ҚАЗАҚ ВАЛЬСІ

ҚАЗАҚ ВАЛЬСІ

Г.Ысмайылова. «Қазақ вальсі. Шара Жиенкулова».

«Вальс» деген сөзді естігенде көз алдыңа екі адамның айнала жүріп билегені елестей кетеді. Вальс біздің өмірімізбен етене араласып кетті: мектеп бітіруші түлектердің «Қоштасу вальсі», жас жұбайлардың алғашқы «Махаббат вальсі», «Бал» аталатын арнайы ресми жиын-мерекелердегі вальс, саябақ, алаң немесе әр түрлі сахналардан вальс билерін жиі көріп тамашалауға болады.
1940 жылы Сәбит Мұқановтың «Екі мереке» атты радио қойылымына композитор Латыф Хамиди арнайы «Қазақ вальсі» атты әнін жазады. Күләш Байсейітова жас композитордың жаңа туындысын қолдап, вокальдық шығарманың алғашқы орындаушысы болады. Жанға жағымды, жарқын да көңілді әуенді естіген радио тыңдаушылар бірден – ақ әнге деген сүйіспеншілігін жасыра алмады. Осыдан бастап «Қазақ вальсі» махаббат пен шаттықтың ән ұранындай болып кетеді:
Май туса, гүлдер шешек атса жазда
Тоғайда бұлбұл, көлде аққу қаз да
Сайрасақ, біз жастар да нақ солардай
Бақытқа бөленеміз, сауық назға

Бақыт нұрға
Оранса жер, аспан
Біздің жыр да
Бар жырға ұласқан
Махаббатты жырлаймыз біз
Жастар, жастар, жастар

Г.Ысмайылова. Күләш Байсейітова. Қыз Жібек рөлінде.

«Қазақ вальсі» әні түрлі концерттерде жеке дара орындалатын шығарма ретінде кеңінен танымал болады. Ендеше бұл әннің тарихы жайлы әңгімеге құлақ түрейік!
«Вальс» — қазақ жеріне Еуропа мәдениетінен енген би жанры. Қазақстанда би өнері енді-енді етек жайып келе жатқан кез болатын. 1934 жылы Шара Жиенқұлова «Келіншек» атты алғашқы қазақ биін сахнаға алып шығады. Сахнаға шыққан әрбір қазақ биін халық аса қызығушылықпен қарап, асыға күтетін. Халық үшін қазақ билері үлкен жаңалық болатын. Орындаушы би қимылына сәйкес ән мен күйлерді іріктеп алып, бидің көңіл-күйі мен мазмұнын белгілеп, сонан-соң оған лайық сахналық киім үлгісін жасап, сахналық қойылымға дайындайтын болған.
Л.Хамидидің жеңіл де ойнақы «Қазақ вальсі» әні өзінен-өзі би қойылымына сұранып тұрғандай еді.
Ал, Шара Жиенқұлова болса бұл әнге жаңа би қойылымын жасауға үлкен ықыласпен кіріседі. Ол әуелі Вена вальсінің қимылдарын үйренеді. Өйткені вальс биі өз бастауын австрияның «лендлер» және чехтың
«матеник» атты халық билерінен алады. Дегенмен еуропаның вальс билерін екі адамның жұптасуы арқылы билейтін болған. Ал, Шара Жиенқұлова болса вальстің жеке дара билейтін үлгісін ойлап табады. Сөйтіп, алғаш рет қазақ вальсі де пайда болған екен.
Шараның бұл биі халықтың ыстық ықыласына бөленіп, айдында қалқып жүзген аққудай әсер қалдырған еді. Белгілі қыл қалам шебері Гүлфайрус Ысмайылова Шараның өнеріне тәнті болып, оған арнап «Қазақ вальсі» деген суретін арнайды. Күннің сәулесімен шағылысқан, алтын түспен көмкерген суретте Шара мың бұрала билейді. Суретші бір сәтке биді тоқтатқандай. Бірақ, бишінің қолы, үстіндегі жарасымды көйлегі би қимылын жалғастырып жатқандай әсер қалдырады. Сөйтіп Л.Хамидидің әні «Қазақ вальсіне» айналып, ал сурет өнерінде ғажайып қайталанбас жаңа туынды дүниеге келген екен.

Ән тыңдайық!

Күләш Байсейітованың орындауында Латыф Хамидидің
«Қазақ вальсі» әнін тыңдап көрелік!

Біліп ал! Латыф Хамиди (1906–1983) – Қазақ халқына белгілі дарынды композитор. Татарстан республикасында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі. Ол алғаш рет жаңа жанрларда – вальс, романс, марш, симфониялар жазды. Композитор Ахмет Жұбановпен бірге «Абай» операсын жазған. Бисенғали Ғизатовпен бірге «Домбыра үйрену мектебі» және Хабидолла Тастановпен бірлесе отырып «Дирижерлік етудің негіздері» атты зерттеу еңбектері бар.




Білесің бе?

Жиенқұлова Шара (1912-1991) — алғашқы қазақ халық билерін жасап, сахнаға шығарған қазаққа әйгілі биші. Қазақстанның халық әртісі. Өзінің алғашқы шығармашылық жұмысын Қазақ драма театрының актерлігінен бастайды. Ол М.Әуезовтің «Еңлік Кебек» және «Қарагөз» спектакльдерінде Еңлік пен Қарагөздің рөлін сомдаған. 1934 жылы Қазақтың опера және балет театрында жұмысын жалғастырады. Ол М.Әуезовтың «Айман Шолпан» және Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» сынды операларына би қояды. Шара Жиенқұлова 1938 жылы алғашқы «Қалқаман Мамыр» атты қазақ ұлттық балетінде Мамырдың биінің партиясын орындайды. Сонымен қатар, «Амангелді» кинофильмінде Балымның рөлінде ойнаған.
Түсініп ал!
Вальс – жұптасып айнала билейтін би түрі.
«Лендлер» — оңтүстік Германия мен австрияда пайда болған халық биі.
«Матеник» — Чех халықтарының жұптасып билейтін халық биі.

Сұрақтар:
1. «Қазақ вальсі» әнінің авторлары кімдер?
2. Не себепті қазақ вальсі пайда болды?
3. Алғашқы қазақ вальсін кім жасады?
4. «Қазақ вальсі» суретінің авторын ата?

Тапсырма:
1. «Қазақ вальсі» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада Құрманғазының «Адай» күйінің буындарын қосып орындап кел

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *