БАЛА ПСИХИКАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЕРЕСЕКТЕРДІҢ ТИІМДІ ЖӘНЕ КЕРІ ЫҚПАЛ ЖАСАУЫ

БАЛА ПСИХИКАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЕРЕСЕКТЕРДІҢ ТИІМДІ ЖӘНЕ КЕРІ ЫҚПАЛ ЖАСАУЫ
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» ,- деп бекер айтпаған. Балалар өскен сайын қоршаған адамдардың іс-әрекеттерін қайталай отырып, үлкен еліктеушілік көрсетеді. Демек, бала психикасының дамуында ересектердің атқарар қызметі зор.
Отбасында орын алған небір келеңсіз жағдайлардың кесірінен, бала психикасында өзгерістер байқала бастайды. Мысалы, әдейі іс-қимылдар жасау, мінез көрсету, тақылдату, ерегісу, шектен тыс ашушаңдық немесе керісінше, шектен тыс ұяңдық пайда болады. Оның алдын –алу ересектердің міндеті болып табылады.
Одан бөлек қазіргі таңда жұмысбасты ата-ана баласының жағдайын әрдайым ойлауға мұршасы келе бермейтіні рас. Балаға барын әперіп, аш қалмау жағын ойлау бір басқа, оның психологиялық жай-күйіне мән беру мүлде бөлек. Өсіп келе жатқан ұл-қыздың не ойлайтынына әдетте көп ата-ана мән бермейді.
Бала психикасына тек отбасы ғана емес, сонымен қатар ұстаздары, достары, туысқандары әсер етеді. Яғни, қоршаған ортаға байланысты баланың санасына әсер етер факторлар деп сан алуан.
Мектеп білім беру барысында балалардың логикалық есін дамытуда үлкен роль атқарады. Оқушылардың есін тәрбиелеуде де мұғалім олардың жас және дара ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс жүргізеді. Бастауыш мектеп жасындағы балаларды оқу тәсілін өз бетімен таңдап ала алмайтындықтан мұғалім үйге тапсырма бергенде, материалды қалай оқу керектігін балаларға ұдайы ескертуі керек. Бұл жөнінде оқулықтардың бәрінде мәтінді қалай оқу, тапсырманы қалай орындау керектігі айтылған. Бірақ баланың назары кейде бұған жөнді түсе қоймайды. Мұғалім мұны міндетті түрде ескерген жөн.
Балалардың ойлауын дамытуда мектептегі оқу-тәрбие процесі шешуші роль атқарады. Бала ойлауын дамыту үшін мұғалім тиісті жұмыстар жүргізіп отыруы тиіс. Ой тәрбиесі адамның психологиясын жан-жақты етіп тәрбиелеумен ұштасып жатады.
Бала психологиясының дамуы — жас ерекшелігі психологиясының негізгі бөлімі. Ол адам өміріндегі тұтас бір кезең болып табылатын балалық шақтың психикалық даму заңдылықтарын зерттейді. Нақты деректерге сүйенсек, Неміс ғалымы В.Прейер бала психологиясын зерттеуде тұңғыш рет интроспекция әдісінен объективті бақылауға өтуді жүзеге асырды.[1]
В. Прейердің “Бала жаны” атты кітабы (1882ж.) — бала психологиясын жүйелі зерттеуді бастап берген психологиялық еңбек. Бала психологиясының пәні — балалық шақтағы психикалық дамудың жалпы заңдылықтарын онтогенезде ашу, осы дамудың жас кезеңдері мен оған өту себептерін анықтау. Бала психологиясы үшін басты мәселе — баланың психикалық дамуының факторларын, психикалық даму шарттарын түсіндіру. Бала атаулының бойындағы біртіндеп қалыптасатын психологиялық ауыр өзгерістер мен невроздың негізгі себепкері, жалпы бала тәрбиесінен хабары шамалы, ал бала психологиясы дегенді естіп көрмеген ата-аналардың үкімді де, сорақылыққа толы қатыгездіктерінен екенін ашып айтқымыз келеді. Олардың көпшілігі бала тәрбиесінің қиын да қызық сәттерін іздеп үйренудің орнына, тек жазалау, қорқытып –үркітумен ұстағанды білетіндіктерімен шектелетіндіктері белгілі. Тіршілік тартыстарына енді келген сәбилер үшін, бұны аттап өте алмастай ауыр күйзелістерге апарады. Айта берсе, үлкендер тарапынан болатын дөрекі қылықтар толып жатыр.[2]
Ең бірінші психологиялық көмектің бағдары — осындай жағдайларға тап болған балалардың ауруға шалдыға бастаған психикасын сауықтыру болып табылады.
Екінші бағыт — тез арада ата-аналар мен бала тәрбиесіне қатысты үлкендердің арасында жүргізілетін психологиялық көмектерді атауға болады. Мұның өзіне тән әдістері де толып жатыр. Үлкендерге бала психикасының мән-жәйі туралы түсінік беру, оны мұқалтпаудың маңызы жайлы, психологиялық тәрбиелерді үйретудің жолдарын — кітаптардан, кино-фильмдерден, арнайы жасалынған оқулық фильмдерден — терендей талдап көрсету арқылы, ата-аналар мен үлкендердің бала тәрбиесіндегі қатыгездіктен тыйылуын талап ету.
Осылайша, жас баланың психикасындағы ауыр өзгерістер мен қорқыныштардан туындайтын, оның жан дүниесіндегі жапа шегушіліктің зардабымен қатаң да жедел күресетін мезгіл жеткен сияқты. Сөз жоқ, мұндай жағдайды ата-аналардың көпшілігі білмегендіктен істейтінін де ескеру керек.
Жалпы бала психологиясына белгілі психикалық ауыр әсерлердің түрлерін атап өтсек; бірінші, баланың жігерін жасытатын үкімді баға беру (мысалы, «Сен ойнай білмейсің», «сен дұрыс сөйлей алмайсың» деген сияқты кесімді ұғымдардың әсері жаман). Осыдан кейін, баланың тауы шағылып, талабы қайтып қалатындығы анық. Тіпті, оған бұдан былай ойнаудың да, сөйлеудің де қиындай беретіні рас. Балаларды үнемі көтермелей жетелеп тәрбиелеудің психикалық мәні зор.
Екінші сәт, баланың істеген әрекеттеріне теріс те, зілді баға берумен қоса, оның жеке басының намысына тиетін сөздер айту. Мәселен, «Сен ойнай білмейтініңмен қоса, мақтаншақсың, өтірік мақтанасың» деудің әсерімен, баланың бүкіл жан-дүниесін терең жаралауға әбден болады. Сондықтан да, балалардың іс-әрекеттерін дұрыс бағаламау, төмендетіп бағалау арқылы, оның қалыптасу қабілетін тұтылдырумен қоса, ұстамдылығы мен парасатына да қаяу түсіреді. Мұндай әрекеттер баланың өміршең талпыныстарын бірден тоқтатып, тіпті тіршілігінен де бас тартқызуы мүмкін. Оның алдындағы армандарын да, сенімдерін де жоғалта бастайды.
Үшінші бір ыңғайсыз сәт, басқа бір баламен салыстыра бағалаудағы жіберілетін әділетсіздік. Мұндай әрекеттер арқылы, баланың бойына қызғанушылық пен өзімшілдікті қалай сіңіріп алғандарын да байқамай қалады. Міне, тәрбиедегі психологиялық әдістерді білмеудің салдары осындай аса қиын жайсыздықтарға әкеп соғады екен. Бұл бала тәрбиесіндегі кезек күттірмейтін мәселе дегіміз келеді. Психология ғылымында баланың психикалық дамуын түсіндіретін теориялар шартты түрде 2 үлкен бағытқа бөлінеді:
1) биогенетикалық;
2) социогенетикалық.
Бұл бағыттар бір-бірінен бала дамуының негізіне қандай факторды (биологиялық не әлеуметтік) алуымен ерекшеленеді. Бала психологиясы баланың дүниеге келгеннен мектеп бітіргенге дейінгі уақыт аралығын қамтиды (балалар психологиясы, бастауыш сынып оқушылары психологиясы, жасөспірімдер психологиясы, балаң жас психологиясы). Бала психологиясындағы «балалық шақ» ұғымы ғасырлар барысында өзгеріп отырды. Әлеуметтік-мәдени құбылыс болып табылатын “балалық шақ” ұғымы нақты тарихи сипатқа ие. Оның мазмұны қоғамдағы тәрбиелеу жүйесіне, этномәдени ерекшелікке байланысты. Бала психологиясында жалпы психологияның негізгі әдістері жас ерекшеліктеріне орай өзгертіліп қолданылады. Мысалы: бақылау мен эксперимент (лабораториялық, табиғи, қалыптастырушы) және тестер, әңгімелесу, іс-әрекет нәтижесін талдау, т.б. Бала психологиясының қалыптасуы мен дамуына зор ықпалы тигізген ағым — педалогия. Баланы біртұтас зерттеуді мақсат тұтқан педалогия қазіргі бала психологиясының құрамына енген көптеген ғылыми мағлұматтар мен күні бүгінге дейін маңызын жоймаған психология концепцияларды өмірге әкелді.[3]
Қорытындылай келе әр ата–ана баласының іс-әрекетіне, психикасына аса зор мән беруі қажет. Қандай жағдай болмасын, баламен дос болып, оның деңгейіне түсе отырып, сырласу да баланың жағдайына әсер ететінін ескергеніңіз жөн. Құрметті ата-аналар, аяулы ұстаздар, балаға тәлім-тәрбие беріп, оны жақсы азамат етіп шығару, мына өздеріңіздің қолдарыңызда!

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. В. Прейер: Душа ребенка, 1912, Санкт-Петербург;
2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;
3. https://infourok.ru/bala-psihologiyasi-oni-zertteu-zholdari-2723455.html.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *