МАГНИТ ЗАРЯДЫ – статикалық магнит өрістерін (электрстатикалық өріс тудыратын электр зарядына ұқсастық бойынша) есептеу кезінде енгізілетін магнит өрісінің мүмкін болатын көзін белгілейтін теориялық ұғым. Магнит зарядының электр зарядынан айырмашылығы ол нақты жағдайда жоқ заряд, оның себебі магнетизмнің классикалық теориясына сәйкес магнит өрісінің – электр тогынан өзге ерекше көзі жоқ. 1931 жылы ағылшын физигі Поль Дирак (1902–1984) табиғатта магнит зарядының – магниттік монополдердің болатыны туралы болжал ұсынған, бірақ бүгінге дейін ғылыми тәжірибе жүзінде дәлелденбеген, бірақ оны анықтау жөніндегі іс жалғасуда.
Магнит заряды жеке микробөлшек (магниттік монопол) түрінде бола алмайды. Солай бола тұрса да зарядталған микробөлшектердің бір мезгілде электр және магнит зарядтарының (екіжақты электрдинамика) болу мүмкіндігі осы заманғы физикалық принциптерге толықтай сәйкес келеді. Магниттік зарядты ғылыми тәжірибе жүзінде байқау қиындығы электрдің және магниттің қарапайым зарядтарының қатынасы бүкіл микробөлшектерге ешқандай ерекшелік тудырмастан бірдей болуымен түсіндіріледі. Магнит өрісінің нақты көзі қозғалыстағы электр заряды (макро-немесе микротоктар) және қарапайым магнит диполі (микробөлшектердің спиндік магниттік моменті) болып табылады. Іс жүзінде магниттелушілігі болатын денелер үшін магнитстатиканың есептерін шешу үшін пайдаланылатын есептеу шамасы – жалған (фиктивті) магнит заряды енгізіледі. Мысалы, бірқалыпсыз магниттелушілігі болатын ферромагнетик денелердегі өрістерді есептеу кезінде магнит зарядының көлемдік және беттік тығыздық ұғымы енгізіледі. Мұның алғашқысы магниттелушіліктің дененің көлемі бойынша біртекті болмай үлестірілуіне байланысты болса, екіншісі – магниттелушіліктің магнетиктің бетінде нормал құраушының секірісті үлестірілуіне байланысты. Магнит заряд нормал құраушының магниттелушілігінің секірісті өтетін беттерде қос қабатты болып орналасады делінеді, сонымен қарама-қарсы таңбалы қарапайым магнит заряды магниттік диполдермен байланысқан.