ҮЛКЕН ҮЙ
Түгіскен-Тоғызкент
Асқар таулардан басын алып қазақ даласын қақ жара ағар қай-қай өзеннің де сиыр құйымшақтанып барып, құм шабырларына тарамдалып сіңіп түгесілер, суын әбден сарқып түгіскен жері — Түгіскені болатыны анық. Еліміз аумағында сонымен байланысты жер атаулары да көптеп кездеседі. Мысалы, Сарысудың Түгіскені – Жаңарқаның Жеңісінде, Ақүйіктің Түгіскені – Жаңақорған жерінде (осында аса ірі «Түгіскен» кеншары да болды), Жемнің Түгіскені – Байғанин ауданының аумағында. Басқа да майда түгіскендер жетерлік. Ал Таластың , Асаның Түгіскенінде – осы аттас ауыл да бар еді. Сарысу ауданының құрамындағы бұл ауыл бүгінде «Тоғызкент» аталады. Ауыл атауының бұлайша өзгертілуін құптайтындар да бар, құптамайтын, оның тарихын бұрмалап сан-саққа жүгіртушілер де бар. Ал шын мәнінде, бұл маңның Түгіскен деп те, Тоғызкент деп те аталуына тарихи негіз жоқ емес. Олай болатыны…. Орта ғасырдың XI-XII жүзжылдықтарында оңтүстік өңірде, Дешті-Қыпшақ даласына әр, тірлігіне нәр берген атақты Інжу өзені (Сырдарияың көне атауы) Хорезм алабының да өн бойына қан жүгіртіп жатыпты… Осы Інжу өзенінің солтүстік шығысындағы кең жазық Түгіскен алқабы деп те аталған дейді көне көздер. Ондағы Жібек жолы, Хан жолы, Жау жолы бастары Түгіскенде түйіскен ірілі уақыты тоғыз қорған, кенттер болған. Олар атақты Отырар мен оның серіктері Жауһар, Бесік, Оқсыз, Балтакөл, Келінтөбе, Мейрамқала, Құмкент, Қарааспан кенттері еді. Замана зейілі, зұлматымен осы қорған – кенттер жермен жексен етілді. Біразының орнын табу да қиын бүгінде. Дегенмен, Түгіскен алқабында қазақтың айбынын асқақтатар тоғыз кенттің болғанына тақсыр тарихтың өзі куәгерлік те етеді. Тоғыз бірдей кентіміздің ескерткішіндей Түгіскен ауылы атауының Тоғызкентке өзгертілуі тарихқа соншалықты қиянат болмас.Атының онсыз да көп Түгіскендермен шатастырылмауына себі тиеді. Кеңестік кезеңде «Асыл тұқымды қой зауыты», қазір акционерлік қоғам мәртебесіне ие болып отырған Түгіскен – Тоғызкент ауылы нарыққа өтпелі кезеңнің аласапыранынан да іргесін қозғалтпады. Қазір де шаруалары шайқалмаған, туырлығы тұтас күйінде отыр. Күнкөріс көзі – қораларындағы малының тұқымын үзбеді. Қайта еселеп көбейтті. Қазір өріске әр ауладан жүздеп мал өреді. Ауыл бақуатты, тоқ пейілмен қарайды. Мұнда қазір де 3 мыңдай түтін бар. Партком хатшысы Оспан Тәттібаев, бас есепші Айдан Налеков, экономист Битан Тоқабаев, совхоз директоры Сейтжан Тасыбаев, бас агроном Жамат Төребеков, бас зоотехник Нұралы Мәдіомаров, бас веттехник Жолдыбай Ысқақов, бас инженер Сағымбек Байназаров, ұзақ жыл сауда саласында басшы қызметтерде болған Мырзаш (Мырзақожа) Жораев (ұлы Сағат Мырзашев бүгінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде факультет деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор), пошта бастығы Тазабек Майыров (оның ұлы Жансерік бүгінде осы акционерлік қоғамның президенті), кассир Қойлыбай Қалышев, мектеп шеберханасының меңгерушісі Шорабек Қалдыбеков (үлкен ұлы Рәпілбек Тараздағы ғылыми-жобалау институтының бас маманы, екінші ұлы өзінің орнын басты – мектепте еңбек пәнінің мұғалімі), Түгіскеннен шыққан 12 Еңбек Ерінің үлгі-ісін жасампаздықпен жаңғырта жалғастырған шопандар Ленин орденді Керімбай Мәжінов, Тұрар Сәдібаев, Назымбек Дүйсенов, Саттар Құрманқұлов, түйеші Сұлтан Сағымбеков, жылқышы Аманбек Сыпабеков, сондай-ақ жұмысшылар кооперациясының төрағасы болған Қыздарбек Көпбаев, Аптабек Ахметов басқа да көптеген ғұмыры ғибратқа толы ардақты асыл азаматтар бір кездері бұл ауылдың уығын шаншып, шаңырағын көтерісіп, әл-ауқатын түзеп беріп кеткен еді. Олар өздеріне сеніп тапсырылған істі майда-шүйде деп қарамай, жауапкершілікті сезіне арға адалдықпен еңбек қылды, ауылдың бірісін-екі етті, ортақ игілікті еселеп үстей берді. Мал басын 70 мыңға жеткізіп, Түгіскенді «құм ішіндегі қалашыққа» да айналдырды. Олардың ұрпақтары қазір де ауылдың көсегесін көгертіп отыр. Түгіскен тарихының бір иініндегі осынау бір өрлеу кезеңінің – ұлағат-өнеге уақытының көзі тірі куәгері, ардагер аға Сейтжан Тасыбаевтың айтары мол…. Ұзақ жылдар бойы Түгіскен орта мектебіне басшылық еткен, аймақтағы осы саланың ізашарларының бірі, орысша сауатты жан-жақты білімді ауыл зиялысы Әбдіғазит Жылқыайдаровтың ұрпақ тәрбиелеу ісінде қалдырған ізі, ұлағаты ересен еді. Оның алдын көрген шәкірттері Түгіскенді талай жерге танытты. Тұлғалардың бірін-бірі тануы өмірдің заңдылығы да ма екен. Әбекең де Айдакеңмен жан қиысар досы болды. Ойық руынан тарайтын совхоз парторогы болған Оспан Тәттібаев та осы естелік жазбамыздың қағаз бетіне түсірілуіне бірден-бір себепкер Айдаекеңнің сенімді достарының бірі еді. Әсіресе, Зәурекүл апаны «қарындасым» деп іш тартып, өле-өлгенше етене қарым-қатынаста болды. Әбдіғази, Оспан, Айдан, Битан аталардың төртеуі де үзеңгілес, қызметтес қана болып қоймай, отбасы-ошақ қасы тәрбиесін де үндестіріп, бірінің үлгісін біріне жұғысты етісіп, өнегелі өмір кешкен нар тұлғалар еді. Алатаудың алыстаған құрлы асқақтай түсетіні секілді олардың елге сіңірген еңбегі, өнеге тағылымы ешқашан ескірмек емес. Осекеңнің де, Биекеңнің де, Айдакеңнің де ұрпақтары өсіп-өнген, өркендеген әулеттерге де айналды бүгінде. Айдакең демекші…. Жазылар естелік – жазбамыздың негізгі тіні, өрмегі де осы кісінің – Түгіскен-Тоғызкент ауылының бір ардақты арысының өмір жолы, отбасы — ортасы ауқымында өрбімек…..
Баймаханбет Ахмет