Аян Төлегенұлы

 

1999 жылы Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тарих-филология факультетінің «021140 – Халықаралық журналистика» мамандығына қабылданып, 2004 жылы оқу-өндірістік жоспардың толық курсын өтеп, үздік дипломмен тәмамдап, халықаралық журналист біліктілігін алады. «Ғылым және білім» атты жыл сайынғы студенттердің ғылыми-практикалық конференцияларда «философия тарихы және ғылымның әдіснамалық негіздері», «әлеуметтану», «қазіргі жаратылыстану тұжырымдары» пәндері бойынша І дәрежелі дипломдармен марапатталған. 2004–2007 жылдары аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті және шетел әдебиеті» кафедрасының аспирантурасында (кандидаттық диссертация жұмысының тақырыбы: «Белгібай Шалабаевтың ғылыми-сын, әдеби аударма еңбектері». Ғылыми жетекшісі филол.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі, кафедра профессоры, меңгерушісі Р.Н. Нұрғали) оқиды.

Белгіленген уақыт мерзімінде Аян Қажыбай кандидаттық минимум көлемінде ғылым тарихы мен философиясы «өте жақсы», шет тілінен (ағылшын тілі) «жақсы» және 10.01.02 – қазақ әдебиеті (арнайы пән) емтихандарынан «өте жақсы» деген бағаларға тапсырып шықты. Жұмыстың мазмұнын құрайтын теориялық мәселелері мен тұжырымдары, түйіндері мен негізгі нәтижелері, республикалық мерзімді баспасөз бен ғылыми жинақ басылымдарда жарияланды. Зерттеу тақырыбы бойынша 14 ғылыми мақала, «Белгібай Шалабаев: (Өмірі мен ғылыми-шығармашылық қызметі)» атты биобиблиографиялық көрсеткіш көмекші оқу құралы жеке кітап болып жарық көрді (Белгібай Шалабаев: (Өмірі мен ғылыми-шығармашылық қызметі). Биобиблиографиялық көрсеткіш. – Көкшетау: «Келешек–2030», 2009. – 212 б. (13,2 б.т.) – қазақша, орысша). 6 мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттесттау комитеті бекіткен ғылыми басылымдарда жарияланған. Жұмыстың түйінді мәселелері мен негізгі қорытындылары 8 республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда баяндама ретінде таныстырылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2011 жылғы 31 наурыздағы шешімімен (№ 3 хаттама) оған филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. 2008–2011 жылдары аралығында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Қазақ филологиясы» және «Орыс филологиясы» кафедраларының аға оқытушысы болып қызмет етіп келді. 2011–2016 жылдары аралығында «Көкше» академиясы «Гуманитарлық-педагогикалық» факультетінің «Қазақ филологиясы және шет тілдері» кафедрасының доценті міндетін атқарушысы болып жұмыс істеп келді.

Осы мерзім аралығында Аян Төлегенұлы ғылыми-шығармашылық, оқытушылық қызметімен қатар, академияның ішкі жұмыстарына, іс-шараларына белсенді араласып, қатысып жүрді. «Қазақ филологиясы және шет тілдері» кафедрасының жанынан құрылған «Жас қалам», «Мирас» атты әдеби-танымдық үйірмелердің жетекшісі болды. Студенттермен тәрбие жұмысын жүргізуде өз қабілетін таныта біліп, студенттердің әдебиет тарихы, этнография, лингвомәдениеттану бағытындағы «Мирас» атты ұйымының құрылуына ұйытқы болған. Оқушыларға кәсіптік бағдар беру мақсатында мектептерде кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырған білікті маман.

Аян Төлегенұлының ғылыми-зерттеулер жазуда қол жеткізген табыстары баршылық. Бүгінде қырықтан астам ғылыми мақалалары мен конференцияларда жасаған баяндамалары ғылыми жинақтар мен журналдарда, альманахтар мен хабаршыларда жарық көрген. Өзінің кандидаттық диссертация негізінде екі монографиясы жарық көрді: 1) Белгібай Шалабаевтың ғылыми-зерттеу және көркем аударма еңбектері. – Монография. – Көкшетау: «Көкше» академиясының баспасы, 2015. – 556 б (32,47 б.т.); 2) Белгібай Шалабаевтың ғылыми-сын, әдеби аударма еңбектері. Монография. – Қарағанды: «АҚНҰР» баспасы, 2018. – 408 б. (44,25 б.т.) Өзі дәріс әрі практикалық сабақтарды беріп жүрген «Қазақ халық ауыз әдебиеті», «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиеті», «Әдебиеттануға кіріспе», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», «Абайтану», «Шетел әдебиетінің тарихы», «Аударма теориясы», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәндері ғылыми деңгейінің жоғарылығымен, деректілігімен, тартымдылығымен ерекшеленеді. А. Қажыбай – қазақ әдебиеті тарихын оқытуға, сонымен бірге оқу фольклорлық тәжірибені өткізуге арналған бірнеше әдістемелік нұсқау құралдарының авторы. Академия көлемінде, халықаралық, республикалық конференцияларда Аян Төлегенұлының жасаған баяндамалары ғылыми-теориялық тың пікірлермен, ой дербестігімен жоғары бағаға ие. Ол жетекшілік еткен студенттердің дипломдық, курстық жұмыстары өзінің сапалығымен дараланады.

Ғылыми, тәрбие жұмыстары мен педагогикалық әрі ұйымдастырушылық шеберлігі үшін А. Қажыбай жоғары ұйымдардың құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Аян Қажыбай 2016 жылдың қыркүйегінен бастап, Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынының «Тіл және әдебиет» кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарып келеді. 2018 жылы Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының шешімі бойынша VI Республикалық тәуелсіз қоғамдық байқаудың жеңімпазы ретінде «Үздік Ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Жалпы жиналысының 2018 жылғы 12 мамырдағы шешімімен Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының КОРРЕСПОНДЕНТ МҮШЕСІ атағы берілді. Қорыта келгенде, Аян Төлегенұлы білімді, ғылыми жұмыстарды үнемі ізденіс үстінде алған тақырыбына орай өрістетіп, тұжырымдай алар қабілетімен дараланады. Ол қалыптасқан зерттеуші ретінде өзіне қатысты мәселелерді талғампаздықпен тани білетін әрі сол төңіректе концептуалдық тың ойларға өріс ашатын қасиетімен көзге түсіп отыр.

100janaesim.ruh.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *