ӨНЕРІН ӨРЛЕТКЕН ТОП

ӨНЕРІН ӨРЛЕТКЕН ТОП




«Қазақстан камератасы» ансамбілі 1997 жылы құрылған. Профессор Гауһар Мырзабекова консерваторияның ең мықты 16 түлегінен тұратын талантты жас музыканттардың басын қосып, камералық ішекті аспаптар ансамбілін жасақтайды. Ансамбльдің атын «Камерата» деп атайды. Камерата – италияның «camera» деген сөзінен шыққан яғни «бөлме» немесе «палата» деген ұғымды білдіреді. Бұл ансамбльдің ерекшелігі әрбір музыкант жеке солист болуымен қатар өте шебер орындаушы болып саналады.
«Қазақстан камератасы» жас музыканттардың ұжымынан тұрса да олар өздерінің жоғарғы кәсіби деңгейін көрсете білді. Ансамбльдің репертуарының ауқымы кең. Ансамбль көне классикалық шығармалардан бастап, жаңа заман туындыларын орындап келеді. Оркестр әртістерінен ең жоғарғы орындаушылық шеберлік талап етіледі. ХVIII ғасырдың көне скрипкаға арналған шығармаларын орындау үшін ансамбль музыканттары ақсүйектер заманынан жеткен аса сыпайылық пен тәрбиелілікті ұстана отырып, сол уақыттағы музыка орындау шеберлігін көрсетуге талпынады. Тыңдаушылар мен көрермендер болса, ұлы Вивальди мен Гайднның туындыларындағы ішкі сезім әлеміне бойлап, сол заманның көңіл-күйін сезіне алған.
Неміс композиторы Франц Шуберттің «Ажал мен қыз» атты шығармасы орындаушыдан ерекше психологиялық көңіл-күйді талап етеді. Музыканттар ауыр оқиғаны бастарынан кешіріп, өздері жантәнімен сезінгендей шығарманы терең тебіреніспен орындайды.
Ал, ХХ ғасырдың жаңа заман композиторы Альфред Шниткенің күрделі Сонатасын орындағанда музыканттардың келбеті мүлде өзгеріп қоя береді. Скрипка аспабы осы заманның алай-дүлей қарқынын сезінгендей бірде қатқыл, бірде шапшаң, бірде баяу, бірде бәрін жайратып салғандай әсерге бөлейді.
«Камерата» ансамбілінің репертуарында – Тілес Кажғалиев, Мансұр Сағатов, Алмас Серкебаев, Қуат Шілдебаев, Серік Әбдінұров сынды қазақ композиторларының шығармалары бар. Ансамбль бүгінгі заманның шығармаларын үлкен ықыласпен орындап келеді. Қазақ композиторларының шығармалары тек Қазақстан тыңдармандарын ғана емес, шет мемлекеттердің де тыңдармандарының қызығушылығын арттыруда.
«Қазақстан камератасы» ансамблінің жоғарғы деңгейдегі орындау мәдениеті оларды тек қана Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде танымалдылыққа жеткізді. Ансамбль Венгрия, Чехия, Германия, Македония, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Жапон мемлекеттерінде өнер көрсетіп үлкен абыройға ие болды.

Музыка тыңдайық:
«Қазақстан камератасының» орындауында Серік Әбдінұровтың ішекті аспаптар оркестріне арналған «Шертпе» атты шығармасын тыңдап көрелік!

Біліп ал!



XVI—XVIII ғасырларда Еуропа мәдениетінде «камералық музыка» дейтін ұғым ақсүйектерге ғана қатысты болған. «Камералық музыка» екі немесе онан да көп музыканттар орындайтын аспаптық және вокалдық музыка болып табылады. Көбіне-көп камералық музыка бөлмелерде немесе кішігірім залдарда орындалатын. Сол себепті «камералық музыка» яғни «бөлме музыкасы» деп аталып кеткен.
XVII ғасырдан бастап камералық музыка ақсуйектердің қонақ бөлмелерінде шағын тыңдаушылардың ортасында орындалатын болған. Камералық ансамбльдер дуэт түрінде — скрипка мен фортепианоның, трио – скрипка, альт, виолончель және квартет яғни төрт аспаптың қосылуымен орындалған. Концерт залдары үлкейе келе ансамбль құрамы да ұлғайып квинтет – бес аспаптан құрылған ансамбль, секстет – алты аспаптан және септет – жеті аспапқа дейін жетеді. XIX—XX ғасырларда камералық оркестр пайда болады. Оркестр құрамы 15-20-ға жуық музыканттармен толықтырылады.

Сұрақтар:
1. «Қазақстан камератасы» ансамбілі қашан құрылды?
2. Ансамбльдің құрамында кімдер болды?
3. Ансамбль қандай шығармаларды орындады?
4. Не себепті «Камералық музыка» деп атайды?

Тапсырма:
1. «Өнерін өрлеткен топ» тақырыбын оқып кел.
2. «Біліп ал» бөлімі бойынша оқып, талдау жасап кел. 3. Домбырада «Шернияз» күйінің үйренген буынын жаттап кел.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *