КҮЙ ҚҰДІРЕТІ
Адам бойындағы жан сезімі бірде сөзбен, бірде сазбен үндесіп тіл қатады. Алпыс екі тамырыңды иітер күй құдіретінің тереңіне бойлап өлеңмен толғаған ақын Әбділда Тәжібаев қазақтың әйгілі күйшікомпозиторы Абылдың күйін тыңдап:
Барады тартқан сайын омыраулап Тұтқынның жүрегінің оты лаулап.
Жайлауын түркпеннің кетті кернеп, Толқынды бір ғажайып үн сорғалап… —
деп жыр жолдарын жалғай түседі. Иә, Жаугершілік заман. Бір кезекті жорықта көп жауынгердің ішінде күйші Абыл да түрікпендердің қолына түсіп қалады. Оның атақты күйші Абыл екенін кім білсін. Түрікпеннің бір би ағасы өзінің әшекейлі домбырасын алдыртып, араларында отырған біріне домбыра тартуын сұрайды. Әдемі күй домбыраның ішегі үзіліп тоқтап қалады. Қайта күйге келтірмек болғанда тұтқындардың арасынан бір қазақ тұрып: «Домбыраны маған беріңіз. Күйін мен келтірейін», — дейді. Барлығы тына қалып, қолындағы кісенін шешіп, домбыраны әлгі қазаққа ұсынады. Қолы босаған бойда домбыраны қолға алып тарта бастайды. Алғаш домбыраны қағып бастағаннан-ақ тыңдап отырған дүйім халықты ұйытып ала жөнеледі. Сол кезде Түрікпеннің би ағасы «Сен қазақтың күйшісі Абыл ма едің?», — дейді. Сонда Абыл: «Болсақ болармыз», — деп күйін тарта береді. Абылдың күйіне абден ұйыған халық бір-бірімен қастасу емес, достасудың, жауласу емес, елдесудің сөзін сөйлейді. Қазақ пен түрікпен бірбірімен қауышып, төс қағыстырып бір бітімге келеді. Сөйтіп, күйдің ғажайып құдіреті адамның жан сезімін тербеп, бір-біріне деген құрметі мен адамгершілік қадір-қасиетін биікке көтерген екен. Абылдың күйіне тек тыңдаушы халық емес тіпті табиғат, жан-жануардың өзі елтіп бір ғажайып сезімге бөленеді. Ал, ақын Әбділда Тәжібаев өзінің «Абыл» деген поэмасында осындай күй құдіретін өзінің жыр жолдарымен:
Кіре алмай ұясына күн байланды.
Шұғыласы домбыраны шыр айналды.
Балқытқан ұясынан көтеріп бас, Айда ерте күндегіден шыға қалды.
Жер дағы жер бауырлап шөгіп алды.
Күбірлеп күймен бірге демін алды,…
Теңіз де толқынданбай тына қалды.
Жәй ғана желден бір сөз сұрап алды. Айдында айдай жүзген жалғыз аққу,
Сұңқылдап шыдай алмай жылап алды.
Аруана қысыр қалған о да ыңыранды.
Күрсінді, еміренді, шыдамады,
Желінін тастай қатқан уыз кернеп,
Бауырынан жануардың сүт парлайды.
Жолбарыс атылуға жатқан дайын.
Жылтылдап қос шырағы жұлдыздайын. Иреңдеп бауырын төсеп ыңырсиды, Шымырлап жанына күй батқан сайын…
Күй тыңдайық:
Шәміл Әбілтаевтың орындауында
Абылдың «Абыл» атты күйін тыңдап көрелік!
Біліп ал!
Абыл – (1820-1892) – күйші-композитор. Маңғыстау аймағы, Оймауыт-Желтау мекенінде дүниеге келген. Абыл Маңғыстау домбырашылық мектебінің негізін салушы. Жасынан ән мен күйді серік етіп, Боғда, Қошқар сынды күйшілерді ұстаз тұтқан. Абыл көптеген күйлер шығарып артына мол мұра қалдырған. Оның: «Абыл», «Ақжелең», «Нар ату», «Ақсақ құлан» т.б. күйлері сақталған. Абылдың Есбай, Өскенбай, Құлшар, Есір т.б. шәкірттері күйшілік өнерін жалғастырған.
Білесің бе?
Әбділда Тәжібаев – (1909-1998) ақын, драматург, ғалым. Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы атағына ие болған. 1933 жылдан бастап ақынның шығармалары жинақ болып жарыққа шыға бастаған. Ақынның “Оркестр», «Абыл», «Күй атасы» т.б. көптеген поэмалары бар. Көптеген шығармалары шет ел халықтарының тілдеріне аударылған. Әбділда Тәжібаевтың сценарийі бойынша 1954 жылы «Жамбыл» кинофильмі түсірілген. Атақты орыс жазушылары А.С.Пушкиннің, Т.Г.Шевченконың, А.Н.Островскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Сұрақтар:
1. Түрікпендер күйші Абылды қалай таниды?
2. Не себепті түрікпен мен қазақтар бір бітімге келеді?
3. Ақын Әбділдә Тәжібаев Абылдың күйін өлеңмен қалай бейнелейді?
Тапсырма:
1. «Күй құдіреті» тақырыбын оқып кел.
2. Дом бырада «Құс қайтару» күйінің үйренген буындарын қосып орындап кел.