8. ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕРДІҢ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ
§ 97. Бір мезгілде немесе бір-біріне ұласа болған істі білдіретін, салаласа құрмаласқан жай сөйлемдердің арасына үтір қойылады:
Итбай мен Горбунов дойбы ойнап отыр еді, терезеден айғай шықты (С.Мұқанов). Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман (Абай). Кенет Сережка Валяның қолынан ұстай алды, екеуі үйдің жарына жабысып тұра қалды (А.Фадеев). Осы минутта қайнаған самауыр көтеріп қожайын кірді, мен бастаушымызды шайға шақырдым, мужик төмен түсті (А.С.Пушкин). Тас еді, шаң еді, азап еді, кір еді, енді, міне, мыс болып жүріп кетті, күміс болып кейін оралады (Ғ. Мүсірепов).
§ 98. Мағына жағынан іліктес болғанмен, азды-көпті бөлектеніп тұратын, көбінесе өз ішінде үтірлері бар жай сөйлемдердің арасына нүктелі үтір қойылады. Мысалы:
Сүйінбай: “Кедей жұртының тілін жақсы ұғын; өзіңнің әдемі жырыңмен тек халқыңа ғана қызмет ет; шыңырау құдықтың терең түбінен су алғандай, жырыңды жүрегіңнің терең қойнауынан шығар!” – деді (Жамбыл).
Қазақстан өлкесі Нелер зауыт салынған; Неше жылғы көмбенің Тыныштығы алынған;
Байлығы теуіп сыртына Жондарынан жарылған; Отан үшін кажеттің
Бар керегі табылған (Н.Байғанин).
§ 99. Жалғаулықсыз салаласқан жай сөйлемдер бір-біріне түсінік болып, яғни соңғысы не соңғылары алдыңғы сөйлемнің мазмұнын ашып тұрса, араларына қос нүкте қойылады. Мысалы:
Аюлар үйде жоқ: олар орман ішіне серуенге кеткен еді.
Қос нүкте түсіндіріліп тұрған сөйлем мен түсінік болып тұрған сөйлемдердің арасына қойылады, ал түсінік болып тұрған сөйлемдердің өзі бірнеше жай сөйлем болуы мүмкін, онда олардың араларына үтір қойылады. Мысалы:
Құттыбай ауылы күздікке екі жарылып қонды: төрт-бес үй Алтаймен бір бөлек, бес-алты үй Асанмен бір бөлек. Ағайынды бұл үшеуінің жас мөлшерлері бір-біріне жақын: Балтабек жиырма алтыда, Темірбек жиырма төртте, Кенжетай жиырма екіде. Мінезі де денесіне ұқсас: орнығып отыра да алмайтын, ұқыптап іс те істей алмайтын сабырсыз, қайғыға да, куанышқа да шыдай алмайтын күйгелек, жоққа шытырлай қалатын тығыз, өзінен басқаның ісін ұнатпайтын кінәмшыл, басқаға жақсылық қылмайтын қызғаншақ (С.Мұқанов).
§ 100. Құрмаласқа енген жай сөйлемдерді байланыстырып тұратын бірақ, сонда да, алайда, сондықтан, дегенмен сияқты жалғаулықтар түсіп қалып айтылғанда, олардың орнына үтір мен сызықша қойылады:
Үйде шешен, – дауда жоқ (Мақал). Тұрайын деп еді, – тұра алмады.
Есіктің киізін олай итерем, бұлай итерем, – ашылмайды (С.Мұқанов). Аяп келдім, – айта алмадым (Ғ.Мүсірепов). Елге мойнымды созам, – көрінбейді. Манайға мойнымды созам, – дәнеңе жоқ (С.Мұқанов). Біз Алатаудай ел едік,
– теңемек болды ойға жау (Жамбыл). Аяғы жоқ, – жүреді, аузы жок, – сөйлейді (Жұмбақ).
§ 101. Өйткені, себебі сияқты жалғаулықтар түсіп қалып жасалған салаластарда жай сөйлемдердің арасына қос нүкте қойылады. Мысалы:
Мен жиналып үлгеретін болдым: пойыз кешке жүреді екен. Салған әні жан-дүниемізді балқытты: даусы аса әсем екен.
§ 102. Салаласқа енген жай сөйлемдегі іс шұғыл болса, немесе біріндегі іске екіншісіндегі қарама-қарсы қойылып айтылса, араларына сызықша қойылады. Мысалы:
Тептім – терекке шықтым (Жұмбақ).
Толқып теңіз бір уақытта Сарқырап кеп шайқалды ол — Қалып қойды жағада сол
Отыз үш ер кіл каһарман (А.С.Пушкин).
Ти десем – тимейді, тиме десем – тиеді (Жұмбақ). Айтты – көндім, алды – бердім, енді өкіндім, өзіме аз (Абай).
§ 103. Да (де, та, те), әрі, не, немесе, яки, біресе, бірде жалғаулықтары салаласқа енген жай сөйлемдердің әрқайсысында қайталап келсе де, қайталамай келсе де, жай сөйлемдердің арасына үтір қойылады. Мысалы:
Біз Балқашқа баратын поезды күттік те, ол Петропавл поезымен со күні кешке Алматыға аттанды (М.Иманжанов). Күн де шықты, біз де тұрдық. Біресе себелеп жаңбыр жауады, біресе қиыршақтап қар жауады.
§ 104. Салаласқа енген жай сөйлемдердің арасында және жалғаулығы тұрса, үтір қойылмайды. Мысалы:
Үйге берілетін тапсырмаларды оқушылар өз беттерімен орындай алатын болсын және ол жаттығулар үлкен болмасын. Бұл биенің құлыны да өзіне тартқан бурыл болады және бұл бие ерте құлындайды (С.Мұқанов).
§ 105. Салаласқа енген жай сөйлемдер бірақ, өйткені, сондықтан, дегендей, алайда, әйтсе де, ал деген жалғаулықтармен байланысса, үтір олардан бұрын қойылады:
Жарты сағаттан кейін атқа қондым, ал Савельич қала адамдарының бірі тегін берген көтерем ақсағына мінді (А.С.Пушкин). Жұрт Павелді қоршап тоқтай қалды, бірақ ол алға жарып шықты (М. Горький). Күн бұлттанып-ақ тұр еді, алайда жауа қоймады.
Бірақ, өйткені, сондықтан, дегенмен, алайда, әйтсе де, ал деген жалғаулықтар жеке сөйлемнің басында келсе, олардан соң үтір қойылмайды. Кейде бірақ, дегенмен, алайда жалғаулықтары жеке жай сөйлемнің ортасында келулері мүмкін. Онда да алды-артынан үтір қойылмайды. Мысалы:
Асқар ұзақ уақыт ұйықтай алмады. Бірақ жатқан қалпынан тырп етіп қозғалған жоқ (С.Мұқанов). Сондықтан да соңғы бір-екі күн бойында Татьянаны ақын өз елінің тілімен сөйлете бастап еді (М.Әуезов). Анық-ақ көрген кісім. Ал сонда қайда көрдім. Сүйген қызымды қолтықтап, мен өз елімнің кең көшесінде аяғымды алшақ басамын. Алайда айналамда не болып жатқанына көзімді жұма қарайтын парықсыз, тоғышар жан мен емес (М.Иманжанов).
Е с к е р т у. Ал, бірақ, дегенмен, алайда, өйткені, сондықтан деген жалғаулықтар сөйлем басында келіп, олардан кейін оқшау сөздердің бірі тұрса, жалғаулықтардан сон үтір қойылады. Бірақ ол жалғаулыққа байланысты қойылған үтір болмайды, оқшау сөздің алдынан қойылған үтір болады. Мысалы: Бірақ, шынында, олай емес-ті, Сережка адастырмайтын (А.Фадеев). Ал, шырақ, әңгімеңді айта бер. Дегенмен, сайып келгенде, еңбек адамымен ұғысу да, достасу да,сырласу да оңай орайласатыны анық (М.Иманжанов).
Ал, бірақ, дегенмен, алайда жалғаулықтары қатар келгенде, өз араларына үтір қойылады: Ал, бірақ “білімсізбін” деп өзіңізді өзіңіз әдейілеп кемітуіңізге жол болсын (М.Иманжанов). Бірақ, дегенмен өзі қорықпайтын бала екен. Ал, дегенмен әңгімеңді айтып көр.
§ 106. Құрмаласқа енген алғашқы екі-үш немесе одан да көп сұраулы сөйлемдердің арасына сұрау белгісі емес, үтір қойылады.
Қарт үнсіз тұрып қалған екі жас сөйлессін деді ме әлде жылқыны аралап қайтқысы келді ме, Борашқа иығын көтерді де, ылдиға қарай жорта жөнелді (М.Иманжанов). Сам жамырай бастағаны ма, жоқ, батар күннің жауын бұлты арқылы себездегені ме, әйтеуір, батыс жақта, көкжиек үстінде сарғыш мұнар сәуле бар (М.Әуезов).
§ 107. Сабақтаса құрмаласқан жай сөйлемдердің араларына, негізінен, үтір қойылады. Мысалы:
Сол жылы Есіл мол тасып, жаз жаңбыр да жауып, егін мен шөп тамаша көп шықты. Ойы ұнамды шыққасын, Ботагөз куанып кетті. (С.Мұқанов). Білсең, отыр (Ғ.Мүсірепов). Баймағамбет тұрып есікті ашқанда, ар жағында тыстан қайтып келе жатқан Әйгерім көрінді (М.Әуезов). Жердің үстіндегі Ер Төстік жердің астына түсті дегенге, соның жолдасы болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын (“Ер Төстік” ертегісінен).
Әдетте шартты бағыныңқылы сабақтастың жай сөйлемдерінің арасына үтір қойылады. Ал баяндауышы шартты райдан жасалған бағыныңқы сөйлемге ерекше мән беріле айтылса, немесе басыңқыдағы іс шұғыл, күтпеген уақиғаны білдірсе, сызықша қоюға болады:
Ұрса – құлашы, сыбанса – білегі, ашылса – жүрегі, түйсе – жұдырығы көз тойдырады (Ғ.Мүсірепов). Бұл сөйлем – төрт сабақтастан құралған құрмалас. Әр сабақтастың өзі толымсыз бір бағыныңқылы, бір басыңқыдан құралған. Ол ұрса – құлашы көз тойдырады, ол сыбанса – білегі көз тойдырады…Тағы бір мысал: Көзімнің оты жарқ ете қап, дуылдай жөнелген мұрнымды алақаныммен тоса қойып ем, жып-жылы бірдеме сорғалай жөнелді, байқасам – шұбырған қан! (С.Мұқанов).
§ 108. Бағыныңқы сөйлем басыңқының ортасында келсе, үтір екі жағынан қойылады. Мысалы:
Абай, Әбдірахман атқа мінетін болған кезде, үйден бірге ере шықты.
Оспан, Жиренше қой деген сайын, сақ-сақ күліп, иттерін өшіктірді. Ол бұл жерге, Абайды керек еткен адвокат келсе, не тергеуші начальник келсе ғана, кіретін (М.Әуезов). Көңілің, суын ішсең, ашылады (Ы.Алтынсарин).
§ 109. Бастауыш екі жай сөйлемге ортақ болса, ол қайсысымен айтылып тұрса, сонысына қатыстырылады: Абай Қарқаралыдан қайтқан соң, атқа мініп ел аралаған жоқ (М.Әуезов). Немесе: Қарқаралыдан қайтқан соң, Абай атқа мініп ел аралаған жоқ. Ал осы сөйлемнің тыныс белгісін: Абай, Қарқаралыдан қайтқан соң, атқа мініп ел аралаған жоқ деп қою дұрыс емес.
§ 110. Тұлғасы жағынан бағыныңқылы сөйлемнің баяндауышына ұқсас болып келетін сөздері бар сөйлемнің бәрі бірдей құрмалас бола бермейді. Сондықтан ондай сөйлемдердің тыныс белгісін құрмаласпен шатастыруға болмайды. Олар:
1. Болса деген сөзбен келетін күрделі бастауышты немесе күрделі анықтауышты сөйлемдер. Мұндайда болса деген сөз алдындағы сөздің мағынасын баса, айырып атау үшін қолданылады және оны алып тастағаннан сөйлем мағынасы ақсамайды. Демек, мұндай күрделі мүшелерден кейін үтір қойылмайды. Мысалы:
Ал Әмір болса сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі боп келеді (М.Әуезов). Мұнда Әмір болса деген тіркес – күрделі бастауыш. Бұл сөйлемді: Ал Әмір сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі боп келеді деп, болса сөзін түсіріп айтқаннан сөйлем мазмұны өзгермейді. Менің болса мұршам жоқ – Менің мұршам жоқ. Бұл сөйлемде менің болса тіркесі – күрделі анықтауыш. Жол болса жалғыз аяқ. – Жол жалғыз аяқ. Мұнда жол болса сөздері – күрделі бастауыш. Осы мысалдарды бағыныңқысының баяндауышы болса деген сөзбен келген мына құрмаластармен салыстырыңыз:
Той болса, тон киелік, жүр, баралық (Абай). Мұнда той болса деген сөздер – өз алдына бағыныңқы сөйлем: той – бастауышы, болса – баяндауышы. Сондықтан бағыныңқы сөйлемнен сон үтір қойылады. Ауру адамдар болса, дәрігер күн-түн демей емдеп, әбден жазылғанша дамыл көрмейтін. Мұнда да бірінші сөйлем – бағыныңқы: адамдар – бастауышы, болса – баяндауышы. Демек, бұл жерде үтір керек.
2. Болмаса деген шылаумен келген сөйлемдер. Оларды да баяндауышы болмаса деген болымсыз етістіктен жасалған бағыныңқы сөйлемдермен шатастырмау керек. Екі бірыңғай мүшенің арасында келген болмаса шылауы (немесе дегеннің синонимі) үтірмен ажыратылмайды:
Сен кітап болмаса газет оқи тұр – Сен кітап немесе газет оқи тұр. Ол бүгін болмаса ертең келеді – Ол бүгін немесе ертең келеді.
Болмаса сөзі бағыныңқының баяндауышы болып келгенде, оның мағынасы “жоқ болса” дегенді білдіреді: Сен, кітап болмаса, газет оқи тұр. Сен, кітап жоқ болса, газет оқи тұр. Лиризм болмаса, эпопея мен драманың прозалығы күшті болар еді (В.Белинский) – Лиризм жоқ болса, эпопея мен драманың прозалығы күшті болар еді.
3. Себеп-салдар пысықтауыштар мен себеп-салдар бағыныңқыларды шатастырмау керек. Әр сөйлемнің өз алдына бастауыш, баяндауыштары
жоқ болса, пысықтауыш болады да, үтір қойылмайды. Өз алдына бастауыш, баяндауыштары бар болса, құрмалас сөйлем болады да, үтірмен ажыратылады. Мысалы:
Бөжей көп арбасқандықтан Құнанбай тәсілін түкпірлей танушы еді (М.Әуезов). Машина қатты жүргендіктен, біз жолдың жартысынан көбін алдық. Бұл екі сөйлемнің алдыңғысында көп арбасқандықтан деген сөздер – пысықтауыш, өйткені мұнда бір-ақ бастауыш бар (Бөжей), баяндауышы – танушы еді. Екінші мысалда қатты жүргендіктен – бағыныңқының баяндауышы, бастауышы – машина, басыңқының баяндауышы – көбін алдық, бастауышы – біз.
Мына сөйлемдерді салыстырыңыз:
Ол ұялғаннан қып-қызыл болып кетті. Ол ұялғандықтан, мен әрі қарай үндемедім. Сенің келгеніңе қуанып қалдым ғой. Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға (Абай).
4. Дегенде деген сөзбен келген күрделі мүшені баяндауышы сол сөзден жасалатын басыңқымен шатастырмау керек. Күрделі мүше үтірмен бөлінбейді. Мысалы:
Сен дегенде ойым таза. Бүлдірген дегенде Абай да елең етіп сұрастыра бастап еді (М.Әуезов). Бұларды мына құрмалас сөйлеммен салыстырыңыз: Командир: “Атыңдар!”– дегенде, біз де оқты жаудырдық.
5. Тұлғасы жағынан құрмалас сөйлемнің бағыныңқысы сияқты мынадай тұрақты тіркестердің соңынан да, өз іштеріне де үтір қойылмайды: не болса да, қалай болса солай, бірде болмаса бірде, бір күні болмаса бір күні.
Мысалы: Бірақ Дәркембайдың бұл үшін неге болса да іркілмей басатыны Абайдың өзіне мәлім (М.Әуезов). Мен қайда болса сонда әлі күнге дейін басқа біреудің құлшылығында жүрмін (“Аяз би” ертегісінен). Баласы мен Андрейді бір күні болмаса бір күні тұтқын қып әкетулері мүмкін екенін түсінген ана кейде осылай болса екен деп те тілейді (М.Горький).
6. Тұлғасы жағынан бағыныңқы сөйлемге ұқсас таң ата, таң сарғая, күн шыға, ымырт үйіріле, қас қарая деген тіркестер сөйлем ішінде үтірмен бөлінбейді, өйткені бұларды өз алдына бағыныңқы сөйлем деп санауға болмайды; бұлар бастауыш, баяндауышқа бөлінбейді де (не қарая? немесе қас қайтіп? деп сұрақ қоюға болмайды), тұтасымен қашан? деген сұраққа жауап беретін күрделі мүше болады. Мысалы:
Таң сарғая қорғанның артына керуендер жиналды (Л.Толстой). Біз мұнда қас қарая келдік. Жастар ымырт үйіріле клубқа жинала бастады.
Бұларды мына құрмаластармен салыстырыңыз: Март туа, біздің елдің қысында шуақты күн басталады (С.Мұқанов). Үлкендер үйден шыға, жастар да жиналып қалды.
§ 111. Дауыс кідірісі бар жердің бәрі құрмалас сөйлем бола бермейді. Мысалы, алдында күрделі әрі жайылма және көбінесе есімшемен бітетін анықтауышы бар сөздерді айтқанда, дауыс кідіреді, бірақ үтір қойылмайды. Мысалы:
Осындай орасан сұлу табиғаттың құшағында туып, балалығын
Шортандының түпсіз терең көліне сүңгумен, меруерттей құмына аунаумен, текшелі тастарына өрмелеумен өткізген Асқар ер жеткен соң туған тауының сұлулығымен қанағаттанбайды (С.Мұқанов). Бұл шақтарда недәуір қартайып қалған Ұлжан баласының жүзінен көзін алмай, көп карады (М.Әуезов). Кенжетай келді деп ойлаған Ботагөз оны қарсы алмақ боп үйден шықса, есік алдында Айбала жүр екен (С.Мұқанов).
Өлеңдерде, көбінесе, тармақтың соңы паузамен айтылады, бірақ тиісті жерінде болмаса, тармақ (жол) сайын үтір қойыла бермейді.
Мысалы:
Әп-сәтте оған әсем аққу
Тағы шашып бүрікті су (А.С.Пушкин).
Бар тәнін жұлдыз жапқан барқыт түнде Комбайнға күзетші шалмен бірге
Далада отырдым мен. Құлағымды
Бірдей сап шал сөзіне, басқа үнге (С.Мұқанов)
§ 112. Тізбек сонда, соншалық, сонша, сондай, сол, мынау, мынадай, себебі деген сөздермен аяқталып, әрі қарай өз алдына сөйлем болып кетсе, бұл сөздерден кейін қос нүкте қойылмай, сызықша қойылады.
Мысалы: Горькийдің данышпандығы сонда – ол өз заманының негізгі мақсатын, міндетін терең және толық түсіне білді. Мақал-мәтелдердің ықшам болатын себебі – олар келелі ой, кең мазмұнды бір-ақ ауыз сөзбен айтып, “тоқсан ауыз сөзді тобықтай түюі” керек. Қойнына салған хаттың оған ыстықтығы сонша – төс қалтасында қағаз емес, тірі Дәулеттің соғып тұрған жүрегі сияқты (С.Мұқанов).
Р.Сыздықова