Эргонимия

 Қала көшелері бойында қатар түзген атаулар әлеміне, яғни эргонимдерге (эргоним – «іс, қызмет, еңбек» және «есім, ат, атау» мәніндегі грек сөздерінен қалыптасқан термин. Адамдардың біріккен ісінің, соның ішінде ұйымның, мекеменің, қоғамның, үйірменің т.т. жалқы есімі) /3; 166/ назар салып көрейікші: «Соната», «Достық», «Чау-чау», «Ласточка», «Натали», «Нигора», «Sell», «Аймар», «Аида», «Афина», «Қараша», «Чародейка», «Спутник», «Валентина», «Талаж», «Визитка» т.т. Бәрі де әсем, жап-жақсы атаулар. Қаламыздың ономастикалық жүйесінен жалқы есімдерден қалыптасқан атауларды (әсіресе, кісі есімдерінен), денотатқа байланысты атауларды, белгілі бір оқиға-жайтқа байланысты қойылған атауларды т.т. кездестіреміз. Әрбір атау өзінің негізгі «атауыштық» қызметін мүлтіксіз атқарып та тұрған сияқты. Дегенмен, атаулардың атауыштық қызметінен басқа ақпараттық, танымдық, тәрбиелік қызметтерді де атқара алатынын ескергеніміз жөн болатындай. Мәселен, жергілікті жерден хабардар етерліктей, «Аягөз», «Марқакөл», «Мұзтау», «Жеменей», «Толағай» сынды атаулар тұрса, бөгде адамдар үшін ол танымдық қызмет атқарса, облыс тұрғындары үшін туған өлкеге деген ықылас, пейілдерін арттыра түспей ме? «Баян сұлу», «Ақжүніс» «Кенжекей» сияқты қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқалары кейіпкерлерінің есімдері эргонимдер құрамынан табылса нұр үстіне нұр болар еді. Балаларға арналған дүкендер мен дәмханаларда «Тәй-тәй», «Қонжық», «Балапан», «Құлыншақ», «Қошақан», «Ботақан», «Торғай» атаулары бүлдіршіндердің сөздік қорын байыта түсері анық. Ал мекеме, ұйым, қоғам, кәсіпорындардың жарнамаларындағы тұнып тұрған қателер – шешімін таппаған басы ашық мәселелердің бірі. Мәселен, Ленин даңғылы бойындағы жарнамалар мен хабарламалардан төмендегідей қателеріне куә боламыз: косұылмен, фотоүлдірлерін шығару (Ленин даңғылы №2), кұжаттық сүрет, жедел сүрет, көркем сүрет (Ленин даңғылы №6), балалар киімінін салоны, айрбастау келісімін ресімдеу (Ленин даңғылы №12), тұскағаздар (Ленин даңғылы №14), дукен (Ленин даңғылы №18,20), аяқ қиімдер, балаарбалары, аяк киім (Ленин даңғылы №36) т.т. Стильдік, орфографиялық қателер мен орысша және қазақша жазулардың екі түрлі шрифтермен рәсімделуі жарнамалардың төмен деңгейінің көрсеткіші емес пе?! Сонда бұл біздің тұрғындардың, қоғамымыздың мемлекеттік тілге, мемлекетке деген құрметінің, патриоттық рухының деңгейі ме? Біздің қаламызда мұндай хабарламалардың «сорақы» түрлерін көзбен көріп қана қоймай, құлақпен есту мүмкіндігіне ие бола аларыңыз хақ.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1) Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер.- Алматы, 1965 -142 бет.
2) Мәдиева Г., Иманбердиева С. Ономастика: зерттеу мәселелері.– Астана, 2005.- 240 бет.
3) Мадиева Г. Теория и практика ономастики. – Алматы, 2003.- 152 стр.
4) Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. – Астана, 2006.- 400 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *