Арғанаты – тау, Ұлытау ауд., Қарағанды обл. Атаудың шығу төркінін талдаған ғалымдар халық этимологиясындағы: 1) «арғын ата»; 2) «арыған ат» сияқты болжамдарды көрсетеді де, ғылыми этимология бойынша: «монғол тілі негізіндегі арга // аргалын тұлғасына түркі тілінің ты (ту<ту<тау) морфемасының қосылуы нәтижесінде жасалған «арқартау» мағынасындағы атау» ретінде пайымдайды (Қойшыбаев, 1985, 50). Бұл пікір бұдан он жыл бұрын айтылған А.Әбдірахмановтың ой толғамын қайталау сияқты. Онда: «Атаудың түбірі «арғана» көне алтай заманында «арқар», «тау ешкі» ұғымын білдіріп, кейін монғол тілінде «арғал», ал түркі тілдеріне «арқар» түріне көшсе керек. Ал –ты жұрнағы – осы заттың бар екендігін білдіретін, Алматы, Бұғыты, Ырғайты тәрізді атауларда сақталған туынды сын есім жасайтын көне жұрнақ», – деген еді (Әбдірахманов, 1975, 64). Тау аты арқар сөзімен байланысты да болуы мүмкін. Бірақта тау атының, оның табиғи құбылысына, көрік-кескініне де байланысты аталуы жиі кездесетін жайт екенін ескеру қажет сияқты. Мәселен, Алатау, Қаратау. Атаудың «арған» сыңарының түп төркіні – «арқа». Оның тура мағынасы – «ту сырт, арқа» болса, географиялық термин ретінде түркі тілдерінде: арга, арқа, аркан тұлғаларында келіп, бірнеше мағнаны білдіретінін көреміз. Мысалы: тува, хакас тілд-де: арга – «тау орманы», «тайга», «көлбей созылған қыр, қырат, жота», алт. арка – «тау етегі», «орманның терістік жағы», ноғай, құмықша арка – «қорған», «шың», «таудың ұшар басы», «тау тізбегі», «таулар», башқ. арка – «тау жалы», «биіктік», эвен. аркан – «арқа», «иін».
Бұл дәлелдерге сүйенгенімізде, «Арғанаты» атауының бірінші сыңарындағы арған (аркан. арқа) сөзін «тау қыраттары, сілемі, тізбегі» деген мағыналы сөз деп білеміз, ал екінші құрамындағы ат тұлғасын көне түркі – алтай дәуіріне тән көптік жалғау көрсеткіші деудің реті бар. Ол жалғауды Арқат, Дарат, Нурат және Дулат, Керейіт тәрізді жер-су, ру аттары құрамынан көреміз. Ал атау соңындағы ы – кейінгі кезеңдерде қосылған қосымша.
Демек, «Арғанаты» атауы «бір-бірімен жалғасқан тау тізбектері, қырат-жоталар, тау сілемдері» деген мағынаға жуық.