ӘН ҚҰДІРЕТІН АСҚАҚТАТҚАН МҰХИТ САЛ
Атақты Мұхит салдың «Үлкен айдай» әнін тыңдағанда қазақтың белгілі ақыны Қадыр Мырзалиевтің өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Ақын өзінің «Мұхит» атты өлеңінде әншінің асқақ дауысын былайша толғаған екен:
Сақараның сазгері ол бір ақын, Жер түбінен қолпаштап алдыратын. Мына қырдан ән салса ана қырдың, Құлағының құрышын қандыратын.
Шалқан шабыт құдайдан жасқанды ма?
Өтті дәурен, қызықтар бастан мына. Көкжиекті итеріп төтен даусы, Ысыратын әрірек аспанды да.
Атақты әнші-композитор Мұхит атағы шыққан ақын Бала Ораз туралы көп естиді. Оның әндерін тыңдап өзін көруге құмартып жүреді. Мұхит Бала Оразды арнайы іздеп барады. Мұхитты Бала Ораздың ауылы үлкен сый-құрметпен қарсы алады.
Мұхит ұзақ уақыт Бала Оразға еріп жүріп оның айтқан әңгімелерін тыңдап, өлеңін жаттайды. Ол Бала Ораздың шығарған айтыстары мен көптеген өлеңдерін әнге қосып айтып жүреді. Мұхиттың Бала Оразбен қоштасар сәті де келеді.
Сонда Мұхит: “Ораз аға, мен сіздің үлкен ағалық құрметіңізге ризашылығымды білдіріп, үлкен өнеріңізге тәнті болып, сізге арнап бір ән шығарып едім. Сол әннің атын “Үлкен Ораз” қойдым”, — деп өзінің Бала Оразға арнаған әнін айтып береді. Сонда әнді тыңдап бола берген Бала Ораз: “Қарағым, Мұхит, рахмет. Мені жастайымнан ел еркелетіп Бала Ораз деп атап кетіп еді. Ал өзің болсаң менің өнерімді “Үлкен айдай” деп халыққа таратып жүрерсің”, — деп батасын беріп шығарып салады. Содан бастап бұл ән ел арасында “Үлкен Ораз” немесе “Үлкен айдай” болып таралып кетеді”.
Ал ақын Қадыр Мырзалиев осы әннің құдіретін асқақтатып өзінің жыр жолдарын арнаған екен. Өткізсе егер думансыз бір түн ақын, Айдынына көңілдің жұрт тынатын. Әнін салса Мұхитың, салмақ болса, Біреулердің көмейі жыртылатын.
Таныс дауыс, даланың киігіне, Күйік қосар іштегі күйігіне. Мұхит қана салады Мұхит әнін, Шырқауына жеткізіп, биігіне…
Ән тыңдайық:
Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында
Мұхиттың «Үлкен айдай» әніне құлақ түрелік.
Біліп ал!
Үлкен жәрменкелер мен той-думандарға қатысып ән салып, атағы елге ерте тарап кеткен дүлділ әнші Мералыұлы Мұхит. Мұхит 19 ғасырда қазіргі Орал облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Мұхиттың кең ауқымды, күрделі де
асқақ әндерінің дүниеге келуі, сол кездегі Бөкей ордасында қалыптасқан дауылды күйшілік дәстүрдің әсері екені сөзсіз. Мұхиттің «Паң көйлек», «Зәуреш», «Айнамкөз» сынды көптеген әндері елге танымал.
Білесің бе?
Қадыр Мырзалиев – ақын (05.01.1935) Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты аулында дүниеге келген. 40 астам жыр жинақтарының авторы. Қадыр Мырзалиевтің 200 – дей өлеңіне ән жазылған. Драматургияда Алдаркөсе туралы «Сақалдың саудасы» сатиралық комедия мен Махамбеттің соңғы күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» драмасын жазды. Ақынның шығармалары көптеген басқа халықтардың тілдерінде жарыққа шыққан. Балаларға арналған жаңылтпаштары мен жұмбақтары, мысалдары мен санамақтары, ертегілері мен балладалары кеңінен танымал.
Сұрақтар:
1. Мұхит кімнен бата алады?
2. Не себепті Мұхиттың әні «Үлкен айдай» болып аталып кетеді?
3. Ақын Қадыр Мырзалиев Мұхит өнерін қалайша жырға қосады?
Тапсырма:
1. «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада «Құс қайтару» күйінің келесі буынын жатта.