ҚОЗҒАЛЫС – дененің кеңістіктегі белгілі бір санақ жүйесіне қатысты орын ауыстыруы. Жалпылама алғанда қозғалыс дененің уақыттың өтуіне байланысты кеңістіктегі орнын өзгертуі болып табылады. Философтардың тұжырымдары бойынша қозғалыс материяның маңызды қасиеттерінің бірі – «жасауы» іспеттес ұғым. Қозғалыс өзімізді қоршаған материалдық әлемнің бүкіл қасиеттерін білдіретін айғақ. Қозғалыс кез келген нысанның, олардың арасында қарапайым бөлшектердің де болмысының тәсілі болып табылады. Материяның қозғалыстары көп бейнелі, қарапайым механикалық қозғалыстан бастап күрделі биологиялық және әлеуметтік үрдістерге дейінгі саналуан түрде кездеседі.
Ежелгі грек философы біздің заманымыздан бұрынғы ІV ғасырда ғұмыр кешкен Аристотель (б.з.б. 384–322) ғылым әлеміне «физика» деген ғылыми атауды енгізіп қана қоймай өзінің «Механика» деген трактатында «қозғалысты білмеу табиғатты білмеуге әкеп соғады» деген. Біздің заманымыздың ХІХ ғасырында неміс философы Фридрих Энгельс (1820 – 1895) «Қозғалыс дегеніміз материя болмысының формасы. Қозғалыссыз материя деген еш жерде ешқашан да болған жоқ және болуы мүмкін де емес… Материясыз қозғалыстың мүмкін болмайтыны сияқты қозғалысты жасауға, бұзуға келмейтін нәрсе» деген.
Абсолюттік қозғалыс – дене қалпының шартты түрде қозғалмайтын деп қабылданған санақтың инерциялық жүйесіне қатысты уақыттың өтуіне байла- нысты өзгерісі.
Айналмалы қозғалыс – қатты дененің онымен байланысқан екі (осьті айнала қозғалатын) немесе бір (нүктені айнала қозғалатыны) нүктесі қозғалмайтын кездегі қозғалысы.
Айнымалы қозғалыс – нүктенің жылдамдығының сан мәні уақыт функциясы болатын түзусызықты қозғалысы.
Броундық қозғалыс – сұйықтағы немесе газдағы қалқымалы ұсақ бөлшектердің үздіксіз ретсіз қозғалысы.
Бірқалыпты қозғалыс – материалдық нүктенің жылдамдығының сан мәні уақытқа байланысты болмайтын қозғалысы.
Бірқалыпты айнымалы қозғалыс – материалдық нүктенің шамасы бойынша бірқалыпты үдемелі қозғалысы.
Винттік қозғалыс – қатты дененің ілгерілемелі қозғалысының жылдамдық векторына параллель түзусызықты ілгерілемелі қозғалысы мен осьтің төңірегін- дегі айналмалы қозғалыстан құралған күрделі қозғалысы.
Еркін қозғалыс – дененің механикалық байланыстармен шектелмеген қозғалысы.
Жазық қозғалыс – қатты дененің барлық нүктелері кез келген қозғалмайтын жазықтыққа қатысты параллель орнын ауыстыратын қозғалысы.
Жылулық қозғалыс – заттардың атомдарының, молекулаларының және басқа бөлшектерінің қарқындылығы дененің температурасымен анықталатын ретсіз қозғалысы.
Құйынды қозғалыс – сұйықтың немесе газдың кіші бөліктерінің тек ілгерілемелі ғана емес, сонымен қатар белгілі бір лездік осьтердің төңірегінде айналатын қозғалысы.
Механикалық қозғалыс – денелердің және олардың бөліктерінің бір-біріне қатысты орын ауыстыруы.
Реактивтік қозғалыс – реактивті күштер әсері нәтижесінде пайда болатын қозғалыс.
Салыстырмалы қозғалыс – дене қалпының жылжымалы санақ жүйесіне қатысты уақыттың өтуіне байланысты өзгеруі.
Тасымалды қозғалыс – берілген сәттегі қарастырылып отырған нүктенің жылжымалы санақ жүйесінің кіші аймағы арқылы өтетін абсолюттік қозғалыс.
Тербелмелі қозғалыс – белгілі бір уақыт бойынша қайталануымен сипатталатын қозғалыс.
Тұрақты қозғалыс – сұйық пен газдың кеңістіктегі әрбір нүктесінде олардың қозғалыстарының сипаттамалары (жылдамдығы, үдеуі) және қасиеттері (қысымы, тығыздығы) уақыттың өтуіне байланысты өзгермейтін қозғалысы.
Ілгерілемелі қозғалыс – қатты дененің онымен байланысқан кез келген түзу сызықтың өзіне-өзі параллель орын ауыстыратын қозғалысы.