ЖАС ҚАЗАҚ ДЕП ЖЫРЛАҒАН РАМАЗАН ЕЛЕБАЕВ
В. Панфилов. Гвардияшыл панфиловшылар ерлігі.
Ұлы отан соғысы жылдары болатын. Қан майданда жүрген жауынгерлердің көңілін сергітіп, рухына жігер беру үшін Қазақстаннан он шақты өнер адамдары концерттік сапармен майданға аттанады. Сол өнер адамдарының ішінде әнші Жүсіпбек Елебеков пен жазушы Ғабиден Мұстафин де болатын. Қырғын соғысқа қарамастан өнер адамдары күнделікті концерттерін беріп жатады. Қазақ жауынгерлерінің арасында Рамазан Елебаев та бар екен. Рамазан Елебаев соғысқа дейін Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында жұмыс істеген, өзінің ән шығаратын да өнері болған. Ол Жүсіпбек Елебековтың келгеніне қатты қуанып: «Ой, Жүсеке, жақсы келдің-ау. Төлеген Тоқтаровтың қазасына арналған «Жас қабірдің қасында» деген әнім бар еді. Соны сізге үйретуім керек. Сол әнді елге алып кетуіңіз керек. Мен бір күні келем. Қазір асығып тұрмын», — деп кетіп қалған екен.
Шығармашылық топ қайтатын күні Рамазан Елебаев 8 — гвардияның штабына әрең дегенде аяғына шаңғы байлап, бір иығына мылтығын, бір иығына сырнайын асқан күйі малақайын оқ тесіп кеткеніне қарамастан үлгеріп келеді. Рамазан Елебаев әуенді бір-екі рет ойнап берісімен Жүсіпбек әнді қағып алып домбырасына түсіреді. Қоштасар сәтте Рамазан Елебаев: «Жүсеке, бұл әнді елге осы қан майданда жүрген ер жүрек жауынгерлердің атынан сәлем ретінде жеткізсең арманым жоқ. Екеуміздің жанымыз жақын ғой. Жетпеген тұсын өзің толықтырарсың», — деп аманатын табыстайды.
Поезға мінгеннен кейін Жүсіпбек Елебековтің ойынан әлгі ән кетпей тұрып алады. Қсындағы жазушы Ғабиден Мұстафинге осы әнге сөз жазыңыз деп қолқалайды. Сонда Ғабиден Мұстафин: «Ойпырмай, Жүсеке, мен қалай сөз жазам? Мен ақын емеспін ғой», — дейді. Сонда Жүсіпбек Елебеков: «Жоқ ақын болмасаңыз да жазасыз. Өйткені сіз мына қырғын соғысты көзіңізбен көрдіңіз. Сіз жақсы жазуға тиістісіз», — дейді. Сөйтіп, Рамазан Елебаевтың әніне Ғабиден Мұстафин жол бойы жеткенше сөзін жазып та үлгереді.
Майданнан оралғаннан кейін Жүсіпбек Елебеков бір концертке шығайын деп тұрғанында жайсыз хабар келеді. Бір адам келіп: «Жүсеке, Рамазан Елебаев қан майданда қаза тапты», — дейді. Сонда Жүсіпбек Елебеков екі көзі жасқа толып сахнаға қалай шығып кеткенінде сезбей қалады. Сахнаға шыққан бойда қолына домбырасын алып, Рамазанның аманат етіп кеткен әнін алғаш рет орындайды. Сөйтіп, бұл ән ел арасына «Жас қазақ» деген атпен тарап кетеді.
Сол заманнан жеткен Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әнін Мемлекеттік хор капелласы, опера
және эстрада әншілері орындап өмірін жалғастырып келеді.
Ән тыңдайық: Жүсіпбек Елебековтің орындауында Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әнін тыңдап көрелік!
Біліп ал!
Рамазан Елебаев – (1910-1943) композитор. Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданында дүниеге келген. Р.Елебаев аз ғұмырында өнер үшін өз үлесін қосып кеткен. 1942 жылы майданға аттанады. Ол Панфилов дивизиясының атқыштар полкінде соғысқа қатыса жүріп, әскер қатарындағы әншіөнерпаздардан концерттік бригада ұйымдастырады. Р.Елебаев ерлікпен қаза тапқан майдандас досы Төлеген Тоқтаровқа арнап «Жас қазақ» әнін шығарған. Сонымен қатар, композитордың скрипка мен фортепианоға арналған сюитасы, «Талғар полкінің маршы», «Жиырма сегіз батыр», «23 полктің маршы» т.б. көптеген әндері бар. Ол Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
Білесің бе?
Жүсіпбек Елебеков – (1904-1977) әнші. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі. Алғашқы өнерге баулыған әнші Жақыпбек Балғабайұлы. Кейін Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтармен бірге жүріп өнерін ұштайды. Жүсіпбек — Мәди, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Абай сынды халық композиторларының әндерін сақтап бізге жеткізуші. Ол Қазақстан композиторларының әндерін асқан шеберлікпен орындады. Гастрольдік сапармен Мәскеу, Қытай, Монғолия, Үндістанда қазақ ән өнерін насихаттаған. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген бейнесін сомдаған. Ол Ленин және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Сұрақтар:
1. Жүсіпбек Елебеков пен Рамазан Елебаев қалай кездеседі?
2. Рамазан Елебаев Жүсіпбекке қандай аманат табыстайды?
3. «Жас қазақ» әнінің сөзін жазған кім?
4. Жүсіпбек «Жас қазақ» әнін орындағанда қандай сезімде болады?
Тапсырма:
1. «Жас қазақ деп жырлаған Рамазан Елебаев» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада «Сылқылдақ» күйінің келесі буынын қайталап кел.