КҮЙДІҢ ҚАРШЫҒАСЫ

КҮЙДІҢ ҚАРШЫҒАСЫ




ХХ ғасырда домбыра дәстүрінде үлкен жаңалықтар болды. Ғасырлар бойы күйшілік дәстүр жеке орындауда ғана сақталып жеткен болатын. Ал ХХ ғасырда қазақ күйлері ансамбль мен оркестрлердің орындауында кеңінен тарады. Оркестрдің зор дыбысы күйлерге күш, жігер бергендей рухын аша түсті. Ерте замандарда күйші өзі композитор әрі орындаушы болған. Ал, қазіргі таңда композитор музыкасын шығарса, домбырашылар немесе оркестр күйлер мен музыкалық шығармаларды нақышына келтіріп орындап келеді.
XXI ғасырдың дәулескер күйшісі — Қаршыга Ахмедияров. Қ.Ахмедияровтың репертуарында 300ден аса күйлері бар. Қаршыға Батыс Қазақстан дәстүрлі күйшілік мектебінің белгілі композиторлары Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Махамбет, Есір, Есбай, Құлшар күйлерін асқан шеберлікпен орындайды. Сонымен қатар, күйші шертпе дәстүріндегі күйлерді де жетік меңгерген ерекше дарын иесі. Қаршыға тек қана домбырашы ғана емес, ол өз жанынан көптеген күйлер шығарған талантты композитор. Ол 60-қа жуық күйлердің авторы. Әсіресе, Қаршыға шығармаларының ішінде арнау-күйлер маңызды орынға ие болған. Көптеген күйлері қазіргі заманның белгілі тұлғаларына арналған. «Хамаңтолғау» атты шығармасы ақын Хамит Ерғалиевке арналса, ал «Би» күйінде қазақтың әйгілі бишісі Шара Жиенқұлованың мың бұралған ғажайып өнерін бейнелеген. «Нұрғиса» атты күйі өнерде де, өмірде де бауырдай болған қазақтың біртуар азаматы композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевке арналады. Ал, «Ғазиза» деп атау берген шығармасы композитор Ғазиза Жұбанованың рухына бағышталса, «Шамғон-
Ақжелең» күйі өзінің ұстазы, атақты дирижер Шамғон Қажығалиевтың 70-жылдық мерей тойына тартуы болатын.
Қаршыға шығармашылығы қазақтың күй өнерінің жаңа бір белесі іспетті. Ол қазақ халқының күйші-композиторларының дәстүрін жалғастырған ізбасары. Қаршыға Ахмедияров халық композиторларының күйлерін шеберлікпен орындап қана қоймай, қазіргі заманға лайық қоңыр домбырасын сөйлете білді. Ол жаңа заманға лайық жаңа күйлерді тудырушы – күйші-композитор.
Күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровты қазақтың күйшілік дәстүрін XXI ғасырға жеткізіп,
ұрпағына мұра еткен ерекше дарын иесі деп мақтанышпен айта аламыз.


Күй тыңдайық! Қаршыға Ахмедияровтың орындауында «Нұрғиса» атты күйін тыңдап көрелік!

Сұрақтар:
1. ХХ ғасырда күйшілік өнерде қандай жаңалықтар болды?
2. Қаршыға Ахмедияров күйшілік өнерге қандай үлес қосты?
3. Қаршыға Ахмедияровтың «Арнау-күйлерін» ата?

Тапсырма:
1. «Күйдің Қаршығасы» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада Темірбектің «Шернияз» күйінің соңғы буынын жаттап, күйді толық орындап кел.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *