ОРКЕСТРМЕН ТІЛДЕСКЕН ДИРИЖЕР
Бүкіл әлемде дирижерге аса құрметпен қарайды. Оркестрді табысқа жеткізетін дирижер болып табылады. Қазақстанда тұңғыш рет оркестр құрып оған дирижерлік еткен әйгілі композитор, ел мақтанышы – Ахмет Жұбанов болды. А.Жұбанов шеберлермен кеңесе отыра халық аспаптарын оркестрге лайықтап қайта өңдеп шығарды. Ол көптеген халық композиторларының әндері мен күйлерін оркестрге түсіріп, кеңінен танымал етті. Композитор әрі дирижер Ахмет Жұбанов өз жанынан да көптеген шығармалар жазды.
Ахмет Жұбанов ерекше дарын иесі болатын. Ол ел ішіндегі халық орындаушыларының басын қосып, оркестр ұйымдастырады. Нота сауатын білмейтін халық орындаушыларымен жұмыс жасау оңайға түспейді. Елден келген орындаушылардың тілін тауып, қысқа мерзімде яғни 2-3 жылдың аралығында оркестр жасап шығарады. Жаңа оркестр Ахмет Жұбановтың дирижерлік етуімен 1936 жылы Мәскеуде өткен декадада үлкен қошеметке ие болады. Осы оркестр арқылы Ахмет Жұбанов қазақ дәстүрлі музыка мәдениеті мен Еуропаның классикалық музыка мәдениетінің басын тоғыстыра білді. Сөйтіп, қазақ елінде алғаш рет ұлттық оркестр дүниеге келіп, оның тұңғыш дирижері Ахмет Жұбанов болады.
Ал, біздің заманымызда Ахмет Жұбановтың жолын қуған ұрпағы Алан Бөрібаев болды. Ол бүгінгі таңда әлемге танылған жас дирижерлардың бірі. Алан Бөрібаев Швеция, Голландия және Ирландияның симфониялық оркестіріне бас дирижерлық қызметке шақырылады. Еуропаның ең ірі үш мемлекетінің ұлтық оркестірінде дирижерлық ету үлкен жауапкершілік әрі абыройлы іс болатын. Иә, әрбір оркестрдің сан ғасырлық мәдени тарихы бар. Әбден орнығып өз орнын тапқан мұндай оркестрлермен жұмыс жасау жас дирижерға оңайға түспейді. Дирижерге өзге халықтың тілін, ұлттық дәстүрі мен мәдени тарихын білу қажет болады. Алан Бөрібаев мұндай үлкен сынақтан сүрінбей өтеді. Сондықтан болар жас дирижердің таңдаған репертуар көлемі де өте ауқымды әрі қомақты болып шығады. Алан Бөрібаев Еуропаның ең танымал классикалық симфонияларынан бастап, қазіргі заман композиторларының шығармаларын толық меңгере білді.
Жас дирижер Алан Бөрібаев еуропа елдеріне қазақ халқының да өнері мен мәдениетін дәріптеп келеді. Ол Ахмет Жұбановтың «Тәжік билері» мен композитор Латыф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың бірігіп жазған «Абай» операсынан «Симфониялық сюита» жасап, оны оркестрге өңдеп түсіріп Германия тыңдармандарына ұсынады. Ал, Швецияда Алан Бөрібаевтың дирижерлік еткен оркестірімен бірге ағылшынның талантты пианисті Фредди Кемпф Ғазиза Жұбанованың «Фортепианолық концертін» орындайды. Бұл концерт үлкен қошеметке ие болады.
Ата дәстүрін жалғастырған жас дирижер Алан Бөрібаев қазақ музыка мәдениетіне өз үлесін қосуда.
Музыка тыңдайық:
Құрманғазы атындағы қазақ аспаптар оркестірінің орындауында Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйін тыңдап көрелік. Дирижері – Ахмет Жұбанов.
Астана Филармониялық оркестрінің орындауында А.Жұбанов және Л.Хамиди «Абай» операсынан Қыздар биі. Дирижері – Алан Бөрібаев.
Біліп ал:
Ахмет Жұбанов — (1906-1968) композитор, музыкатанушы-ғалым, дирижер. Ақтөбе облысы, Темір ауданында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі. Ахмет Жұбановтың «Құрманғазы», «Қазақ халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы», «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары», «Ән-күй сапары» т.б. музыкалық ғылыми зерттеу еңбектері бар. Ол «Төлеген Тоқтаров», «Абай сюитасы» т.б. көптеген симфониялық шығармалары мен «Құрманғазы», «Абай» сынды опералары бар. А.Жұбанов көптеген спектакльдер мен кино фильмдерге музыка жазды. Композитордың
«Ақ көгершін» және «Қарлығаш» әндері ел арасында кеңінен танымал.
Сұрақтар:
1. Қазақстанның тұңғыш дирижерін ата?
2. Не себепті Ахмет Жұбановты ерекше дарын иесі дейміз?
3. Ахмет Жұбановтың жолын қуған кім?
4. Алан Бөрібаев қазақ мәдениеті үшін қандай үлес қосты?
Тапсырма:
1. Оркестрмен тілдескен дирижер тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада «Шернияз» күйінің буындарын қосып орындап кел№