Ұлытау – Сарыарқаның оңтүстік батысындағы ұсақ шоқылы, аласа таулы жер. Орташа биік. 400-600 м., орта бөлігі 800-1000 м., ең биік тұсы 1134 м. Гранит жыныстарынан пайда болған тау. Етегіндегі жазықта қарағай және басқа ағаштар қалың өседі. Ұлытау – село, аудан орталығы. Елді мекен іргесі 1846 ж. станса ретінде қаланған.
Көне түркі жазба ескерткіштері сөздік қорында «ұлығ» тұлғалы сөздің «үлкен, ұлы, күшті биік, өте» іспеттес бірнеше мағыналары бар. Бұлардың қай-қайсысы болса да мына әңгіме болып отырған тау атауына сәйкес келмейді.
Ертедегі түркі тілдерінде бұл көрсетілген «ұлығ» сөзінен басқа «ұлық» дыбыстық құрамда айтылатын тұлға да бар. Оның беретін мағынасы; бірде – «шоқтық», кейде – «ескі, тозған». Осындағы «Ұлық»-тың бірінші мағынасы «тау» сөзімен тіркесіп, «Ұлық тау» болып, сол кездегі түсінігі «шоқтық тау» дегенді ұғындырып, бері келе, біріккен сөз кіріге келіп, «ұлытау» қалпында тұрақтауы нанбайтын нәрсе емес.
Ал монғолдарша – «илүү», қалмақ тілінде – «үлү» сияқты сөздер біздің тілімізде – «артық, жоғары» түсініктермен мәндес. Тегіс, жазық жер деңгейіне қарағанда, төбе, шоқылардың жоғары, артық болып көрінетінін ескерсек, «илүү» немесе «үлү» сөздері арқылы да «Ұлытау» атауы қалыптасуы шындыққа жуық.
Ең соңында, тунгус-маньчжур тобындағы тілдердің бірқатарында «ала» сөзінің қазақ тіліндегі – «аласа, төбе» мағыналары орнына жұмсалатындығын байқаймыз.
Қорыта айтсақ, «Ұлытау» атауы қазіргі түсінігіміздей «биік, үлкен тау» дегенді білдірмейді. Оның ертедегі тұлғасы «ұлық тау» немесе «ала тау» қалпында тіркесіп, тұңғыш мағынасы – «шоқтық тау», «аласа тау» сияқты ұғымға мегзеген. Келе-келе «ұлық тау» немесе «ала тау» дыбыстық өзгерістерге душар болуы нәтижесінде қазіргі кездегі – «Ұлытау» атауы пайда болған.