КҮН БАТАРЕЯСЫ – күн радиациясының энергиясын тікелей электрге түрлендіретін құрылғы. Күн элементтерінің (КЭ-нің) әсері ішкі фотоэффект құбылысын пайдалануға негізделген. Мұның энергетикалық сипаттамалары фотоэлементтің материалына, КЭ-нің құрылымдық ерекшеліктеріне, батарея құрамындағы КЭ-нің санына тәуелді. КЭ жасауға арналған материалдар Si, GaAs, CdS, CdTe. Si негізді материалдар пайдаланылады. Бұлардың пайдалы әсер коэффициенті (пәк) – 17%; СаAs негізді КЭ-нің пәк – 22%. Күн батареясы жазық панел түрінде (беті мөлдір материалмен қорғалған) жасалады. Батареядағы КЭ-нің саны бірнеше жүз мыңға, панел ауданы мыңдаған шаршы метрге (м2), ток күші – жүздеген А (ампер), кернеуі – жүздеген В (вольт), өндірілетін қуаты – бірнеше ондаған (кейде жүздеген) кВт-қа (килоВаттқа) жетеді.