МУЗЫКАДАҒЫ ТАБИҒАТ БЕЙНЕСІ

МУЗЫКАДАҒЫ ТАБИҒАТ БЕЙНЕСІ



Қазақ халқы үшін адам өмірі табиғаттан бөлінбей біте қайнасып жатқандай! Көшпелі халықтардың өмір тіршілігі табиғаттың түрлі
құбылыстарына байланысты болған. Адамдар тіршілік ету үшін табиғаттың барлық тосын құбылысына дайын болу керек еді.
Мысалы, жазғы құрғақшылық пен аптаған ыстық, жаңбырлы күз бен қарлы да боранды қатал қыс т.б. Иә, қазақ халқы жазын жайлауда, қысын қыстауда өткізіп, табиғатпен тілдесе отыра, сұлулығын тамашалап оның рахаты мен ләззәтіне бөлене білген.
Қазақтың көптеген күйші-композиторлары табиғатты музыка тілі арқылы бейнелейді. Күйді тыңдай отыра табиғатқа жан біткендей әсерде қаласың. Табиғаттың ұлылығы мен күш-қайраты, бірде жадырап, бірде тұнжырап мұңая қалуы сияқты көңіл-күйін композиторлар күй арқылы көрсете біледі. Құрманғазының «Алатау» күйінде аспан мен жерді байланыстырып тұрған алып таудың салмақты да өр мінезі бейнеленген. Ал, «Сарыарқа» күйінде мыңдаған аттың дүбірінен елес беретін қазақтың кең байтақ сары даласын суреттейді. Күй тыңдаушыға күш-қайрат пен жігер бергендей. Боғданың «Жем суының тасқыны» атты күйінде Жем өзенінің бұйра толқындары мен иірімдерін көз алдыңа елестеткендей. «Өмір өзен» деп ақындар өлең арқылы суреттесе, композитор адам өмірі мен қилы тағдырын күймен бейнелегендей. Сүгірдің «Қаратау шертпесі» атты күйін тыңдай отыра, күйшімен бірге өткінші өмір жайлы ой толғайсың. Ал Мағауия Хамзин өзінің «Жайлау» атты күйі арқылы сұлу табиғат пен көк шалғынды суреттегендей. Күй тыңдаушыға қуаныш пен шаттықты сыйлағандай көңіл-күйді сездіреді.
Әлемнің және қоршаған ортаның сұлулығын жасау бейнелеу өнерінде ең басты тақырыпқа айналыр отыр. Қазақстанның қыл қалам шеберлері музыкалық мәдениеттің дәстүріне сүйене отыра, пейзаж, табиғаттың суреті арқылы адамның ішкі жан сезімін бейнелейді
Әбілхан Қастеевтың «Қарлы Алатау» атты суретінде таудағы қыстың бір күнін көреміз. Қарға оранған тау шыңдары күн сәулесімен шағылысып жатқандай. Пейзаждың ерекшелігіне назар салайық! Суретшімен бірге біздерде тау шатқалына мініп, табиғаттың ғажайып сұлулығын тамашалағандаймыз. Көз алдымызда аспанмен тірескен тау шыңдары, тамылжыған табиғат, шексіз кеңістік тұрғандай. Тек қана таудың арасынан бір уыс қызыл –сары шөп тіршіліктен елес бергендей. Ә.Қастеевтің бұл суреті адамға «Жадыраған жаз келіп, табиғат тіріліп, өмір қайта оралады» дегендей ой салады.





Әбілхан Қастеевтің бірнеше жылдардан кейін таудағы жазғы жайлауды бейнелеген суреті дүниеге келеді. Біз тағы да суретшімен бірге тау басына шығып, жазғы табиғаттың сұлулығын көре аламыз. Көз алдымызда бірнеше километрге созылып жатқан кең дала. Иіріліп аққан өзен, жайқалып жатқан кең жайлау, жайылып жүрген жылқылар мен жалғыз киіз үй алып тауға арқа сүйегендей жайдары қалпы. Ал, Алатаудың қарлы шыңдары тіпті жаз келсе де еритін емес. Әбілхан Қастеевтің бұл пейзажында адамдардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі табиғатпен біте қайнасып жатқандай.
Күйші Құрманғазы мен суретші Ә.Қастеев әр дәуірде өмір сүрген. Олар өз шығармалары арқылы таудың әсем табиғатын суреттейді. Күйші музыка тілімен бейнелесе, суретші ғажайып пейзажы арқылы жеткізе білген.



Күй тыңдайық:

Құрманғазы ат. халық ұлт аспаптар оркестірінің орындауында Құрманғазының күйі «Алатау». Мағауия Хамзиннің «Жайлау» күйін композитордың өзінің орындауында тыңдап көрелік.

Біліп ал! Әбілхан Қастеев (1904-1973) — кәсіби сурет өнеріне өмірін арнаған қазақтан шыққан алғашқы суретші. Алматы облысы, Жаркент ауданында дүниеге келген. Ә.Қастеев қазақтың бейнелеу өнерінің негізін қалаушы. Қазақстанның халық суретшісі. Оның 1000-нан аса суреттері бар.
Ә.Қастеев жер бетіндегі ат төбеліндей қазақтың болмысы мен тарихын картиналар галлереясына айналдырған сұңғыла талант. «Сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім», —


деген ұлы суретші Ә.Қастеевті ұлттық бейнелеу өнеріміздің бәйтерегі деп айта аламыз. Суретшінің ең танымал туындылары: «Колхоздың сүт фермасы», «Бие сауу», «Колхоз тойы», «Сатып алған қалындық», «Алтын дән», «Медеудегі мұз айдыны», «Түрксіб», «Талас далалығы», «Қапшагай су электр станциясы». Ол портреттер галлереясын жасаған: Кенесары Касымов, Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл. Әсіресе, «Амангелді Имановтың портреті» ең мықты туындысы болып саналады. Ұлы суретшінің есімі Қазақстан Мемлекеттік өнер мұражайына берілген.

Түсініп ал!
Пейзаж – бейнелеу өнеріндегі жанр. Табиғатты немесе бір аймақты бейнелеген сурет (дала, тау, орман, ауыл, қала)
Тұрмыстық жанр — адамның қоғамдағы және күнделікті өмірін бейнелейді.


Сұрақтар:
1. Табиғатты бейнелейтін күйлер мен әндерді ата?
2. Ә.Қастеевтің «Қарлы Алатау» суретінің мазмұнын қалай түсіндіресің?
3. Суретші жазғы жайлауды қалай бейнелейді?

Тапсырма: 1. «Музыкадағы табиғат бейнесі» тақырыбын оқып кел. 2. Домбырада Құрманғазының «Адай» күйінің үйренген буындарын қосып орындап кел.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *