», «Түнгі сарын», «Абай» туындыларындағы образдар галлереясы, дәстүр мен жаңашылдық, қаламгер эволюциясы, реалистік арналар, характер, сюжет және композиция, конфликт мәселелері, суреткер шеберханасының қыр-сыры ықтиятпен, қадағалана тексеріліп, «қазақ әдебиетінің алтын жамбыдай қымбат, асыл шығармалары», Әуезов трагедиялары – шын мәнісіндегі ғылыми, сыни сарапқа түскен еді.
«Трагедия табиғатынан» бастау алған үрдісті арна — драматургиядағы образ табиғаты, өнердің болмысы, поэтика төңірегіндегі тұжырымдар, әзіл мен сықақтың эстетикалық мәні, дәстүрдің жаңғыруы «Өнер алды – қызыл тіл», «Күретамыр» монографияларында бедерлене айшықталып, кең жоспарлы, соны мазмұнды ғылыми-зерттеу трилогиясы «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» монументальды кітаптарын туғызды.
Қазақ драматургиясының жанрларын («Трагедия», «Комедия», «Драма») жүйелі түрде зерттеу, бүгінде жанрлық дамуды басты үрдістерін ашып көрсетуді нысанаға ала отырып «әдеби-көркем процесс диалектикасына» бойлап енуді, ұлттық және халықаралық дәстүрлердің ара қатынасын көрсетуді белгілі кезеңдердегі әдеби даму заңдылықтарын ашуды міндетіне алған.
Сын – өнер. Сын уақыт қажеттілігінен туған, қоғамдық, эстетикалық, философиялық ой-сананың өзгеше бір формасы. Әдетте, көркем шығарманың эстетикалық әсер-ләззаты көп айтылады. Осы әсер сынға жат па? Жоқ! Сынның да өз эстетикасы бар. Ол әсердің кілтипаны – парасатты сыншы ойларының тереңдігі мен сыншылдығы. Ұлы сыншы В.Г. Белинский айтқандай, әр сыншының өз қолтаңбасы, өз сезім-тұжырымы, ой-талғамы, өз биігі болсын. Демек, сыншы әдебиет мерейі үшін күрескер. Көркем шығарманың құбылмалы сырын, эстетикалық сипатын, өнер гармониясын, сезімтал жүрек жылуына, қатал талап сарабына салу қасиет болса, күрделі әдеби құбылыстың барыс-бағдарын, жеміс-жетістігін, кем-кетігін байқап, даму үрдісін кең арнаға жайып салу – сын міндеті болмақ. Бұл ретте «Телағыстың» әдебиет көкжиегінен көрінуі – өнерсүйер, сөз өнерін қастерлер көптің рухани сұранысын өтеуі орынды. Шынтуайтында, әдеби дәстүр мен әдеби даму – сөз өнерінің өткенін, бүгінін, болашағын тұтастай қамтитын ұғымдар. Ал осы ұғымдардың тізбек-тізбек, тарам-тарам теориялық түйіндерге ұласып, суыртпақтала шешілуі «Әдеби дәстүр», «Әдеби байланыс», «Әдеби шығарма», «Әдеби тұлға», «Әдеби қозғалыс» тарауларының сыбағасында. Әдеби сынға, теориясына, поэтика, текстология, аударма мәселелеріне назар аударылып, алма-кезек сөз жүйесіне еніп, ортақ байламға әдеби дәстүр мен әдеби даму деп түюге қызмет жасаған. Поэзия сынына қатысты зерттеушінің «Қазақ революциялық поэзиясы» монографиясы ешкімді бей-жай, енжар қалдыра алмасы анық. «Қазақтың революциялық поэзиясы – сан алуан ғылыми-теориялық, әдеби-сын, философиялық-эстетикалық зерттеу еңбектерге объект бола беретін күрделі де қызықты проблема. Бұл мәселенің таратып әкететін жүйе-жүйе, сала-сала тармақтары бар. Алғаш Сәкен, Ілияс сынды алып ақындар әкелген соны тақырыптар, жаңа образдар, символдар, идеялар, сарындар, мотивтер кейінгі поэзиямызда қандай көріністер тапты деген сұраныстардың жауабын әр кезеңдегі талантты ақындардың поэзиясын зерттеу арқылы ұғар едік», – деуі әбден орынды.
Абай, Шәкәрім, Әуезов сынды даналардың бесігі болған киелі Семей өңірінде, Қарқаралының оңтүстік-шығысындағы Абыралы тауларының құтты ұясы – Қайнар ауылында дүние есігін ашып, ғылым көгіне сұңқарша самғаған Нұрғалиұлы Рымғали хақында сөз әлі көп. «Көп сөздісің» дегенге біреу жауап айтыпты, «Екі жүз қырық беті бар Құраннан көп сөзді емеспін» деп. Біз де сол айтқан данышпандай, данышпан Р. Нұрғали жөнінде қанша айтсақ та, том-том кітап жазсақ та көптік етпейді.
Ғалымның үлкен жүректі азаматтығы, «ұлық болсаң, кішік болғайдың» керемет қарапайым тұлғасы пір тұтарлыққа әбден лайық. Жақсының аты, ғалымның хаты барда, әдебиетіміздің мерейі үстем болып, көсемсөздің туы жығылмай рухани айдынға бастайды. Бүгінде әдебиеттану ғылымының биігіне алқынбай көтерілген, ұбақ-шұбақ әдеби көш-керуеннің тұрманы түгел, көлігі аман, Рыкеңнің мәңгі ғалым хаты мен «Сырлы сөзі» еліне, жеріне, тіліне деген шексіз ардың ісі, адал тілектің
сыбағасындай сезіледі.
Аян Қажыбай,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі