МАГНИТ-МЕХАНИКАЛЫҚ ҚҰБЫЛЫСТАР, г и р о м а г н и т т і к құбылыстар – магнетизмді тасымалдаушы микробөлшектердің магниттік және механикалық моменттерінің өзара байланысы себепші болатын құбылыстар тобы. Кез келген микробөлшектің (электрон, протон, нейтрон, атом ядросы, атом) белгілі бір қозғалыс мөлшерінің моментімен қатар магниттік моменті де болады. Сондықтан физикалық денені (үлгіні) құраушы микробөлшектер жүйесінің (физ. денелер, үлгілер) қозғалыс мөлшерінің қосынды моментінің артуы үлгіде қосымша магниттік моменттің пайда болуына себепші болады; керісінше, үлгі магниттелу кезінде қосымша магниттік моментке ие болады.
Ферромагниттік үлгілердегі (магниттелушілік) магниттік моменттердің артуын үлгілердің өсінен айналуы кезінде 1909 жылы американ физигі Сэмуел Барнетт (1873–1956) байқаған. Кері эффектіні еркін ілінген ферромагнит үлгіні сыртқы магниттік өрісте магниттеу кезінде 1915 жылы Альберт Эйнштейн (1879–1955) мен В. де Хааза тәжірибе жүзінде ашқан (Эйнштейн – де Хааза эффектісі).
Магнит-механикалық құбылыстар атомның магниттік моментінің оның толық механикалық моментіне қатынасын (магнит-механикалық немесе гиромагниттік қатынас) анықтауға және әртүрлі заттардағы магнетизмді тасымалдаушылардың табиғаты туралы қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Ауыспалы 3d-металдардағы (Fе, Со, Nі) магниттік момент электронның спиндік моменттерінің себебінен болатындығы анықталған. Өзге заттардағы магниттік моменттер электрондардың спиндік және орбиталық моменттерінен туындайды.