АҚМАҢДАЙЛЫМДЫ ӘУЕЛЕТКЕН РОЗА БАҒЛАНОВА

АҚМАҢДАЙЛЫМДЫ ӘУЕЛЕТКЕН РОЗА БАҒЛАНОВА



XX ғасырдың ортасынан бастап Қазақстан мәдениетінде жаңа заман әндері дүниеге келе бастайды. Қазақстанда Еуропа мәдениетінен бастау алған эстрада жанры пайда болады. Эстрада әндері тыңдауға жеңіл, бір ырғақта жүретін, мазмұны жағынан әр түрлі тақырыптарды қамтиды: табиғат, махаббат, патриоттық, лирикалық т.б. Дәстүрлі әндерде бір адам сөзін де, әнін де өзі шығарып, өзі орындайтын болса (Ақан сері, Біржан сал), жаңа заман әндерінде композитор музыкасын жазып, ақын сөзін шығарған. Ал, жаңа әнді халықтың жүрегіне жеткізіп, ел арасына тарататын әнші-орындаушылар болған. Осындай жаңа бағытта көптеген жаңа заман композиторлары мен әншілер қаулай өсті.
Қазақтың эстрада жанрын қалыптастыруда халықтың ыстық ықыласына бөленіп, биік бағасын алған, әндерін әрбір қазақ баласы шырқай кететін әйгілі композитор – Шәмші Қалдаяқов болды. Ал Шәмшінің көптеген әндерін елге танымал еткен Роза Бағланова еді. Қазақ эстрадасының көшін бастаушы Роза Бағланова деп аса мақтанышпен айта аламыз. Роза Бағланова көптеген жаңа заман әндерін алғаш рет ел арасына таратып, өзінің ізінен жаңа буын әншілердің шығуына зор ықпалын тигізді. Ол осындай қажырлы еңбегі үшін «Халық қаһарманы» атағына да ие болады.
Ал, енді Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» әнінің қысқаша шығу тарихына құлақ түрелік!
Күз мезгілінің жайма шуақ жадырап тұрған күндерінің бірі болатын. Алтын бақтай қызыл-сары жапыраққа оранған ағаштарды тамашалап, арман мен қиялға шомған жастар бір-бірімен сырласып барады. Сая бақты аралап жүргендердің ішінде Шәмші де бар. Ол сезімімен сырласып алабұртқан жастарды көзінің қиығымен бір шалып терең ойға батады. Көңілін көптен бері мазалаған бір әуен бар. Ойы сәл саябырлап барып қайыңның түбіндегі бір орындыққа жайғаса кетеді. Сол уақытта әлгі әуен жүрегінің түбінен тұрақтап, асау көңілі орнына түскендей сезінеді.
Жаңа ғана тұрақтаған әуен жан дүниесін әлдилей жөнелді. Осы ырғақтың ықпалынан шыға алмай біраз отырды да тұрып кетті. Жұрт жұмыстан қайтатын кез еді. Шәмші Қалдаяқов сол бойда өлеңдерін жиі оқитын ақын Мұзафар Әлімбаевты «Балдырған» журналының редакциясына арнайы іздеп барады. Барған бойда жаңа туған әніне мәтін жазып беруін өтінеді. Ыңылдап әуенін айтып береді. Шәмшінің әуеніне сүйсінген Мұзақаң жас талаптың өтінішін жерге қалдырмай «Ақмаңдайлым» өлеңін жазады. Ертеңіне екеуі «Бұл әнді кімге ұсынамыз?», — деп кеңеседі. Сөйтіп бұл әнді Шәмші ағамыз Мұзафар Әлімбаев екеуі Роза Бағлановаға ұсынады.
Ал, Роза Бағланова «Ақмаңдайлым» әні жайлы былай деп баяндайды: «1953 жылдары Мұзафар Әлімбаев пен Шәмші Қалдаяқов үйге келді. «Сізге өлең жазып едік. Қалай болар екен?»,- деп күй сандыққа отыра қалып «Ақмаңдайлым» әнін тартып берді. Үш күннен кейін-ақ бұл әнді жаттап, «үкімет» басшыларының қатысуымен болған концертте орындадым. Ойпырмай, халықтың қошеметін айтсаңшы! Әсіресе,
Айналдым ақмаңдайлым
Ақылдым бал таңдайлым
Жалында жас дәуренде
Ұялма жан сәулем де
Жақсылықтың жоқ сәулем ерте кеші Жадырашы, назданшы, еркелеші, —
деп қайырмасын айтқанда қайта-қайта қол соғып, сахнадан жібермей қойды». Сөйтіп, Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» әні дүниеге келіп, әлі күнге дейін халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Ән тыңдайық: Роза Бағланованың орындауында Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» әнін тыңдап көрелік!

Біліп ал!

Шәмші Қалдаяқов – (1930-1992) қазақтың белгілі композиторы. Қазақстанның халық әртісі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Эстрадалық ән жанрында өзіндік қолтаңбасын жасаған талантты сазгер. Оның «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Кешікпей келем деп ең», «Бахыт құшағында», «Қайықта», «Ақ бантик» т.б. көптеген әндері кеңінен танымал. Әсіресе, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әні халықтың жүрегінен орын алып, Мемлекетіміздің «Ән ұранына» айналды. Шәмші әндерін қазаққа әйгілі әншілер: Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Зейнеп Қойшыбаева, Роза Рымбаева және қазіргі таңда көптеген жас буын эстрада әншілері орындап келеді.
Білесің бе?
Роза Бағланова – (1922) қазақтың әйгілі әншісі. Қазақстанның және КСРО халық әртісі. Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Екінші дүние жүзілік соғыс жылдары майданда өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі «Жеңіс» концертіне қатысқан. Әнші Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Ауғаныстан, Үндістан, Австрия, Бельгия, Бирма, Швеция, Канада т.б. көптеген шет мемлекетерде өнер көрсетіп, қазақ әнін бүкіл әлемге паш еткен. Осындай мәдениет пен өнердегі ерен еңбегі үшін «Халық қаһарманы» атағына ие болған.

Сұрақтар:
1. Қазақстанда эстрада жанры қай уақытта қалыптаса бастады?
2. Эстрада әндерінің дәстүрлі әндерден ерекшелігі неде?
3. Қазақ эстрадасының қалыптасуына ықпал еткен композитор мен әншіні ата?
4. Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» әні дүниеге қалай келді?

Тапсырма:
1. «Ақмаңдайлымды әуелеткен Роза Бағланова» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада Тәттімбет «Сылқылдақ» күйінің бастапқы буынын үйрену:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *