
Онимдік жүйе, онимдік негіздердің семантикасы, кірме атаулар
Дәрістің мақсаты: Жалқы есімдердің теориялық мәселелері, семантикасы мен қызметі және ономастикалық лексикография мәселелері жайында мәлімет беру.
Дәрістің қысқаша мазмұны. Тілдегі жалпы есімдерден өзіндік ерекше табиғатымен дараланатын жалқы есімдерді қарастыратын ономастика ғылымының зерттеушілер тарапынан айрықша көңіл бөлініп, күні бүгінге дейін нақты шешімін таппай, әлі де зерделей түсуді талап етіп отырған күрделі мәселелерінің бірі – онимдер семантикасы болып табылады. Жалқы есімдердің семантикалық мәселелері жайлы жазылған еңбектер қаншалықты мол десек те, әлі де нақты анықталмаған даулы тақырыптар қатарынан саналатынын жоққа шығара алмаймыз. Авторлардың аталған бағытта жазылған туындыларын барлай қарасақ, «жалқы есімдердің мағынасы», «семантикасы», «лексикалық мағынасы», «лексика-семантикасы», кей жағдайларда «атаулар уәжі» мен «жалқы есімдердегі ақпарат», тіпті «онимдер этимологиясы» терминдері, анықтамалары мен түсініктері бірінің орнына бірі жұмсалып, семантика мәселесінің төңірегіндегі әр түрлі кереғар ой-тұжырымдардың туындауына себеп болған.
Ономаст ғалымдардың жалқы есімдердің семантикасы жайлы жазылған пікірлері мен ойларына шолу жасап көрейік. Зерттеушілер тарапынан оңды қабылданып келген ономастиканың теориясы мен әдістемесі жайлы еңбектің авторлары 1970-жылдардың өзінде сөз мағынасының күрделі құрылым екендігін ескере келе, жалқы есімдердің апеллятив-негіздерінің семантикасын – атаулардың жасалуына негіз болған тілдік бірліктердің лексикалық мағынасы деп таныған. Ономаст А.В.Суперанская атаулар семантикасын олардың таңбалық табиғатымен байланысты мәні, мағынасы тұрғысынан қарастырған, әрі атаулар семантикасы құрамына экстралингвистикалық ақпараттың, адамның референтке қатысын анықтайтын объективті, субъективті, әлеуметтік факторлар мен эмоциясы да енетіндігін атап көрсетеді.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1) Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер.- Алматы, 1965 -142 бет.
2) Мәдиева Г., Иманбердиева С. Ономастика: зерттеу мәселелері.– Астана, 2005.- 240 бет.
3) Мадиева Г. Теория и практика ономастики. – Алматы, 2003.- 152 стр.
4) Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. – Астана, 2006.- 400 бет.
5) Қазақ ономастикасының өзекті мәселелері. Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары.- Астана: Ақжол-баспа, 2004.- 224 бет.