ТАҢБАЛЫ ТАСТАР СЫР ШЕРТЕДІ

ТАҢБАЛЫ ТАСТАР СЫР ШЕРТЕДІ.

Бапановтар. Саяхаттау. Гобелен.

Сонау ғасырлар қойнауынан жеткен өнердің ең көне түрі таңбалы тастардағы бейнелер. Ерте замандардағы аңшылар таңбалы тасқа арқар мен бұқаның, аттар мен құландардың, көптеген бұғылар мен түйе малын бейнелеген. Уақыт пен заман өте келе суретшілер ғұрыптық билердің қимылын, қолдарына түрлі қару ұстанған аңшылар мен жауынгерлердің шайқасын, ат үстіне, түйе мен бұқаға мінген жасақшылардың бейнесі мен күн басты құдайларды таңбалы тасқа қашап кеткен.
Таңбалы тастағы суреттерді әуелде таспен, кейін келе темірден жасалған арнайы құралдармен салатын болған. Таңбалы тастардағы бейнелер жай ғана сурет емес. Ол адамдар үшін қасиетті, киелі саналған аңдар мен жануарлардың, өмірдің ғажайып құбылысы мен оның құрылымын бейнелейтін көріністер. Ежелгі өнер саналатын таңбалы тастардағы бейнелер, аңыз-күйлер, әдет-ғұрыптар – ғасырдан ғасырға жалғасып, бүгінгі күнге төл мәдени мұрамыз болып бізге жетті. Бүгінгі таңда таңбалы тастардағы бейнелері бар таулар қасиетті де киелі саналады.
Ғасырлар өте келе музыка, поэзия, сурет және сәулет өнері әр қайсысы дараланып жеке өнер түріне айналды. Ал қазіргі заман суретшілері ежелгі туындылардың терең сырын түсінуге талпынып, олардың сюжеттік желісін қайта ой елегінен өткізуде.
Суретші Сәуле және Әлібай Бапановтар таңбалы тастағы түйе бейнесін қазіргі замандық гобелендерінде өте ұтымды пайдалана білді. Түйе – көшпелі өмір салтының символы іспетті. Сол себепті суретшілер өмірдің үш жолын әр түрлі бояумен бейнелейді. Олар: сары – көшпелілердің көне жолы, көк — өмір ағымы, жасыл – адамдардың өмір жолы. Ал түйенің өзі болса, көк пен жерді немесе өткен мен бүгінді қосып тұрған алып тау секілді. Гобеленге салған Әлібай мен Сәуле Бапановтардың бұл суреті жаңа мазмұнға ие болды.
Қасиетті Қаратаудан шыққан атақты Сүгір күйші де киелі саналатын түйе малын өзінің күйлері арқылы бейнеледі. Түйе образы ежелгі замандардан көптеген күйлерге арқау болды. Мәңгілік өмір іздеп шар тарапты айналған Қорқыттың «Желмаясы», ботасын іздеп боздаған «Нар идірген» сынды көне аңыз күйлер Сүгірдің «Боз інгеннің бүлкілі» атты күйінің туындауына себеп болғандай. Сүгірдің бұл күйін тыңдап отырып оның ырғағынан түйенің желісін, ал әуені болса оның жұмсақ та байыпты жүрісін көз алдыңа елестеткендей әсер қалдырады. Күй түйенің жүрісін ғана бейнелеп қоймай, көңілдің мұңы мен шерін де толғағандай.
Біздер өнердің үш түрін – таңбалы тастардағы бейнелер, гобеленге салған суреттер және күй жайлы әңгіме қозғадық. Тарихи кезеңдерге қарамастан ғасырдан ғасырға жалғасып жатқан көркемдік образдар мен тақырыптар бүгінгі күнде де өз жалғасын тауып келе жатыр.

Күй тыңдайық:
«Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрдің орындауында Сүгірдің «Боз інгеннің бүлкілі» атты күйін тыңдап көрелік!

Біліп ал!
Әлібай (1953) және Сәуле (1956) Бапановтар Қызыл-Орда облысында дүниеге келген. Суретшілердің шығармашылығындағы басты бағыт гобелен өнері. Олар өз жұмысында сан ғасырлық қазақ халқының дәстүріндегі алаша тоқу өнерін негізге алды. Ә және С Бапановтардың гобелендері тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен танымал болды. Бапановтардың көптеген туындылары Қазақстанның және Ресей, Украина, Қытай, Түркия, Польша, Франция мұражайларында да орын алған.

Білесін бе?
Қазақстанның аймағында 140-қа тарта таңбалы тастардағы бейнелер сақталған. ХІХ ғасырда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда ең ірі таңбалы тастар табылды. Ал, ХХ ғасырдың орта тұсында Шығыс Қазақстан мен Қаратау және Тарбағатай тауларында таңбалы тастардағы бейнелермен толыға түсті. Бүгінгі таңда республика бойынша Ертіс, Балхаш бойларындағы және Маңғыстау мен Ұлытауда табылған көне мәдениет ескерткіштерін ғалымдар зерттеу үстінде.
Түсініп ал!
Гобелен- жібек жіптерден немесе жүннен тоқып жасалған кілем түрі.

Сұрақтар:
1. Қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде түйе малы қандай қызмет атқарды?
2. Аңшылар ертедегі таңбалы таста нені бейнелеген?
3. Суретші Бапановтардың гобеленіндегі суреттер қандай мазмұнды береді?
4. Түйе малына арналған қандай күй аңыздарын білесің?

Тапсырма:
1. «Таңбалы тастар сыр шертеді» тақырыбын оқып кел.
2. «Білесің бе» бөлімі бойынша оқып, талдау жасап кел. 3. Домбырада Құрманғазының «Адай» күйінің бастапқы буынын қайтала.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *