КҮН ДИСКІСІНІҢ ҰЛҒАЙЫП КӨРІНУІ – аспан күмбезінің дәл жарты сфера пішінді болмай, төбе жағының биіктігі айналадағы көкжиектің қашықтығымен салыстырғанда аласа болып көрінуінің салдарынан туындайтын оптикалық алданыс құбылысы. Күннің Айдан әлде қайда алыста екенін білесіздер (Күн мен Жердің арақашықтығы 149 миллион 500 мың км, ал Жер мен Айдың арақашықтығы 384 мың 400 км). Аспан күмбезінен бұлардың Жерден қашықтығын сезіне алмаймыз. Оларды біз аспан күмбезінде ойша бірдей қашықтықтан байқаймыз. Күн мен Айдың диаметрі (Күннің диаметрі ~1392·105 км болса, Айдікі – 3476 км) бірдей болмаса да аспан күмбезінде дәл төбемізде олар бірдей 32′ (32 секундтық) бұрышпен байқалады. Аспан күмбезі бізге оптикалық құбылыс салдарынан дәл төбемізде жақын, ал көкжиекте алыстан көрінеді. Күн мен Ай бізге аспан күмбезінде төбеде кішірейіп, ал көкжиекте ұлғайып байқалады (сызбаға қараңыз). Жер бетінде орналасқан заттар қаншалықты алыста орналасса, олар кіші бұрышпен байқалады. Бұл құбылыс – алыстан байқалу (перспектива) деп аталған. Мысалы, Ай бізден 384 000 км қашықтықта болғанына қарамастан көкжиек маңында сызықтық (яғни диаметрлік) өлшемін өзгертпейді. Сол себепті біздің психологиялық – физиологиялық қалыптасқан әдетіміз бойынша оның кішіреймей көрінуі бізге Айдың (немесе Күннің) ұлғайып көрінуі секілді әсер тудырады. Көкжиек маңайындағы өзге нәрселер кішірейіп Күннің (немесе Айдың) бірқалыпты 32′ (32 секундтық) бұрышпен байқалуы бізге олардың ұлғайып көрінуі секілді әсер туғызатыны енді түсінікті болған шығар. Күннің (немесе Айдың) өлшемдерінің көкжиек маңында ұлғаймайтындығына көз жеткізетін бір тәсіл бар. Ұлғайған секілді әсер беріп тұрған Күнге (немесе Айға) картон қағаздан ұзындау және одан көкжиектегі өзге нәрселер көрінбейтін диаметрлі (онша кең болмай) болып жасалған түтік арқылы қарасаңыздар олардың өлшемінің ұлғаймағанын байқайсыздар. Түтікті алып қойып, әлгі Күнге (немесе Айға) қайтадан жай көзбен қарасаңыз, қайтадан оптикалық алдануға шалдығасыз. Тағы бір мысал. 75 метр биікте (мұнарада) тұрған адам, жерде сізден 75 метр қашықта тұрған адамнан кіші болып байқалады. Аспанға қарағанымызда бізбен аспандағы Күннің (немесе Айдың, жұлдыздың) аралығында ешқандай нысандар жоқ, ал көкжиекке қарағанымызда (бізбен) екі арада әртүрлі қашықтықтағы нысандар (объектілер) көрінеді, соның салдарынан көкжиекке жақын аймақ бізге алыстан көріну әсерін туғызады.