КҮЙГЕ ТІЛ БІТІРГЕН ҚАЗАНҒАП
Қазанғап өмірін күймен бейнелеп, сазбен сөйлеткен, ойын алысқа бойлатып, тыңдаушысын қиялдың тереңіне жетелей білген қазаққа белгілі күйші-композитор. Қазанғап күйлері сазбен өрнектелген сөз іспетті әңгіме желісімен астасып жатады. Ақын Бәкір Тәжібаев өзінің «Торы аттың кекіл қақпайы» атты толғауында Қазанғаптың күйін былайша жырға қосқан екен: Торы атым, әлпештеген, пырағым-ау, Басыңды жолға салдым, шырағым-ау!
Айрылып Балжан қыздан қалғанымда,
Өлмеген күнім құрсын, — шыдадым-ау! Жолыңнан ұшқан қанша кекілік-ай, Шұлғысаң желкілдейді кекілің-ай! Айрылып Балжанымнан қалғаннан соң, Жүрмін ғой ішім күйіп, өкініп ай!
Қазанғап күйшінің қазақтың сал-серілеріне тән астына мінген Қылыш торы аты болады. Қылыш торы аты көңілі жабырқағанда сырласы, ел аралап ұзақ сапарға аттанғанда жол серігі екен. Қазанғап өзінің Қылыш торы атын мініп ел аралап жүріп Қарақалпақ жеріне келіп түседі. Қарақалпақ елінде қоныстанған Балжан атты қыздың ауылында болып, күй тартыпты. Балжанның әкесі өз заманындағы дәулетті адамдардың бірі болған. Балжанның алдында алты ағасы болса керек. Үйінің ең кенжесі болғандықтан өзі ерке, ақылды да өнерпаз болып өседі. Қазанғап осы үйде қона жатып, күй тартып, үй иелері мен ауыл-аймағын риза етеді. Қазанғап пен Балжан қыз бірін-бірі ұнатып, сөз байласады. Қазанғап бір жылдан кейін келіп құда түсіп, алып кетуге уәде етеді. Қазанғап еліне қайтатын да уақыт таяп, торы атын ерттеп жолға атанады. Бірақ Қазанғап уәделі уақытында жете алмай арада бірнеше жыл өткеннен кейін келеді. Келіп жетсе Балжан қыздың ұзатылу тойының үстінен түседі. Қазанғаптың келгеніне Балжан қыз қатты қуанып: «Аға, сізді уәделі уақытқа күттім, хабар бермедіңіз, менің бұйрығым басқа елден болды. Енді осы айыбыңызға жылда келіп маған бір күй арнап кетіп жүріңіз», — дейді. Өзінің айыбын мойындаған Қазанғап Балжанның сөзінде тұрып, жылда келіп бір күйін арнап шығарып кетеді екен.
Ал ақын Бәкір Тәжібаев Қазанғаптың Балжан қызға арнап шығарған сыршыл сезімді күйлерін өлең жырларымен былай деп толғайды:
Домбырам – ер басында бұлғақтаған, Мақпалмен қабын Балжан сырмақтаған. Ауылына алып баршы сол қалқамның, Күйімнен таусылмайтын сыр сақтағам!
Жастықтың, талай-талай көрдім сыйын, Талмай өт ұзақ жолға – жер қиынын! Саңлағым, баста мені жан – Балжанға, Жүр екен қандай күйде кермиығым?!!
Қазанғап алыс шалғайда жатқан Қарақалпақ еліне Балжанның ауылына келіп-кетіп жүргенінде өзінің мұңын шағып, жабыққанда сырласы болған жол серігі Қылыш торы атын қасынан тастамайды екен. Сонда Қазанғап Балжан қызды сағынғанда ауылына жеткізетін Қылыш торы атына арнап «Торы аттың кекіл қақпайы» атты күйін шығарады.
Күй тыңдайық :
Қазанғаптың «Торы аттың кекіл қақпайы» атты күйін Абдулхамит Райымбергеновтың орындауында тыңдап көрелік!
Біліп ал!
Қазанғап Тілепбергенұлы – (1854-1927) қазақтың ұлы күйші-композиторы. Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданында дүниеге келген. Жастайынан өнерге бейім болып өсе келе Төреш, Орынбай,
Құрманияз, Үсен төре сынды атақты күйшілерден дәріс алады. Батыс өңіріне кең тараған алпыс екі Ақжелеңді түгел орындап, өз жанынан да «Ақжелең» атты көптеген күйлерін шығарған. Қазанғаптың «Көкіл», «Құсқайтару», «Домалатпай Ақжелең», «Жұртта қалған», «Кербез Ақжелең» т.б. көптеген күйлері халыққа кеңінен танымал.
Білесің бе?
Бәкір Тәжібаев – (1926-1994) ақын, драматург, әнші, сазгер. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. Ол көптеген новеллалар мен пьессалардың авторы. Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсының либреттосын жазған. Театр сахналарында актер ретінде де танымал болған. Сонымен қатар, көптеген әндер шығарған сазгер. Ақынның «Ақ бұлақ», «Гүлсің-ау», «Аппағым- ау, аппағым» әндері халыққа кеңінен танымал.
Сұрақтар:
1. Қазанғап Балжан қызбен қалай жолығады?
2. Не себепті Қазанғап Балжан қызға күй арнайды?
3. Не себепті Қазанғап астындағы атына арнап күй шығарады?
4. Бәкір Тәжібаев Қазанғап күйлерін өлеңмен қалай бейнелейді?
Тапсырма:
1. «Күйге тіл бітірген Қазанғап» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада Қазанғаптың «Құс қайтару» күйінің келесі буынын пысыктап кел.