ОЙ ТОЛҒАУ

ОЙ ТОЛҒАУ

Әлібай және Сәуле Бапановтар. Ойға шому.

Композиторлар мен суретшілер әр түрлі музыка шығарып, көптеген суреттер салады. Кейбір суреттер белгілі бір адамдарға арналса, келесі бірі табиғатты кескіндейді. Үшіншісі адамдардың күнделікті өмір тіршілігін бейнелейді. Музыкалық шығармалар мен көркемдік суреттердің үлкен жиынтығы мазмұны жағынан түрлі жанрларға бөлінеді.
Өнердегі жанр – шығармалар жиынтығы. Олар образдық мазмұны мен көңіл-күйіне және көркемдеуші құралы мен орындау техникасына байланысты ерекшеленеді. Түрлі жанрлар әр түрлі тарихи кезеңдерде қалыптасып, дамып отырған. Кейде олар өзгеріске ұшырап, жаңа жанрларға ауысып тіпті ұмытылып та кетеді.
Әрбір халықта өздеріне тән жанрлық ерекшелігі бар. Қазақ мәдениетінде сондай ерекше жанрлардың бірі – күй. Күй – адамның терең сезімі мен ой толғауын жеткізе алатын музыкалық шығарма. «Той бастар» атауымен аталған күйлер мен әндер мерекелік көңіл-күйді көрсетсе, «Ақжелең» жанрындағы күйлер тобы әйел образындағы лириканы бейнелейді. Ал, «Қосбасар» атты күйлер мұң мен шерді толғайды. «Қайран, өттің дүние!» — адамның өмірмен қоштасуы немесе өткінші дүниеге арналған күйлер.
«Толғау» күйлер — ежелгі аспаптық музыкамыздағы өмір жайлы фәлсафалық ой қозғайтын жанрлардың бірі. Қобыз аспабында орындалатын Ықластың «Кертолғау» атты күйі қас-қағым өмірдің ағымын бейнелейді. Қазақ халқы «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» немесе «Бес күндік өмір» деп теңеу айтқан. Бұл күйде көзді ашып жұмғандай өте шығатын өмірді елестеткендей әсер қалдырады. Созылмалы мұңды әуен, салмақты да сабырлы ырғақ, қарт қобыздың қоңыр дыбысы адамның қайғышерінен тіл қатқандай.
Күйдегі «Толғау» жанры көптеген күйші-композиторлардың шығармашылығынан орын алған. Себебі, кез-келген адам өмірді сүре келе ой толғауы заңды құбылыс. Адам өз өміріндегі жақсы мен жаманын, дұрысы мен бұрысын сараптайтын кезеңге жетеді. Сондықтан болар, «Толғау» жанры бүгінгі күндегі композиторлар мен суретшілердің шығармашылығында да өз жалғасын тапты.
Қазақ мәдениетінде сурет өнері ХХ ғасырдың басында пайда болды. Сол себепті, дәстүрлі музыка көптеген суретшілердің шығармашылығына арқау болды.
Әлібай және С.Бапановтардың «Ойға шому» гобеленінде табиғаттың тынысын бейнелегендей: аспанға керіле ұмтылған ағаштар, аспан мен суға шағылысқан қызыл-сары, жасыл түсті жапырақтар арасынан елес болып көрінген сәукелелі қыз бейнесі. Бұл суреттен адамның ішкі әлемін, оның ойарманын, көңіл толқынысы мен ой-толғауын көруге болады. Бұл суретке зейін салып қарасаң, сурет әуендетіп тұрғандай әсер қалдырады.

Әлібай және Сәуле Бапановтар.Тылсым дүние

Ғазиза Жұбанованың «Прелюдия» атты шығармасын «Толғау» жанрына жатқызуға болады. Прелюдияда дыбыстар тылсым тыныштықтан туындап жатқандай: әуелі – бір дыбыс, онан соң екінші, үшінші. Бірте-бірте әуен пайда болып, өте жәй екпінде, минорлы ладта дыбыстала бастайды. Ғ.Жұбанованың «Прелюдиясы» өмірге қайта келген күй іспетті. Ғасырлар керуені көшіп өтті. Ал, фортепианоға арналған бұл «Толғау» қазіргі заманның тыныс-тіршілігін толғап жатқандай!
Қазақ мәдениетінің терең тамырына бойлай білген композиторлар мен суретшілер қарт заманнан үлгі алып, ғасырлдар бойы жалғасқан арман мен қиялдың шексіздігін танытқандай! Музыка тыңдайық:

Төлеген Момбековтің орындауында Сүгірдің күйі«Кертолғау». Ғазиза Жұбанованың «Прелюдия» атты шағармасын тыңдайық.

Біліп ал!

Ғазиза Жұбанова (1927-1993) – қазақтың әйгілі композиторы. Қазақстан халық әртісі. Ақтөбе облысы, Темір ауданында дүниеге келген. Ғазиза Жұбанованың шығармашылығына әкесі Ахмет Жұбанов ықпал еткен. Ол «Еңлік Кебек», «Жиырма сегіз» және «Құрманғазы» опералары, «Аққұс туралы аңыз», «Хиросима», «Қарагоз» атты балеттері, «Жігер», «Ақсақ құлан» атты симфониялық поэмаларын жазды. Көптеген фортепиано мен скрипкаға арналған шығармалар, поэмалар мен квартеттер, фантазиялар мен әндер т.б. музыкалық туындылардың авторы.

Түсініп ал!
Жанр – музыка, әдебиет және сурет өнеріндегі шығарма. Мазмұны мен көркемдеуші құралдары жағынан ортақ туынды. Күйдегі жанрлар: Той бастар, Ақжелең, Қосбасар, Толғау.
Пейзаж – сурет өнеріндегі жанр, табиғатты бейнелеу. Прелюдия – фортепиано музыкасындағы жанр. Бір көңіл-күйдегі қысқа шығарма.

Сұрақтар:

1. «Өнердегі жанр» деген ұғымды қалай түсінесің?
2. Күй өнеріндегі жанрларды ата?
3. «Толғау» жанрындағы күйлер нені баяндайды?
4. «Толғау» жанрындағы суретшілер мен композиторлар нені толғайды?

Тапсырма:

1. «Ой толғау» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада Құрманғазының «Адай» күйінің келесі буынын жаттап кел.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *