КРИСТАЛЛ-ФОСФОРЛАР (кристалл + грекше «пос – жарық, «порос – тасушы») – люминофорлардың бейорганикалық (органикалық емес) кристалдары. Жарықтың, электрондар ағынының, өтімді радиациялардың, электр тогының т.б. әсерінен люминесценциялық жарық шығарады. Активаторлардан немесе кристалдық торлардың ақаулары болатын люминесценция орталықтарынан (вакансиялар, тораптараралық атомдар т.б.) түзілген жартылайөткізгіштер мен диэлектриктер ғана кристалл-фосфорлар бола алады. Кристалл-фосфорлардың жарқырауы негізінен рекомбинация болып табылады.
Кристалл-фосфорлардың люминесценциясы тікелей люминесценция орталықтарының, сонымен бірге кристалдық торлардың қоздыру энергиясын жұтуы кезінде және энергияны люминесценция орталықтарына беру арқылы да жүзеге асуы мүмкін. Кристалл–фосфорлардың электрондары мен кемтіктерінің тікелей рекомбинациясы да жарқыраумен қабаттас өтеді. Мұның соңыра жарқырауы 10-9 секундтан бірнеше сағатқа дейін созылады.
Кристалл-фосфордың негізі сульфидтер, селенидтер және теллуридтер (Zn мен Сd), оксидтер (Са және Мn), т.б. болады.