ҚҰРМАНҒАЗЫ ЖАЙЛЫ БІР ТОЛҒАУ
Төлеубайтегі. Құрманғазы.
Құрманғазы өмірі сан соқпақты тарихтың ащы тағдырымен астасқан арпалыс. Құрманғазы қазақ үшін ұлы күйші, ғаламат қайрат пен жігердің иесі. Құрманғазы бүтін ұлттың ұйтқысы. Құрманғазы аты халықтың жоқшысы ел мұңының жаршысы іспетті. Ол сөйлемеді, ол айтпады, оның домбырасы ел тағдырын сөз етті, халықтың жоғын жоқтап, мұңын айтты. Сол үшін күресті, өмірін арнады. Құрманғазыны халық аңыз етті оны күйшіге, ақынға, батырға балады. Оның ерлігін ақындар жырлады. Ақындардың өлең-толғауларына арқау болған ұлы тұлға өмірі, оның ғаламат күйлері аңыз болып аңқыды. Біз айтқалы отырғанымыз «Құрманғазы» поэмасы. Иә, Құрманғазы жайлы бір толғау.
Қазаққа белгілі ақын Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» атты поэмасы ұлы күйшінің шығармаларына тіл бітіріп қайта сөйлетті. Қазақ даласын ақ патшаның әскері билеп – төстеуге бел буған уақыт. Құрманғазы ел-халқынын зорлық-зомбылыққа түсерін сезіп, бойын ашу кернеп, қолынан келер дәрмен жоқ, халқының күш-қайратын, намысы мен жігерін домбыраға салды. Мұндай алай-дүлей дауылды күйлердің күшінен сескенген орыс жендеттері, ел ішіне «бүлік
салушы» деген айыппен түрмеге жабады. Бір күні Орынбордың генерал-губернаторы Перовский барлық ұлықтарын жиып мерекелік жиын жасайды. Сол жиынға түрмеде жатқан Құрманғазыны да алдыртады. Құрманғазының күшін сынағандай күй тартуға бұйырады. Сонда Құрманғазы қолына домбырасын алып, бір күйді тарта жөнеледі. Ал ақын Хамит Ерғалиев осы тартқан күйді былай деп толғаған екен:
Сөз берді домбыраға жыласын деп,
О да бір торға түскен лашын деп, Саудаға көздің жасын салатұғын, Обадай осы да бір рас індет.
«Танып қал, табиғатым, қулығымды!» Ішінен түйді қазақ бұл ұғымды. Шалқыта «Балбырауын» күйін тартып, Шаттыққа душар етті ұлығыңды.
Қадала талай ұлық көп қарады, Ызғарлы бұған деген леп бар әлі.
Бір ғана бейтаныс жан ынтызардай,
Күйшіні сұқты көзбен жеп барады…
Ақын Құрманғазының күймен айтқан ойын сөзбен жеткізеді. Құрманғазының генерал – губернатор мен ұлықтарының алдында қаймықпай көзіне – көзін қадап қайсарлана түскен жігерін дәл бейнелейді. Сол уақыттағы Перовскийдің халін ақын былайша жырлайды:
Дәл өзі сыры жұмбақ виртуоздың, «Сен бәлкім бұзықтарды ертіп оздың:
Осынау өнер үшін қуылғансың, Айтып тұр лапылдаған өртті көздің»
Тоқтатты шырқап барып қазақ күйді. Ұлықтар бәлкім оны аз-ақ түйді. Генерал жылы қарап жымиды да, Бастатты басқаларға азат биді…
Иә, ақын Хамит Ерғалиев осылайша ұлы күйшіні жырға қосты, Құрманғазы күйлерін өлеңмен өрнектеді. Күй мен күйшіні тыңдаушымен тілдестіре алды. Ақынның «Құрманғазы» поэмасы осылай дүниете келді.
Ой түйін!
Күй — белгілі бір ойға құрылған, мазмұндық желісі бар сөз бен саз бірге өрілген ғажайып шығарма.
Күй тыңдайық:
Құрманғазының «Балбырауын» күйін Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестірінің орындауында тыңдап көрелік.
Ойлан да айт!
Құрманғазы күйлерін тыңдай отырып, қандай ой мен сезімге бөленесің? Сен күймен тілдесе алар ма едің?
Біліп ал!
Хамит Ерғалиев (1916-1997)-Атырау обл, Махамбет ауд. Аққыстау аулында дүниеге келген. Белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы. 30-ға тарта жыр жинақтарының авторы. Әлемдік әдебиеттегі Д.Байронның, В.Шекспирдің, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың т.б. ақындардың озық туындыларын қазақ тіліне аударған. Ақынның шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Осындай еңбектері үшін 1982 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болады. Ақын көптеген ордендер мен медальдардың иегері. Х.Ерғалиевтың «Әке сыры», «Күй дастан», «Құрманғазы», «Жайық жырлары», т.б. көптеген өлеңдер, балладалары мен поэмалары бар.
Білесің бе?
Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) – Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданындағы, Жиделі аулында дүниеге келген. Қазақтың ұлы күйші-композиторы. Құрманғазының ұстазы Ұзақ дейтін күйші болған. Құрманғазының күйлері өз заманының тарихын бейнелеген. Оның алғашқы күйлерінің бірі «Кішкентай» деп аталады. Ол күйді Исатай мен Махамбет күресіне арнаған. Сол сияқты, «Кісен ашқан», «Ақбай», «Түрмеден қашқан», «Қайран шешем», «Адай», «Сарыарқа», «Төремұрат» сынды күйлері ел арасына кеңінен тараған.
Сұрақтар:
1. Не себепті Құрманғазының аты аңызға айналды?
2. Құрманғазыға орыс патшалығы қандай айып тағады?
3. Хамит Ерғалиевтың «Құрманғазы» атты поэмасында қандай уақиға бейнеленген?
4. «Балбырауын» күйінен генерал-губернатор қандай әсерде қалады?
5. Күй қандай шығарма?
Тапсырма:
1. «Құрманғазы жайлы бір толғау» тақырыбын оқып кел. 2. Домбырада Қазанғаптың «Құс қайтару» күйінің келесі буынын пысыктап кел.