ҚАТЫНАС – әртүрлі шамалардың, заттардың, әсерлердің арасындағы байланыс.
Анықталмағандықтар қатынасы – түйіндес екі физикалық шаманың мәндеріндегі анықталмағандықтардың, мысалы, импульстер мен координаттардың, энергиялар мен уақыттың көбейтіндісі Планк тұрақтысынан (һ) кем бола алмайды делінетін пікір.
Гейзенберг қатынасы, Гейзенберг принципі – анықталмағандықтар қатынасы деп те атала береді. Бұл принципті 1927 жылы неміс физигі Вернер Гейзенберг (1901–1976) тұжырымдаған.
ҚАТЫНАС ЫДЫСТАР – түп жақтары өзара байланысқан ыдыстар. Егер диаметрлері едәуір үлкен (капиллярлық құбылыс байқалмайтындай) қатынас ыдыстар біртекті сұйықпен толтырылса, онда сұйықтың деңгейлері бірдей және ол ыдыстардың пішініне тәуелсіз болады. Сұйықтық манометр, бу қазанының су өлшеуіш әйнегі, т.б. құрылғылар осы принципке негізделген. Егер қатынас ыдыстар әр текті сұйықпен толтырылса, онда сұйықтардың бір-бірімен жанасқан бетінен бастап есептелетін бағандарының биіктіктері, сұйықтардың тығыздықтарына кері пропорционал болады, яғни ρ1h1=ρ2h2, мұндағы ρ1 және ρ2, h1 және h2 – сұйық тығыздықтары мен бағандардың биіктіктері. Егер екінші сұйықтың тығыздығы белгілі болса, онда осы қатынаспен бірінші сұйықтың тығыздығын анықтау мүмкін болады. Егер қатынас ыдыстардың бір жақ тармағы тұйық болса, онда сұйық деңгейлерінің айырымы сол тармақтағы қысымға тәуелді болады. Жабық манометр осы принципке негізделіп жасалады.