КОТТОН – МУТОН ЭФФЕКТІСІ

КОТТОН – МУТОН ЭФФЕКТІСІ – магниттік өріске орналастырылған (жарық сәулеге перпендикуляр бағытта) изотропты затта сәуленің қосарланып сынуы. Мұны алғаш рет коллоидты ерітінділерде 1875 жылы шотланд физигі Джон Керр (1824 – 1907) және оған тәуелсіз 1901 жылы итальян физигі К.Майорана ашқан. Алайда оны жан-жақты зерттеген француз физиктері: 1907 жылы Эме Коттон (1869 – 1956) мен Э.Мутон. Коттон – Мутон эффектісін бақылау үшін магнит өрісі бағытымен 45° бұрыш жасайтын сызықты полярланған монохромат жарық күшті электрмагнит полюстерінің арасына орналасқан мөлдір заттың үлгісі арқылы өткізіледі. Молекулалардың ретсіз орналасуы жекелеген молекулалардың анизотропиялы болуына қарамастан сыртқы өрістің әсері болмайтын жағдайда макроскопиялық изотропты ортаны қамтамасыз етеді. Зат магнит өрісінде молекулалардың магниттік моменттерінің немесе молекулалардың біріктіру (агрегаттарының) бағыттары бойынша реттелуінің нәтижесінде анизотропты болады. Зат арқылы өтетін жарық сызықтық полярланған күйден эллипстік полярланған күйге ауысады, оның себебі жарық заттан өтуі кезінде екі сәулеге – әдеттегі және әдеттегідей емес сәулелерге ажырайды, олардың сыну көрсеткіштері (n0 және nе) әртүрлі болады. Әлгі сәулелер біріне-бірі өте жақын бұрышпен таралады (іс жүзінде олардың бағыттары бір-біріне үйлесетін болады). Сондықтан Коттон – Мутон эффектісін анықтау (табу) үшін жеткілікті күшті магнит өрісі қажет. Осы эффект – магниттік оптикалық эффектіге жатады. Коттон – Мутон эффектісінің теориясы Керр эффектісінің теориясына ұқсас. Әртүрлі заттардағы осы эффектіні зерттеу арқылы молекулалардың құрылымдары, молекулааралық агрегаттардың пайда болуын және молекулалардың қозғалғыштығын анықтауға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *