БАСТАУЫШ ПЕН БАЯНДАУЫШТЫҢ АРАСЫНА ҚОЙЫЛАТЫН СЫЗЫҚША

1.     БАСТАУЫШ ПЕН БАЯНДАУЫШТЫҢ АРАСЫНА ҚОЙЫЛАТЫН СЫЗЫҚША

 

§ 20. Бастауыш зат есімнен немесе заттанған (зат есімдік мәнге ие болған) басқа сөз таптарынан жасалып, баяндауыш та атау тұлғадағы зат есімнен не заттанған басқа сөз таптарынан болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Тіл – қоғамдық құбылыс. Қаһарлы суық Мұзды мұхит – үстінен құс ұшпаған қырқасын, жан баспаған жапан түз. Жастар – біздің болашағымыз. Соңғы келген үшеудің ортасындағы – Құнанбайдың тағы бір тоқал шешесінен туған Жақып (М.Әуезов). Бүгін – сапарға аттанатын күн (Бүгінгі күн – сапарға аттанатын күн). “Ойпырмай” – өкінуді білдіретін одағай. “Кейін” – демеулік шылау. “Тарақ” деген сөздегі “рақ” – бітеу буын. “А” – ашық дауысты дыбыс.

Атау тұлғадағы бастауыш не баяндауыш, не екеуі де тәуелдік, көптік жалғаулы болуы мүмкін. Ол күнде де бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Монолог – бір адамның пікір түйе сөйлеген сөзі. Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың (Абай). Адамның ішкі сезімінің айнасы – көз (С.Мұқанов).

Бастауыш та, баяндауыш та бір сөздің қайталануынан жасалуы мүмкін, бұл жағдайда да бастауыштан кейін сызықша қойылады: Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза (М.Әуезов).

Ғашықтың тілі – тілсіз тіл (Абай). Әлі де беделі – бедел (Ғ.Мұстафин).

Күлкі – қыздың күлкісі (С.Ерубаев).


Баяндауыштың алдында не артында ғана, ғой т.б. сияқты шылаулар тұрса, сызықша қойыла береді:

Қаланың қасында көз толатын табиғат – шалқар көл ғана (С.Мұқанов). Даланы билеп алған жалғыз үн – күн сайын қатая түскен күзгі желдің уілі ғана (М.Әуезов). Адамды бақытты ететін – тек қана азат еңбек.

 

Е с к е р т у л е р . 1. Бастауыш атау тұлғадағы зат есімнен, баяндауыш  жатыс  септіктегі зат есімнен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Бүркітші тау  басында, қағушы ойда (Абай). Мектеп үйі қалашыктың қақ ортасында.

2.      Бастауыш зат есімнен, баяндауыш сын есімнен болғанда, екеуінін арасына сызықша қойылмайды: Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл (Абай). Күз түні ызғарлы, суық.

3.      Бастауыш зат есімнен, баяндауыш атау не жатыс тұлғадағы сан есімнен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: 1936 жылы Жамбылдан жазылып алынған жырдың саны он алты. Ағайынды бұл үшеуінің жас мөлшерлері бір-біріне жақын: Балтабек жиырма алтыда, Темірбек жиырма төртте, Кенжетай жиырма екіде (С.Мұқанов).

4.      Бастауыштан кейін оған жалғас сұрау есімдігі келген сөйлемдерде, баяндауыш атау тұлғадағы зат есім болғанмен, сызықша қойылмайды: Жилин қандай адам? Қала мен селоның арасы қанша километр? Бүгінгі күн қай күн?

 

§ 21. Бастауыш І, ІІ жақтық жекеше я көпше тұлғадағы есімдіктен, баяндауыш жіктік жалғауы түсірілген есімдердің біреуінен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Мен – тауда ойнаған қарт марал (Махамбет). Біз – қырғауыл, сіз – тұйғын (Абай). Семья – шағын мемлекет, мен – президент, сен – премьер (Қ.Аманжолов). Сен – тоты құс бақта жүрген (Абай).

 

Е с к е р т у. Мұндайда баяндауыш жіктік жалғаулы болса, сызықша қойылмайды:  Мен осы үйдің баласымын. Сіздер тәжірибелі мамансыздар. Мен көмірмін қалған өрттен (Абай).

 

§ 22. Бастауыш та, баяндауыш та атау тұлғадағы сын есімнен жасалғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Жақсы – ісімен жақсы. Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу.

§ 23. Бастауыш та, баяндауыш та сан есімнен болғанда, екеуінің  арасына сызықша қойылды: Үш жердегі үш – тоғыз. Екі бесіміз – он.

§ 24. Бастауыш ол, бұл, мынау, сонау, анау деген сілтеу есімдіктерінен жасалып, баяндауыш атау тұлғадағы зат есім немесе зат есім мағынасындағы басқа сөз табы болғанда, сілтеу есімдіктерінен кейін сызықша қойылады:

Бұл – адам көз сүйегі, – деді ханға (Абай). Сонау – біздің бие. Анау – емен ағашы. Бірақ бұл – қайтқаны емес, толғанып қалып, бірнеше тәсіл тапқаны (Ғ.Мұстафин). Соғысты біз сүймейміз ел жылатқан. Ол – ісі қанқұмардың қарғыс атқан (Жамбыл).

§ 25. Ол, бұл деген сілтеу есімдіктерінен болған бастауыштар өзінен кейінгі сөздің анықтауышына ұқсап, шатасып кететін жағдайда, бастауышы қай сөз табынан жасалса да, одан кейін сызықша қойылады: Мұндай бастауыштары бар сөйлем өзінің алдындағы сөйлемдермен логикалық байланыста болады, сондықтан олар контекске қарай ажыратылады:

Тіл-тілдің қайсысында болсын сөз мағынасы көбіне осы метафора


арқылы ауысады. Сөйтіп, бұл – сөз мағыналарының ауысу тәсілдерінің ішіндегі метафораның айрықша орын алатындығын көрсетеді (К.Аханов).

 

Е с к е р т у л е р . 1. Бұл ережені орынсыз қолдана беруге болмайды. Анықтауыш деп танылып кететін қаупі жоқ жерде ол, бұл деген есімдіктерден жасалған бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Ол біздің үйге келді. Ол кітап оқып отыр. Сол әңгімелерді ол аса шеберлікпен айтып береді (С.Мұқанов).

2.                Ол, бұл деген есімдіктерден болған бастауыштар көпше тұлғада (олар, бұлар) тұрса, олардан кейін сызықша қойылмайды: Бұлар өндіріс озаттары (Бұл – өндіріс озаты дегенмен салыстыр). Олар би-старшын, бай-бағылан емес, сын кезеңдерде ел салмағын тәуекелшіл сом иықпен берік көтеретін өжет жандар (М.Әуезов).

 

§ 26. Бастауыш -у жұрнақты етістіктен не ол араласқан тіркестен жасалса,   баяндауыш   атау   тұлғадағы  зат  есімнен           немесе -у жұрнақты етістіктен және керісінше болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Елдің   шетін   күзету –            ең          ардақты    правоң             (Жамбыл). Көргеннен, білгеннен аспау, барды қанағат қылу – ой мешеулігі (Ғ.Мұстафин). Аз сөзді, көп мағыналы болу – мақал-мәтелдерге тән құбылыс. Мектептің міндеті –

оқушыларға жан-жақты білім беру және тәрбиелеу.

§ 27. Бастауыш -ған (-ген, -қан, -кен) жұрнағымен жасалған есімшеден (не есімше аралас тіркестен) болса, баяндауыш не зат есім, не есімше, не есімдіктен жасалғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Бұған таяу отырған – Ыбырайдың Ысқағы (М.Әуезов). Көпір біткен – соғыс тұмсығының қатты қадалатын жері (Ғ.Мұстафин). Алтын орден алғаным – терең жырдың тиегі (Жамбыл). Менің жазып отырғаным – теңіз үстінде кездескен көріністерден, жолыққан адамдардан білгендерім (С.Мұқанов). Абайды таң еткен – сол екі жігіт (М.Әуезов). Ән шырқаған – сол. Станцияға ең кеш келген – осы.

§ 28. Бастауыш зат есімнен не сілтеу есімдігінен,  баяндауыш  есімшеден болғанда, екеуінің арасына сызықша  қойылмайды,  өйткені  мұнда есімше өзінің етістік қызметінде қолданылады:

Мектеп үйі жаңадан салынған. Сол екі жігіт Абайды таңдандырған.

Ал баяндауыш болып тұрған есімше зат есім мағынасында қолданылған болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Осы кездік – саған тартқаным (соңғы есімше тұлға “тартқан сыйым” деген заттық мағынада қолданылып тұр). Енді осы – тоқтатқаны (Ғ.Мүсірепов).

§ 29. Бастауыш бірі, біреуі, біріншісі, екіншісі, алдыңғысы, соңғысы деген заттанған сан есім, сын есімдерден және көбі деген сөзден, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен не -у жұрнақты етістіктен (және керісінше) болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Пьесада (“Шыңырау түбінде”) бір-біріне қарсы екі түрлі идея түйіседі: оның бірі – көнбістікті, төзе берушілікті уағыздайтын аяушылық идеясы, екіншісі – адам күшіне сену, оны өмір үшін күреске шақыру идеясы (“Қазақ әдебиеті”). Жаяу Мұса – Біржан бастаған Арқадағы әншілер тобының көрнектілерінің бірі (М.Әуезов). Горькийдің реалистік шығармаларында


суреттелетін образдардың көбі – өмірдің азабын шеккен, қорлық, зорлық көрген таптың өкілдері (“Қазақ әдебиеті”).

 

Е с к е р т у. Бастауыш бірі, біреуі, екіниіісі, біріншісі, көбі деген сөздерден, баяндауыш  атау тұлғадағы зат есім мен -у жұрнақты етістіктен басқа сөз таптарының бірінен болса, бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Ойыл екеу: бірі ащы, бірі тұщы (Ғ.Мұстафин).

 

§ 30. Бастауыш өз ішінен сөйлем мүшелеріне ажыратылатын күрделі тіркестер болып келсе, бастауыштан кейін сызықша қойылады (жазу тәжірибесінде көбінесе шатасып, қос нүкте қойылып жүр, ол дұрыс емес):

Біздің жауабымыз – Оралбайды білмейміз (М.Әуезов). Мұндағы баяндауыш – (біз) Оралбайды білмейміз; оның өз ішінде бастауышы (біз), толықтауышы (Оралбайды), баяндауышы (білмейміз) бар, сондықтан бұл күрделі баяндауыш сөйлемнің бастауышынан сызықша арқылы бөлінеді. Келесі мына мысалдарда да баяндауыштар осылайша өз ішінен сөйлем мүшелеріне ажыратылатын күрделі болып келген: Бар ойы – өлең айтып, ән салалық (Абай). “Сор” дейтінім – сабақ оқытатын молданы мен жақсы білемін (С.Мұқанов). Сенің білмегенің – мен жаңа кеп қосылып отырмын (М.Әуезов). Бір ескертетін нәрсе – оқушылар айтқан сөзге көңіл  қойып, зерек отыру үшін күн ілгері ескерту жолын да қолданады (Әдістеме құралынан). Өсиетім – шындықты, адалды сүй (Жамбыл).

Сөйлемнің бір бөлігі мұның себебі, оған себеп деген сияқты сөздерден жасалып, екінші бөлігі тұтас сөйлем болып келетін жағдайлар да осы ережеге бағынады. Мұнда да сөйлемнің екі бөлігі бір-бірінен сызықша арқылы айырылады:

–   Кесіп айтайын, ашық шахтаға рұқсат берілмейді.

–   Себеп?

–    Бірінші себеп – Қарағанды жағдайында ашық шахта бола алмайды. Екінші себеп – бола алған күнде оны біз емес, жергілікті отын өндірісі министерствосы ашу керек (Ғ.Мұстафин).

§ 31. Бастауыш өзінен кейінгі сөзбен тіркесіп, сөйлемнің басқа бір мүшесімен шатасып кететін болса, одан кейін сызықша  қойылады  (мұндайда баяндауыш қай сөз табынан, қандай тұлғадан жасалғаны шарт емес). Айтуда бастауыштан кейін пауза болады. Мысалы: Отыз – алтыға қалдықсыз бөлінеді. Бұл сөйлемде сызықша қойылмаса, әңгіме 30 саны туралы емес, 36 саны туралы деп ұғынылар еді. Мен білмейтін – жер астында дегенде білмейтін сөзінен кейін сызықша тұрмаса, бұл сөз бастауыш емес, жер сөзінің анықтауышы деп ұғынылар еді, ал сөйлемнің сызықша қойылғанда беретін мағынасы “мен білмейтін нәрсе  жердің астында жатады” деген сияқты.

§ 32. Бастауыш зат есім не заттанған басқа сөз табынан болып, баяндауыш болымсыздықты білдіретін емес сөзі тіркескен  есімдердің бірінен болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Туысым – аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар (М.Әуезов). Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу (Мақал). Эпопеядағыдай бұларда


үстем болып отырған – оқиға емес, драмадағы тәрізді, адам (“Қазақ әдебиеті”). Жатақтарды қосып отырған – ру ұраны емес (М.Әуезов).

§ 33. Бастауыш алды (алдым, алдың), арты (артым, артың), қасым  (қасы, қасың), үсті (үстім, үстің), асты сияқты көмекші есімдердің жалаң өзінен болып, баяндауыш та есім сөзден болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ (Абай). Үстім – көк, астым – теңіз, атым – кеме Арқырап ту толқынмен арпалысқан (Т.Жароков).

§ 34. Бастауыштан кейін сызықша қойылуға тиісті сөйлемдердегі баяндауышқа еді, екен, болды, болады, болатын, болып табылады сияқты көмекші етістіктердің бірі тіркессе, бастауыштан кейін сызықша қойылмайды:

Тіл коғамдық құбылыс болып табылады (Тіл – қоғамдық құбылыс дегенмен салыстыр). Орысша киінген жігіт Досанов Асқар еді (ал: Орысша киінген жігіт – Досанов Асқар). Туысым өзіммен мұңы бір жатақтар екен. Елімізді жаудан қорғау Жамбыл өлеңдерінің негізгі тақырыптарының бірі болды.

§ 35. Бастауыштан кейін сызықша қойылуға тиісті сөйлемдерде бастауыштан кейін қыстырма сөздер тұрса, сызықша қойылмайды.

Пьесадағы жағымды және жағымсыз кейіпкерлер арасындағы күрес, дұрысында, ескі дүние мен жаңа дүниенің арасындағы болып  жатқан таптық күрес. Челкаш та, сайып келгенде, Гаврила секілді, жеке меншіктің құрбаны болған адам (“Қазақ әдебиеті”). Бөжей де, Құнанбай сияқты, феодалдық-рушылдық қоғамның мықты болғанын тілейтін феодал (М.Әуезов).

§ 36. Мақал-мәтелдерде, афоризмдерде, өлеңдерде сөйлемнің баяндауышы түсіріліп, ықшамдалып айтылады. Мұндай сөйлемдер түсінікті болу үшін, бастауыштан кейін сызықша қоюға болады.

Ер – егесте (сыналады), нар – кешуде (сыналады) (М.Әуезов). Асыл – тастан (шығады), ақыл – жастан (шығады). Қой – қозыдан  (өреді) (Мақалдар). Біреуі – көк (тағысы), біреуі – жер тағысы (Абай).

§ 37. Ол – ол ма, бұрынғы – бұрынғы ма, бұл – бұл ма сияқты қыстырма сөз тіркестері араларына сызықша қойылып жазылады: Бұрынғы – бұрынғы ма, оның салтанаты тіпті артып кетті. Ол – ол ма, әңгіме одан сайын күшейе түсті.

§ 38. Бастауыш пен баяндауышты байланыстырушы дегеніміз, деген (дегенім, дегенің, дегені) деген сөз тұрса, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Сөйлем дегеніміз – тиянақты ойды білдіретін бір сөз я бірнеше сөз тіркесі (“Грамматика”). Мия дегеніміз – қоймалжың қорыс батпақ. Гипотеза дегеніміз – ғылыми жорамалдар. Қарағанды деген – байлық қой жатқан (Ғ.Мұстафин). (Қарағанды деген жер – жатқан байлық). Көрдім деген – көп сөз (Көрдім деген сөз – көп сөз).

§ 39. Де етістігінің алдында келетін, бірақ төл сөз емес құрылым өз


алдына сөйлем болса, оның бастауышы мен баяндауышының арасына қойылуға тиісті сызықша сақталады:

Жазушы өз шығармаларында қоғамдағы зұлымдықты жоя алатын күш

– адамның өзі деп, еңбекші халықтың күшіне сенім білдірді.

§ 40. Суреттеме мазмұнды атаулы сөйлемдердің ішіне сызықша қойылмайды, өйткені олар бастауыш, баяндауышқа бөлінбейді: Ортада үстел. Сол жақта диван. Диван үстінде кішкене жастықтар. Орман. Бірінің соңынан бірі келе жатқан адамдар. Әркімнің арқасына таңылған бір-бір рюкзак (соңғы сөйлемдегі таңылған деген сөз –  бастауыш  емес, анықтауыш).

§ 41. Сөйлем мүшелерінің әдеттегі орны ауысып келген сөйлемдерде (көбінесе өлеңдерде) орынсыз сызықша қойылмайды. Мысалы: Сенсің жан ләззаты, Сенсің тән шәрбаты (Абай) деген өлең жолдарының қара сөзбен айтқандағы құрылысы: Жан ләззаты сенсің, тән шәрбаты сенсің  немесе:  Сен жан ләззатысың, сен тән шәрбатысың болар еді. Сондықтан бұл құрылымдардың қай-қай түрінде де сызықша қолданылмайды.

Өзімдей өскен бірге кұрбыларым:

Бірі – әнші, бірі – малшы, бірі – ғалым…

Осылар батырлары бай еңбектің,

Осылар сақтаушысы жер мен көктің (Ә. Тәжібаев).

 

Бұл сөйлемнің қара сөздік құрылысы: Бай еңбектің батырлары осылар, жер мен көктің сақтаушысы осылар болар еді, сондықтан мұнда да ешқандай сызықшаның қажеті жоқ.

§ 42. Бастауыш болып тұрған сөз баяндауыштың құрамында қайталап, бастауышқа жалғас тұрса, бастауыштан кейін сызықша қойылады:

Физикалық, денелерден құралған заттар сол қалпында: шыны – шыны қалпында (қалады), парафин – парафин қалпында (қалады), мыс – мыс қалпында қалады (“Химия оқулығы”). Жамбыл – Жамбыл болғалы, Есіткен талай батырды (Жамбыл).

Р.Сыздықова

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *