Қазақ тіліндегі шақ категориясының зерттелу тарихы

 

Абеуова А.М. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
Жұман А.Қ. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Маясарова М.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
Қазақ тіліндегі шақ категориясының зерттелу тарихы

Қазақ тілі түркология ғылымында түрік туыстас тілдердің бірі ретінде ең алғаш Ильминский, Мелиоранский, Радлов сияқты орыс ғалымдарының жинаған материалдары арқылы XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап
белгілі бола бастады [1].
1875 жылы қазақ тілі грамматикасы орыс армиясының офицері Михаил
Терентьевтің авторлығымен жарыққа шыққан. Автор осы шақты екіге бөлген. Бірінші түріне әдетке айналған қимылды жатқызған. Мысалы: жазамын. Екінші түріне қазір болып жатқан іс-әрекетті жатқызған. Мысалы: айтып тұр. Өткен шақты шартты (жазсадым), баяғыда өткен щақ (жазып едім, жазыппын), өткен (оқыдым) деп үшке бөлген. Келер шақты екіге бөлген. Біріншісі осы шақтық көрсеткіш арқылы жасалған (жазармын). Екінші түрі өткен шақ көрсеткіші қосылу арқылы жасалған (жазсам, оқысақ) [2]. Терентьевтің зерттеуіне тоқталсақ, осы шақтағы форма келер шақта да қолданылатынын ескермеген.
1894 жылы П.М. Мелиоранский еңбегінде автор өткен шақты беске бөледі. Атап айтсақ: 1. Өткен бірінші шақ (бардым, алдың). 2. Өткен аяқталған шақ (барыппын, алыпсың). 3. Өткен хабарлы шақ (барып едім). 4. Өткен екінші аяқталған шақ (барғанмын). 5. Баяғыда өткен шақ (барған едім). Келер шақты автор ежелгі келер шақ (барғаймын) және келер шақ (барармын) деп бөледі. Осы шақты автор үшке бөлген. Шартты осы шақ (барсам, барсам екен), осы келер шақ (барамын), осы өткен шақ (барғанмын) [3]. Айта кететін жайт, ежелгі келер шақ деген форма бұйрық рай формасына сәйкес келеді. Сонымен қатар, өткен аяқталған шақ айғақ өнді өткен шақ (Жұбанов Қ, Қордабаев Т.Р) формасына сай. Формасы: етістік + (-ып,-іп,-п)+жіктік жалғауы. Өткен бірінші шақ жедел өткен шақ формасына сай. Формасы: етістік + (-ды, -ді, -ты, -ті) + жіктік жалғау. Өткен хабарлы шақ қатысты өткен шақ (И.Е.Маманов)
формасына сай. Формасы: Етістік + (-ып, -іп, -ған, -ген, -қан. -кен) +еді+жіктік жалғауы. Баяғыда өткен шақ түрі айғақ баяғылық (Жұбанов Қ) формасына сай. Формасы: етістік + (-ған, -ген, -қан, -кен)+еді +жіктік жалғауы. Осы өткен шақ бұрынғы өткен шаққа сай. Осы келер шақ ауыспалы осы шаққа сай.
Қазақ тілі грамматикасы жайлы жазған тағы бір автор В.В.Катаринский болды. Автор өткен шақты қазіргі өткен шақ (әлі аяқталмаған істі білдіреді, алып едім, оқып едік), тұрақты немесе дағдылы өткен шақ (жазушы едім, алатын едің), баяғыда өткен шақ (жазғанмын, жазған едім), белгісіз өткен шақ (алыппын, алыпсың) деп бөледі [4]. Жазушы Балақаев М, Сауранбаев Т, И.Е.Маманов сияқты өткен шақты дағдылы өткен шаққа бөлген. Формасы: етістік + (-атын, -етін, — итын, + итін) +еді+жіктік жалғауы. Сонымен қатар, автордың қазіргі өткен шақ (әлі аяқталмаған істі білдіреді) И.Е.Маманов жіктеген қатысты өткен шағына (сөйлеу кезінен бұрын болып өткен іс, қимылдың екінші бір өткен қимылмен ұштасып, соған байланысты өткендігін, немесе белгілі бір мезгіл ішінде өткендігін көрсетеді) сай келеді. Формасы: Етістік + (-ып, -іп, -ған, -ген, -қан, -кен) +еді+жіктік жалғауы. Белгісіз өткен щақ формасы Т.Р.Қордабаевтың айғақсыз өткен шақ (іс –әрекет болған уақытта айтушы өзі болмайды, оны басқа біреулердің айтуы бойынша біледі) фомасына сай келеді. Мысалы: Қайырбек бұл кітапты кітапханадан алыпты.
Н.Сазантов өзінің 1912 жылы Тащкентте басылып шыққан «Записки по грамматике киргиского языка» атты еңбегінде осы шақ жатыр көмекшесімен жасалады деп, — отыр,– тұр, — жүр көмекшілері жайлы жазылмаған. Өткен шақ болса, автор тек өткен шақ I (жаздым, жаздың), өткен шақ II (жазыппын, жазыпсың), өткен шақ III (жазып едім, жазып едің) деп үшке бөлген [5]. Жоғарыдағы бірінші форма жедел өткен шаққа, екінші форма айғақ өнді өткен шаққа, үшінші форма қатысты өткен щаққа сай келеді.
Г.В.Архангельский болса, өткен шақты нақты (алдым, алдың), хабарлы (көріппін, көріпсің), бұрынғы деп үшке бөлген. Бұрынғы өткен шақ I (айтқан едім), бұрынғы өткен шақ II (айтып едің, айтып едім), баяғыда өткен шақ (айтушы едім) [6]. Нақты өткен шақ жедел өткен шаққа, хабарлы өткен шақ айғақ өнді өткен шақ формасына сай. . Бұрынғы өткен шақ I және бұрынғы өткен шақ II қатысты өткен шаққа, баяғыда өткен шақ формасы дағдылы өткен шақ формасына сай.
С.Аманжолов «Қазақ тілі грамматикасы» атты еңбегінде осы шақты нақтылы (оқып отыр, тұр, жатыр, жүр), ауыспалы (келесің, келемін) деп екіге бөледі. Келер щақты автор ауыспалы (жазамын), болжалды (жазармын), міндетті (жазбақпын). Өткен шақты жеделді (айттым), ауыспалы (айтатынмын), бұрынғы (айтқанмын) [7]. Мұндағы міндетті келер щақ қазіргі таңда мақсатты келер шақпен өзгертілген.
Сонымен , шақ категориясының бірнеше түрлері берілген. Әр ғалым шақтарға бөлгенде өз ұстамдары бойынша бөлген. Аттары шақ болғанмен көптеген шақтардың мағынасы шақтарды көрсетпейді. Бұдан біз ертеде шақ категориясы қазіргі беріліп отырған жеті шақтан артық болғанын көріп отырмыз.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Т.Р.Қордабаев Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктердің шақ категориясы. Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы. Алматы – 1953.
2. Михаил Терентьев. Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская, Санк-Петербург, 1875 г.
3. П.М. Мелиоранский, краткая грамматика казак-киргизского языка, ч. I, 1894 г.
4. В.В. Катаринский, грамматика киргизского языка. Фонетика, этимология и синтаксис, Оренбург, 1897.
5. Н.Сазантов, «Записки по грамматике киргиского языка». Ташкент, 1912г.
6. Г.В.Архангельский, Грамматика казахского языка, Ташкент,1927 г.
7. Аманжолов С., Қазақ тілі грамматикасы (I – бөлім. Морфология).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *