СЫРЛЫ ӘНДЕРМЕН СЫР ШЕРТКЕН АЛТЫНБЕК ҚОРАЗБАЕВ

СЫРЛЫ ӘНДЕРМЕН СЫР ШЕРТКЕН АЛТЫНБЕК ҚОРАЗБАЕВ





Өнер мен өнегеге толы Қызыл сай ауылында өскен Алтынбек Қоразбаев бала кезінен әртіс болуды армандаған. Кезінде сал деген атаққа ие болып, еліне танылған нағашыларының өнері жиендеріне дарыса керек. Кішкентай сары баланың бойындағы зеректігін ерекше қабілетін байқаған нағашылары Алтынбекті өнерге баулиды. Жастайынан баланың өнерге деген талпынысын байқаған әкесі 1959 жылы Алтынбекке патефон сатып алып береді. Патефонмен қоса Алтынбекке қазақ алыптарының бірі Кенен атаның әндері жазылған күйтабақты сыйға тартады. Күйтабақтан төгілген әндерді күндіз-түні тыңдаған Алтынбек, әншінің өнеріне әбден тәнті болады. 1974 жылы Кенен атаның 90 жылдығына арнап «Жүз жасаңыз, Кенен ата» әнін сыйға тартады. Бұл әнді тыңдаған Кенен абыз: «Айналайын, балам, осы әнің ұрпаққа аманат болсын!», — деп батасын береді. Сонан бері Алтынбек өзін Кенен атаның шәкіртімін деп есептейді. Содан бастап Алтынбек Қоразбаев «өнер» деген ұлы жолға түседі.
Алтынбек Қоразбаевтың тағы бір ерекшелігі — оның ақындығы. Әндерінің сөзін өзі жазғаныменен ақындарға көрсетіп ой бөлісіп, әбден пісіріп барып орындайды. 80-ге жуық әндері бар Алтынбек Қоразбаев еңбек етуден, үнемі ізденуден жалықпайды. Бұл күнде өзі баулыған шәкірттері де халыққа танымал болып, Алтынбек әндерін асқақтата шырқап, қаланы да даланы да әнмен тербеп келеді.
Өзінің әндері жайлы Алтынбек Қоразбаев былай деп баяндайды: «1983 жылы Болгарияға бардым. Сол барған сапарда елден ұзақ уақыт шалғай қалғанымда елді, жерді Қызылсай ауылымды қатты сағынып:



Жұпар исің аңқыған
Туған жерді сағындым,
Әнмен жыры шалқыған
Думанды елді сағындым.

Жетелеген мың арман
Бала кезді сағындым,
Тал шабықтай бұралған
Қара көзді сағындым, — деп әнге қостым. Сондай сапарлардың бірінде даламды да, Алматыдай әсем қаламды да сағына жүріп шығарған «Сағындым Алматымды» әнім. Бұл әнім бүкіл Алматыға келген қазақ жастарының әні болып кеткендей. Иә, Алматы қаласына қалай ән шығармасқа «Жер жәннәті жетісу» деген емес пе?! Сол сұлулыққа сән беріп, халқының бойына нәр беріп тұрған қасиетті қала. Ауылдан оқу-білім іздеп келген қазақ жастарын бауырына басқан бауырмал қала емес пе? Бұл күнде осы «Сағындым Алматымды» әнім әлі күнге дейін халықтың жүрегінен орын тауып шырқалумен келеді».
Иә, қазақ даласын сұлу да әсем әуенімен өрнектеген Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» әні биік тұғырдан түспей қалықтап келеді. Бұл ән ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өз тыңдарманын табуда.

Ән тыңдайық:
«Музарт» тобының орындауында Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» әнін тыңдап көрелік.

Біліп ал!
Алтынбек Қоразбаев – (1948) әнші-композитор. Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі. Композитордың көпшілікке танымал «Қара кемпір», «Қара шал», «Бозторғай», «Шашбаулым», «Сағындым Кенен атамды», «Ақмоншақты аруым» т.б. көптеген әндері бар. Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Сұрақтар:

1. Алтынбек Қоразбаев өнер жолына қалай түседі?
2. Композитордың ерекшелігі неде?
3. «Сағындым Алматымды» әні қалай дүниеге келді?
4. Алтынбек Қоразбаевтың тағы қандай әндерін білесің?



Тапсырма:
1. «Сырлы әндермен сыр шерткен Алтынбек Қоразбаев» тақырыбын оқып кел. 2. Домбырада Таттімбеттің «Сылқылдақ» күйінің үйренген буынын жаттап кел.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *