КҮШ МОМЕНТІ – күштің қатты денеге әсер етуі кезіндегі оның айналдыру эффектісін сипаттайтын шама. Күш моменті орталыққа (нүктеге) және оське қатысты ажыратылады.
Орталыққа (О) қатысты күш моменті – векторлық шама. Оның модулі М0=Ғr, мұндағы Ғ – күштің модулі; r – О нүктесінен күш әсерінің сызығына түсірілген перпендикулярдың ұзындығы, яғни иін; Оське қатысты күш моменті алгебралық шама болып табылады, ол күш моментінің оське түсірілген проекциясына тең. Күш моменті денені сағат тілінің жүрісі бағыты бойынша немесе оған қарсы бағытта айналдыруға қатысты оң немесе теріс шамаға тең болады. Минус таңбасы Ғ күшінің айналдыру бағыты сағат тілінің қозғалыс бағытымен сәйкес болғанда қойылады.
Егер күш жүйесінің теңәсерлі күші болса, онда оның моменті Вариньон теоремасы бойынша есептеледі. Бұл теорема бойынша: егер күштер Ғі жүйесінің тең әсерлі күші Ғ болса, оның кез келген орталыққа О қатысты моменті М0(R) күш моменттерінің М0(Ғі) қосындысына тең болады.