ТАСЫМАЛ

 

12. ТАСЫМАЛ

 

§ 118. Жазып келе жатқанда жолға сыймаған сөздер буын жігімен тасымалданады: қа-лалық, қала-лық (қал-алық, қалал-ық емес), Ота-нымыз, Отаны-мыз (Отан-ымыз, Отаным-ыз емес), баян-дауыш, ба-янда-уыш (баяндау-ыш емес).

 

Е с к е р т у. Газет-журналдар бетінде жолға, әсіресе тар бағандардағы жолдарға сыймай қалған не асып кететін сәттерде кейде сөздер буын жігін таңдамай тасымалданатын болады. Бұл

– ережеден себепті түрде ауытқу болғанмен, мұны әрдайым қолдана беруге болмайды. Көпшілік қауым күнде оқитын баспасөздің жазуы мүмкіндігінше емле ережелеріне сай болуға тиіс.

 

§ 119. Сөз ішінде дауыстылардан кейін келген у, й дыбыстары сол сөзді буындағанда, өзінен кейінгі дауыстымен бірігеді де, буынның бірінші әрпі болады. Мысалы: та-уық (тау-ық емес), қа-йық (қай-ық емес), баянда-уыш (баяндау-ыш емес). Бұл сөздерді осы жікпен тасымалдағанда, у, й әріптері келесі жолда ғана жазылады.

§ 120. Екі (кейде үш) дауыссызға аяқталатын сөздерді оларға қосымша жалғанып тұрған жерден тасымалдағанда, түбірдегі дауыссыздарды бөліп жіберуге болмайды: қарт-тар (қар-ттар емес), театр-лар  (теат-рлар емес), маркс-тік (мар-кстік емес).

§ 121. Түбір сөзде үш дауыссыз қатар келгенде, алдыңғы екі дауыссыз дыбыс алғашқы буын құрамына кіреді де, үшінші дауыссыз келесі буынның басқы дыбысы болады: құ-мырс-қа (құмыр-сқа емес), жұ-мырт-қа (жұмыр- тқа емес). Екі дауыссызға аяқталатын сөздерге дауыссыздан басталатын қосымша жалғанғанда да осы үлгімен буындалады: абонент-тік (абонен- ттік емес), парк-ке (пар- кке емес).

§ 122. Біріккен сөздер буын жігімен де, түбірлер жігімен де  тасымалдана береді: бі-рыңғай немесе бір-ыңғай, өза-ра немесе өз-ара, де- малыс немесе дем-алыс.

§ 123. Орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жалғанғанда, олар буын жігіне қарай тасымалданады: ро-лінде (рол-інде емес), съез-дің (съезд-ің емес).

§ 124. Сөздің дара дыбыстан тұратын бір буынын жазып келе жатқан жолда қалдыруға немесе келесі жолға шығаруға болмайды: а-лақан емес, ала-қан, е-леуіш емес, еле-уіш, арми-я емес, ар-мия,  оюлы емес, ою-лы. Алғашқы буыны бір ғана дауыстыдан тұратын екі буынды сөздер тасымалданбайды: атом, эмаль, ақыр, ақыл, отын, отыр.

§ 125. Ұу, ый, ій қосар әріптерінің орнына жазылған у, и әріптері бар сөздер буындалғанда, келесі буын дауысты дыбыстан басталады және солай тасымалданады: су-ық, қу-ақы, ту-ынды, бу-ын, қи-ын, ки-ім, қи-ық.

§ 126. Орыс тілінен енген сөздер де буын жігі  бойынша  тасымалданады. Бұлардың ішінде екінші, үшінші буындардың дауысты дыбыстардан басталатындары кездесе береді: про-ект, ро-яль, по-эма.

Екі, үш, кейде төрт-бес дыбыстардан тұратын бір буынды (яғни ішінде бір ғана дауысты дыбысы бар) сөздер тасымалданбайды: төрт (тө-рт


емес), жалт (жа-лт емес), пункт (пун-кт емес), взвод (вз-вод емес).

§ 127. Тыныс белгілері жазып келе жатқан жолда қалдырылады.

§ 128. Сан есіммен келетін қысқарған шартты  белгілерді  цифрдан  бөліп тасымалдауға болмайды: 25 га, 15 см, 1987 ж.

§ 129. Әріптерден қысқарған сөздерді өз ішінен бөліп тасымалдауға болмайды: ЮНЕС-КО деп бөлуге болмайды.

Р.Сыздықова

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *