9. ЖАҚША
§ 64. Қыстырма сөйлемдер не сөз тіркестері жақшаға алынады (II тарау, § 54-ты қараңыз).
§ 65. Белгілі бір сөздерді түсіндіру үшін оның аудармасы, синонимі т.б. беріледі де, жақшаға алынып жазылады:
1900 жылдың желтоқсанында шетелге “Искра” (“Ұшқын”) газетінің бірінші нөмірі шықты. Газеттің атынан соң “Ұшқыннан жалын лаулайды” деген нақыл сөз (эпиграф) жазылды.
§ 66. Алынған сөйлем, дәйексөздің және мысал қайдан, кімдікі екенін көрсету үшін, оның соңынан жазылған кітаптың аты, авторы т.б. жақшаға алынады:
“Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі – халық әдебиеті деп едік… Бірақ ол мұның да қызығын ерте тояттап, ескірген ел даналығын көп ұзамай-ақ өзіне мұра санаудан қалған сияқты” (Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы. “Ғылым” баспасы, 1966, 296- бет).
§ 67. Драмалық шығармалардағы ремаркалар (автордың түсіндірмелері) жақшаға алынады:
А м а н г е л д і . Миша! (Жайнаққа.) Әкет мыналарыңды! (Жайнақ Жапарларды айдап кетеді.) Миша, аман қайттың ба? (Амандасады.) (Ғ.Мүсірепов.)
§ 68. Мәселенің талас я күдікті екендігін көрсетіп, оқушының назарын аудару үшін, біреуден келтірілген дәйексөздің ішіндегі жеке сөздерге не сөйлемге қойылатын леп, сұрау белгілері жақшаға алынады (қосымшаның § 14-ін қараңыз).
§ 69. Келтірілген мысал не дәйексөздің ішіндегі белгілі бір сөздерді не сөйлемдерді санамалап көрсету үшін, жол-жөнекей қойылатын цифрлар (не әріптер) екі жағынан жақшаға алынады:
(1) Жасыл желегін бүркенген қарағайдың арасымен жүріп отырып, (2) Асқар көлдің қабағына шықса, (3) мұз бетінде бірсыпыра кісі сырғанақ теуіп жүр екен. Мұнда үш сөйлем бар… (“Қазақ тілі грамматикасы”).