МУЗЫКА ЖӘНЕ СУРЕТ ӨНЕРІНДЕГІ ӨНЕРПАЗ БЕЙНЕСІ

МУЗЫКА ЖӘНЕ СУРЕТ ӨНЕРІНДЕГІ ӨНЕРПАЗ БЕЙНЕСІ

Г.Ыcмайылова. Бибігүл Төлегенова.

Қазіргі заман қыл қалам шеберлері өз заманындағы мемлекеттік қайраткерлер мен халықтың ұлы тұлғаларын портрет жанрында бейнелеуді дәстүрге айналдырған. Бірақ адамның суретін салып жатқанша фотосуретке түсіріп алмай ма деп те ойлайтын боларсың. Арине, бірде-бір суретші фотосуреттегідей адам бейнесін сала алмайды. Дегенмен фото сурет пен көркемдік суреттің үлкен айырмашылығы бар: фото сурет адам бейнесін дәлме-дәл қайталаса, ал суретші өзінің портреті арқылы адамның жеке тұлғасын, оның ішкі жан дүниесін барынша ашуға тырысады. Портрет адамның өмір сүрген кезеңі мен жеке тағдыры жайлы әңгіме іспетті.
КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың портретіне назар салайық! Суретші Гүлфайрус
Ысмайылова әншінің тек сырт келбетін ғана емес оның рухани болмысын көрсетуге талпынған. Бибігүл Төлегенова әнін аяқтап, әннің сезімінен шыға алмай көз жанарын алысқа тігіп, біріне-бірі айқасқан сұлу да сүйріктей саусақтары мен күлімсіреген ай жүзі сол бойы тынып қалғандай. Әншінің сәнді ұлттық киімімен театр сахнасында тұрған қалпы бейнеленген. Суретшінің қызыл да алтын түсті таңдап алуы тектен-тек емес, яғни суреттің бояуы арқылы әннің көтеріңкі көңіл-күйін көрсеткендей әсер қалдырады. Гүлфайрус Ысмайылова әншінің дауысы мен оның әсем әніне тәнті болғандай! Бұл портретте екі бірдей талант иелерінің басы тоғысқандай – бірі белгілі суретші болса, енді бірі — ұлы әнші.
Әрбір әншіде өзінің өмірлік бойтұмарындай болып кеткен сүйіп орындайтын шығармасы болады. Бибігүл Төлегенованың ең сүйікті шығармасына айналған «Гаухар тас» әні. Бибігүл бұл әнді алғаш сахнада орындағанда тыңдаушы халықтың әнге деген ықыласы мен әншіге еткен қошеметі аса зор болды. Бибігүл шырқаған әндегі сұлу қыздың бейнесі мыңдаған көрерменнің көз алдында тұрғандай ғажайып әсер қалдырды. Содан бастап, «Гаухар тас» әні бұлбұл дауыс әнші Бибігүл Төлегенованың өміріндегі музыкалық бейнесін жасаған басты әнге айналады.

Ән тыңдайық: Бибігүл Төлегенованың орындауында халық әні «Гауһар тас».

Ойлан да айт! Фотошоптың көмегімен жасалған жәй фото суретпен портретті қалай ажыратуға болады? Фото суретті нағыз өнер туындысы деп айтуға бола ма?

Біліп ал!
Гүлфайрус Ысмайылова (1929) – кескіндемеші, театр және кино суретшісі. Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері. Суретші өзінің жарқын да санқырлы шығармашылығын театр және кино өнері мен портрет салуға арнайды. Көптеген жылдар Гүлфайрус Ысмайылова Абай ат. Қазақ ұлттық опера және балет театрында сахна безендіруші – суретші болып қызмет атқарады. Ол «Ер Тарғын», «Жұмбақ қыз», «Алпамыс» операларын, «Қозы Көрпеш», «Баян сұлу» балетін және «Қыз Жібек» кинофильмінің декорациясы мен киім үлгілерінің эскизін жасады. Сонымен қатар, Гүлфайрус Ысмайылова белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері – Шара Жиенқұлова, Күләш Байсеітова, Дина Нүрпейісова, Мұхтар Әуезов т.б. портреттерін жасаған.
Білесің бе? Бибігүл Төлегенова (1929)- әнші. Семей қаласында дүниеге келген. Қазақстан және КСРО халық әртісі. Социалистік еңбек ері. Әншінің репертуары сан түрлі тақырыптарды қамтиды. Бибігүл Төлегенованың орындауында «Гауһар тас», «Жиырма бес», Қазақстан композиторлары Л.Хамидидің «Бұлбұл», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», Н.Тілендиевтің «Кел, еркем Алатауыма» сондай-ақ П.И.Чайковский мен С.В.Рахманиновтың романстары, Н.И. Римский-Корсаковтың операларынан ариялар және Батыс Еуропа композиторларының шығармалары бар. Ол опера өнерінде де елеулі үлес қосты. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібек, Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» операсындағы Гүлбаршын, Ғ.Жұбанованың «Еңлік» операсындағы Еңлік, Дж.Россинидің «Севиль шаштаразы» операсындағы Розина т.б. көптеген арияларды орындаған. Бибігүл Төлегенова гастрольдік сапармен
Польша, Чехия, Үндістан, Алжир, Египет, Сирия, Вьетнам, АҚШ т.б. көптеген шет мемлекеттерде қазақ өнерін паш еткен.
Сұрақтар:
1. Фото сурет пен көркемдік суреттің айырмашылығы неде?
2. Гүлфайрус Ысмайылова әншіні қалай бейнелейді?
3. Бибігүл Төлегенованың музыкалық бейнесін жасаған әнді ата?
4. Сенің мектебіңде кімдердің портреттері бар? Авторларын атай аласың ба?
Тапсырма:
1. «Музыка және сурет өнеріндегі өнерпаз бейнесі» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада «Адай» күйінің үйренген буынын қайталап кел.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *