КЕРНЕУЛІК – физикалық кейбір өрістің негізгі немесе қосалқы сипаттамасы.
Гравитациялық өрістің кернеулігі – гравитациялық өрістің берілген нүктесіне орналастырылған материалдық нүктеге әсер етуші күштердің осы нүктенің массасына қатынасымен анықталатын сипаттамасы.
Магнит өрісінің кернеулігі – магнит өрісінің тұйық контур бойынша айналысы (циркуляциясы) контурды тесіп өтетін тек өткізгіштік токтың алгебралық қосындысымен анықталатын қосалқы сипаттамасы.
Электр өрісінің кернеулігі – электр өрісінің берілген нүктесіне орналастырылған қозғалмайтын электр зарядына әсер ететін күштің осы заряд шамасына қатынасымен анықталатын сипаттамасы.