2. ҮТІР
§ 25. Үтірмен сөйлемдегі қаратпа сөздер, қаратпа сөз тізбектері бөлінеді (II тараудағы § 43-48-тарды қараңыз).
Нақтылы біреуге арналмаған, жалпылық-белгісіздік мағынасы бар сөздер мен сөз тізбектері де үтірмен бөлінеді (II тарау, § 49-ты қараңыз).
§ 26. Сөйлемдегі қыстырма сөздер, сөз тізбектері және сөйлемдер үтірмен бөлінеді (II тарау, § 50-60-тарды қараңыз).
§ 27. Үтірмен сөйлемдегі одағайлар бөлінеді (II тарау, § 61-67-тарды қараңыз).
§ 28. Бәсе, жә, қош, құп, жарайды, мақұл, дұрыс сияқты сөздер үтірмен бөлінеді (II тараудағы § 64-ты қараңыз).
§ 29. Сөйлемдегі иә, жоқ, мә, мәңіз деген сөздер үтірмен бөлінеді (II тарау, § 65-ты қараңыз).
§ 30. Үтір сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің арасына қойылады (II тараудағы § 75, 76, 77, 78, 83, 85, 86, 88, 89, 90, 91-тарды қараңыз).
§ 31. Сөйлемдегі оңашаланған айқындауыш мүшелер үтірмен бөлінеді (II тарау, § 69, 70, 73, 74-тарды қараңыз).
§ 32. Сияқты, ретінде, қатар, емес, түгіл деген сөздермен келген және
-дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары қосылған тізбектер де үтірге алынады (II тарау, § 71-ты қараңыз).
§ 33. Қарамастан, қоспағанда, есептегенде деген сөздерге аяқталатын сөз тізбектері үтірмен ажыратылады (II тарау, § 72-ты қараңыз).
§ 34. Үтір құрмаласқа енген жай сөйлемдердің арасына қойылады (II тараудағы § 97, 103, 105, 106, 107, 108-тарды қараңыз).
§ 35. Екіге бөлінген төл сөздің алғашқы бөлігі хабарлы сөйлем немесе сөйлемнің бір бөлігі болса, одан кейін үтір (және сызықша) қойылады (II тарау, § 114-ты қараңыз).
Екіге бөлінген төл сөздің алғашқы бөлігі өз алдына сөйлем болмай, оған үтір қойылған болса, екінші бөлігінің алдынан да үтір қойылады (II тарау § 114-ты қараңыз).
§ 36. Бірнеше сөзден құралған күрделі қос сөздердің арасына үтір қойылады (II тарау, § 91-ты қараңыз).
§ 37. Бірдей немесе әр келкі тұлғада қайталап келетін жеке сөздер мен тіркестердің араларына үтір қойылады (II тарау, § 88-ты қараңыз).
§ 38. Ол – ол ма, бұл – бұл ма, ол – ол болсын деген тіркестер сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен бөлінеді (II тарау, § 58-ты қараңыз).
Р.Сыздықова