Бейресми антропонимдер
Дәрістің мақсаты: Бейресми антропонимдердің тілдік сипаты жайында білім жүйесін қалыптастыру.
Антропонимдер қоғамдағы жеке тұлғаны даралау мақсатында қолданысқа келген, өзіндік күрделі және ұзақ қалыптасу үрдісін өткерген сөздер. Бейресми антропонимдерді лақап есімдер және бүркеншік есімдерге жіктеп қарастырамыз. Көне түркілік, ескі түркілік антропонимдерде кісі есімдерімен қатар, олардың қай жердің тұрғыны екенін, қай рудан шыққандығын білдіретін сөздер болған. Мысалы: Әбу-Насыр әл Фараби – Фарабтан, Жүсіп Баласағұни – Баласағұннан, Махмұт Қашқари – Қашқар мекенінен, Мұхаммад Хайдар Дулати – Дулат руынан, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри – Жалайыр руынан шыққан. Сондай-ақ, түркілік антропонимдер төмендегідей құрылыммен де жасалып отырған: Бұрхан ад-Дин Ахмад бин Аби Хафз бин Йусуф әл-Фараби. Мұнда Бұрхан ад-Дин Ахмад – есімі, Аби Хафз — әкесінің аты, Йусуф – атасының аты, Фараб – тұрған қаласы. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ресми құжаттарда қазақтардың аты-жөндері «есімі — әкесінің аты» құрылымымен жазылған. 1930 жылдары кеңес өкіметі кезінде қазақ азаматтарына жаппай паспорт беру науқанында фамилия иемденуге мәжбүр етіп, орыс фамилиясы үлгісімен –ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -ина қосымшаларын қосып жаздырды. Сол кезеңде көптеген сауатты адамдар әке аттарына –ович, -евич, -овна, -евна қосымшаларын таңып алды. 1991 жылдан, еліміз тәуелсіздік туын көтерген уақыттан бастап қазақ халқының тарихи қалыптасқан үлгілерімен аты-жөндерін жазу үрдісі бой алды.