МАГНИТОПТИКА, магнет-оптика, физиканың магнит өрісінің әсерінен заттардың оптикалық қасиеттерінің өзгеруін зерттейтін саласы. Магнитоптикалық құбылыстардың көпшілігі атом энергиясы деңгейлерінің бөлшектенуіне байланысты. Осы бөлшектену Зееман эффектісінен тікелей білінеді. Өзге магнитоптикалық эффектілер Зееман эффектісінің нағыз салдары болып табылады және зеемандық оптикалық ауысудың полярланушылық сипатының ерекшеліктеріне және дисперсия байқалатын ортадағы жарықтың полярлануының үлестірілу заңдылықтарына байланысты.
Магнитоптикалық эффектілердің ерекшелігі магниттік өрісте әдеттегі сызықтық оптикалық анизотропиясымен қатар электр өрісінің немесе деформацияның әсерінен ортада циркулярлық анизотропия пайда болады, бұл жайт өріске перпендикуляр жазықтықтағы екі айналу бағытының парапар (эквивалент) болуына байланысты туады. Осы маңызды жағдай магнит өрісінің аксиальдылығының (өстілігінің) салдары болып табылады.
Магнитоптикалық құбылыстар негізінен магниттік өрістің бағытына тәуелді болады. Осыған байланысты екі жағдай: 1) жарық сәуленің толқындық векторы (k) магнит өрісіне (Н) параллел және 2) жарықтың толқындық векторы магнит өрісіне перпендикуляр болатын жағдайлар қарастырылған. Осы екі жағдайда да Зееман эффектісі байқалады. Монохромат сәуле өріс бойымен таралған кезде (бойлық Зееман эффектісінде) оның оң- және сол циркулярлық полярлану құраушысы әртүрлі жұтылады (м а г н и т т і к ц и р к у л я р л ы қ д и х р о и з м), ал жарықтың өріске көлденең бағытта таралған кезде (көлденең Зеемандық эффектісінде) м а г н и т т і к с ы з ы қ т ы қ д и х р о и з м орын алады, яғни құраушылар әртүрлі жұтылады.
Спектрлік сызықтардың бөлшектенуіне сәйкес түрде ортаның сыну көрсеткішінің сәуленің толқындар ұзындығына тәуелділігін сипаттайтын дисперсиялық қисықтар тудырады. Жарыққа арналған сыну көрсеткішінің бойлық таралуы кезінде оң және сол дөңгелек полярланулар әртүрлі болады (сәуленің магниттік циркулярлық қосарланып сынуы), ал сызықтық полярланған монохроматты жарық ортадан өткенде полярлану жазықтығы айналатын болады, бұл құбылыс Фарадей эффектісі деп аталған.
Оптикалық анизотропиялық орта магниттік өрісте жарықтың әлгі ортадан шағылысуы кезіндегідей білінеді. Орта магниттелген кезде шағылысқан сәуленің полярлануы өзгереді, осы өзгерістің сипаты мен дәрежесі беттердің өзара орналасуына, бетке түсетін жарықтың полярлануына және магниттелу векторына тәуелді. Бұл эффект ферромагнетиктерде байқалады және магнитоптикалық Керр эффектісі деп аталған.
Лазерлердің жасалуы жарық ағынының жоғары қарқындылығы кезінде білінетін жаңа магнитоптикалық эффектілерді анықтауға әкеп соқтырды. Дөңгелек бойынша полярланған жарық мөлдір ортадан өткенде магниттік өрістің эффектісі ретінде әсер етеді және ортаның магниттелуін тудырады (кері Фарадей эффектісі деп аталған).
Магнитоптикалық әдістер оптикалық ауысулардың, атомдағы электрондық парамагниттік резонанстық спектрлерді және концентрацияланған орталардағы, заттардың физикалық-химиялық құрылымдарын, металдардың және жартылайөткізгіштердің электрондық құрылымдарын, фазалық ауысулардың т.б. кванттық күйлерін зерттеу кезінде пайдаланылады.