
МАГНИТ-МЕХАНИКАЛЫҚ ҚАТЫНАС, гиромагниттік қатынас – қарапайым бөлшектердің (және әлгі бөлшектерден құралған атомдар, молекулалар, атомдық ядролар жүйелердің) магниттік моментінің оның қозғалыс мөлшерінің моментіне (механикалық моментіне) қатынасы. Нөлден өзге механикалық моменті – спині болатын әрбір қарапайым бөлшек үшін магнит-механикалық қатынастың белгілі бір мәні болады. Атомдық жүйенің әртүрлі күйлеріне арналған магнитмеханикалық қатынас мына формуламен анықталады: γ = g γо, мұндағы γо – магнит-механикалық қатынастың бірлігі, g – Ланде көбейткіші. Бұл жағдайда магнит-механикалық қатынастың бірлігі ретінде оның атомдағы электронның орбиталық қозғалысы үшін: е/2mес, ал ядродағы протон үшін е/2mрс шамасы қабылданған, мұндағы е – электронның заряды, mе – электронның массасы, с – жарық жылдамдығы, mр – протонның массасы. Магнит-механикалық қатынас магнит өрісінің магниттік моменті болатын жүйеге тигізетін әсерін анықтайды.