КҮЙЛЕР ДИАГРАММАСЫ (грекше «диаграмма – кескін, сызба»), тепетеңдік диаграммасы – термодинамикалық жүйенің тепе-теңдік күйлерін анықтайтын параметрлердің: температураның Т, қысымның р, жүйе құрамының [компонеттердің х1 шоғырлануын (концентрацияларын)], мольдік көлемін υ, электрлік және магниттік өрістердің т.б. әр түрлі мәндері кезінде термодинамикалық жүйенің тепе-теңдік күйлерінің геометриялық кескіні. Күйлер диаграммасы жүйенің фазалық құрамы туралы Т, р, х1 және басқа параметрлерге тәуелділігі туралы ақпараттар береді. Қарапайым жағдайда жүйе тек бір ғана құрама бөліктер (компоненттен) құралғанда, күйлер диаграммасы Т, р және υ мәндері (немесе өзгедей параметрлердің) үш тікбұрышты координаттар өстерінде салынатын үш өлшемді кеңістіктік пішін болады.
Әдетте координаттық жазықтықтардың біреуіне салынған үш өлшемді күйлер диаграммасы қарастырылады. Жазықтыққа салынған р, Т күйлер диаграмма- сының кез келген нүктесі р және Т-нің берілген мәндерінде заттардың тепе- теңдік күйін кескіндейді. 0 нүктесі (үштік нүктесі) заттардың үш фазасының (қатты, сұйық және газ тәрізді) тепе-теңдігіне сәйкес болады. 0 нүктесінде үш қисық сызық қилысады: ОА (құрғақ айдау (сублимация) қисық сызығы), әрбір нүкте заттардың қатты және газ тәрізді фазаларына сәйкес болады; ОК (булану қисық сызығы) – сұйық және газ тәрізді фазаларға сәйкес болады; балқу қисық сызығы ОВ (немесе ОВ´) – қатты және сұйық фазаларға (ОВ сызығы балқу Тбал – температурасы қысыммен бірге артатын заттарға арналған, ОВ′ сызығы р артқанда Тбал кемитін заттарға арналған). Осы қисық сызықтар күйлер диаграммасының жазықтығын үш фазаның әрқайсысының бола алатын: қатты (Ѕ), сұйық (L) және газтәрізді (G) аймақтарға ажыратады. К – кризистік нүктесінде сұйықтар мен газдардың қасиеттерінің арасындағы айырмашылық жойылады. Гиббстің фазалар ережесіне сәйкес ОА, ОВ(ОВ′) қисық сызықтарындағы О нүктесі қайтымсыз тепе-теңдікке және ОК – бірнұсқалық (моноварианттық) тепе-теңдік, Ѕ, L және G аймақтарындағы әрбір нүктеге екінұсқалық (диварианттық) тепе-теңдік сәйкес болады.